ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕР

Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысаны салынды. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі техно-логиялармен жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары бой көтерді. Үш ауысыммен оқытылатын мектеп азайды. Мұның бәрі әлеуметтік салаға баса назар аударылып келе жатқанының айғағы. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың 14-сессиясында денсаулық сақтау, білім беру салалары жұмыстың басты бағыттары болып қала беретінін айтып өтті.
Денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер жыл санап жақсарып келеді. Қан айналымы жүйесінің және аса қатерлі жаңа өскіндер сырқатынан орын алатын және туберкулез ауруынан туындайтын өлім көрсеткіштері азайған. Әсіресе, сәбилер өлімі өткен жылмен салыстырғанда 47 пайыз төмен. Тіпті, жыл басынан бері ана өлімі орын алмаған. Мамандандырылған медициналық көмекті дамыту шеңберінде №3 қалалық емханасында амбулаторлық хирургияның қалалық орталығы ашылды. Сондай-ақ, облыстық медицина орталығында «Диабет орталығы» жұмыс жасайды.
Аудандарға да ерекше назар аударылып отыр. Қазалы мен Аралда 150 орындық орталық аудандық аурухана құрылысы жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың тамыз айында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің арқасында Қызылорда қаласында ауысымына 400 келушіге арналған емхана жұмыс істей бастайды.
Негізінен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде құны 20 млрд теңгеден асатын 21 жоба жүзеге асуда. Бұл саланың жұмысын әрі қарай жандандыру үшін облыстағы денсаулық сақтау объектілерін жаңғыртудың 2017-2019 жылдарға арналған жоспары әзірленді. Осы жоспардың аясында құны 38,2 млрд теңгені құрайтын 79 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл ретте құны 21,5 млрд теңге тұратын 76 нысан жеке инвестициялар мен жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен салынбақшы.
Білім саласында да құрылыс жұмыстары толастаған емес. Ағымдағы жылдың мамыр айында 9 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылы қарсаңында 3 білім ошағы есігін айқара ашып, оқушыларды қуанышқа кенелтеді деп күтілуде. Осымен аймақтағы апатты жағдайдағы мектептердің мәселесіне нүкте қойылады. Айта кетейік, бұл саладағы құрылыстар дағдарыс және бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігі кезеңінде басталған болатын. Сонда да кездескен қиындықтарға қарамастан, қаншама игілікті жұмыстар жасалды.
Қазір білім беру сапасын арттыру бойынша тиімді жұмыс атқарылуда.
Өткен жылы мектеп бітірушілердің 95 пайызы жоғары оқу орны мен колледжге оқуға түсті. Соңғы үш жылда мектеп бітірушілер ең үздік отандық, ресейлік жоғары және арнаулы орта оқу орындарына мақсатты түрде оқуға жіберілуде. Бүгінгі таңда, 400-ге жуық түлек Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында білім алуда. Олар сол мемлекеттің білім гранты есебінен оқып жатқанын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, әлеуметтік жағынан аз қамтылған негізінен ауыл отбасыларынан шыққан 500-ге тарта жас облыс әкімінің гранты бойынша білім алуда.
Биылғы жылы да жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсетін түлектеріміз көп болады деп сенім артылуда. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша орташа балл 82,4 пайызды көрсетті. Мектеп бітірушілердің 20 пайызы 100-ден жоғары балл жинаған. Соңғы жылдарда ҰБТ-ның ең үздік көрсеткіші бойынша облыс республикада алдыңғы бестіктен көрініп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың қыркүйек айынан бастап тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы іске қосылады.
Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында қыруар жұмыс атқарылған. Ең бастысы, өскелең ұрпақтың келешегін кемелдендіру мақсатында осы екі мәселе өте өзекті.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 тамыз 2017 г. 548 0