ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБА

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында жаһандану дәуіріндегі ел болашағының ерекше басымдықтарын атап көрсетіп, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу жолында аса ауқымды міндеттерді алға тартады. Ұлттық сана туралы өзінің толғанысында Елбасы «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп бара жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүние танымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземіз теңеліп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» – дейді.
Рас, кейде келмеске кеткен кеңес өкіметін көксеп, қоғамға кейістік білдіріп жатамыз. Ондағы айтпағымыз, өкімет «жұмысымызды сайлап, тұрмысымызды жайлап» қойса деген көзсіз қиял. Алайда бүгінгі қоғам бұл бұйымтайымызға келіспейді. Нарық талабына бейімделіп, кәсіпке ден қойып, қалай болғанда тірліктің тінін тауып еңбек еткен жөн. Елбасының айтып отырған таптаурын қағидаларының бірі осы масылдық сана болса керек...
Бұл орайда Мемлекет басшысы бүгінгі қоғамда табысқа жетіп, толыққанды өмір сүру үшін бәсекелестік қабілетті арттыру қажеттігін айтады. Мәселен, жаһандық нарықта бағасы немесе сапасы өзгелерден озық дүние ғана өз мақсатына сай қолданысқа ие болады. Қоғамның игіліне қызмет етеді. Десек те, бәсекеге лайық дүние тек материалдық өніммен ғана өтелмейді, сондықтан сапалы білім, таңдаулы қызмет, табысты еңбек ресурстары арқылы да алға шығуға ұмтылыс қажет. Бір сөзбен айтқанда, жаңа дәуірдің жаңалықтарын бойға сіңіре отырып, рухани маңызын талдап, таразылай білуге тиіспіз.
Рухани сананы жаңғыртуға байланысты табанды талап қойып, тұжырымын ортаға салған Елбасы «Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдықта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді» деген болжамын алға тартады. Сол себепті заман көшінен қалмай, жастардың жан-жақты білім алуға ұмтылысы қажет екенін айтып, «табысты болудың басты факторы – білім» деп ойын түйіндейді. Бұл орайда мақалада білімнің салтанат құруына басымдық берілу қажеттігі айтылған. Бүгінгі ұрпақтың әлемдік стандарттарға сай білім алуына қолайлы жағдай жасап, олардың өмір талабына бейімділігін қалыптастыру – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Олай болса, Тәуелсіздік жылдарынан бері еліміздің білім жүйесі түбегейлі жаңғырды деуге толық негіз бар. Себебі, осы мақалада аталып өткендей, қазіргі таңда біздің еліміз білім саласына бөлінетін бюджет шығыстары жөнінен әлемдегі ең алдыңғы елдердің санатында тұр. Әрине, сала жұмысын дамы-туда қабылданып жатқан бағдарламалардың артықшылығы басымдау болғанымен, кемшілігі де бар екенін жасырмауымыз қажет. Бұған қатысты Мемлекет басшысы өз тарапынан әркез тиісті бағасын беріп келеді.
Елбасының дәстүрлі Жолдауында атап көрсетілгендей, қазіргі таңда Қазақстанның үшінші жаңғыруын қамтамасыз ету бағытында сан-салалы жұмыстар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Соның бір айғағы, білім саласында бәсекелестікке бейім-делген сапалы деңгейдегі жаңа мамандарды дайындау қажеттігі туындады. Бұл орайда барлық мамандықтар бойынша студенттердің қоғамдық және гуманитарлық білім алу барысында заманауи процестерді терең түсініп, сананы жаңғырту қағидаларының басты дәріптеушісі бола білуі тиіс.
Мемлекет басшысының мақаласында атап көрсетілгендей, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасын жүзеге асырудың түпкі нәтижесі еліміздің барлық жоғары оқу орындарында гуманитарлық ғылым кафедраларын қайта құрып, аталған ғылымды жаңа деңгейге көшіру мақсатын көздейді. Сондай-ақ, гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік 100 кітап қазақ тіліне аударылып, әлемдік деңгейдегі ғылыми теорияларды танып, білуге мүмкіндіктер жасалатын болады.
Білім саласында оқулықпен бірге аударма жобаларын дайындау – әлемде кең тараған тәжірибе. Қазіргі таңда бұл тәжірибе бойынша біздің елімізде де бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтар болсақ, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 2011 жылы Жоғары оқу орындарының ассоциациясы тарапынан жүзеге асырылған жоба аясында оқулықтарды қазақ тіліне аудару жұмысы басталды. Осы жоба негізінде 2012 жылы нанотехнология, биотехнология, минералогия, ақпараттық жүйелер, дизайн және архитектура, философия, музыка сияқты мамандықтар бойынша 19 000-ға жуық шетелдік оқулықтар мемлекеттік тілде басылып шықты. Олардың барлығы Республикалық «Оқулық» ғылыми-тәжірибелік орталығында сараптамадан өтіп, қолданысқа енгізілді. Ал 2018 жылдан бастап әлемдегі оқулықтардың ең үздік үлгілерінен таңдап алынған оқулықтарды аудару жұмысы басталады. Бұл жобаны жүзеге асыратын Ұлттық аударма бюросы мемлекеттік және коммерциялық емес орталық буын болып табылады. Ол екі кезең шеңберінде қызмет атқарады, бірінші кезеңде шетелдік дерек көздерін қазақ тіліне аударуды ұйымдастыру және жүзеге асыру болса, екінші кезеңде қазақ тіліндегі аудармалармен қатар, мемлекеттік тілдегі материалдарды басқа да тілдерге аудару қызметін атқарады. Айта кетейік, жоба аясында аудармаларды латын графикасы негізінде жүзеге асыру бағытында қажетті шаралар қолға алынып жатыр.
Қазақ тілін латын жазуына көшіру мәселесі бұдан бірнеше жыл бұрын көтерілген еді. Дегенмен, біршама уақыттың сынынан өткен бұл бастаманы іс жүзіне асырудың сәті енді келген сияқты. Сала мамандарының сараптауынан өткен тіл мәселесі халықтың тарапынан да кең қолдау тапты. Өйткені латын графикасына көшудің басты себебі – әлемнің жаһандану процесіне ұмтылып, жаңа технологияның тілін терең меңгеру болып табылады. Сонымен бірге, ғалымдар таза лингвистикалық сипатта латын қарпіне көшу қазақ тілін дамытуға жаңа серпін беретінін алға тартады.
Елбасы өз мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» - деп айрықша атап көрсетті. Олай болса, білімнің салтанат құруы – ұлт болашағына бағытталған ұлы жоба екені даусыз.
Ғазиза ӘБІЛДА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 тамыз 2017 г. 586 0