Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың бірінші оқу ғимаратында «Серпін» бағдарламасымен оқуға түсуші түлектерден құжат қабылдау шарасы өткізілді.
Осыдан үш жыл бұрын қабылданған «Серпін» мемлекеттік әлеуметтік бағдарламасымен бүгінде көптеген қызылордалық жас білім алуда. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақ жастарын еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Аталған жобаға Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облысының жастары қатыса алады. Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуден жоғары ұпай жинауы қажет. Ал таңдау пәнінен жоғары ұпай жинау – қойылатын негізгі талаптың бірі. Колледжге түсу үшін бұл шарт маңызды емес. Сондай-ақ, бағдарламада жоғары оқу орнына түсе алмаған, оқу бітіргеніне бірнеше жыл болған, грант иегері атана алмаған түлектерге емтихан тапсыру арқылы түсуге мүмкіндік бар.
Қазіргі таңда еліміз бойынша «Серпін-2050» бағдарламасымен білім алып жатқан 12 мың студенттің 31 пайызын қызылордалық жастар құрайды. Жыл өткен сайын жоба аясы кеңейіп, білім грантының саны артуда. Студенттердің барлығы жатақханамен және де арнайы шәкіртақымен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан оқуды тәмамдаған жастарға тұрақты жұмыс орны мен баспана алуға мүмкіндік беріледі.
Баяғдарлама аясында оқуымды жетілдіремін деген жастарға мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, 3-6 ай аралығында Қытайда, 200-ге жуық шетелдік оқу орнында тәжірибе алмасып, шеберлігін арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында меморандумға қол қойылып, келісімшарт жасалған.
Қазіргі таңдағы еліміз бойынша «Серпін-2050» бағдарламасымен білім алып жатқан студенттерінің басым бөлігін қызылордалықтар құрайды. Былтыр жоба аясында 125 студент колледж бітіріп, оның 69-ы жұмысқа орналасып, қалғаны оқуын одан әрі жалғастыруды көздеуде.
Алғашқы серпіндік студент, яғни 1978 маман келер жылы оқуын аяқтайды деп жоспарлануда. Биыл да бұл бағдараламамен білім алушылар саны артып отыр.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.