ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрме аясында Румынияның Ұлттық күні атап өтілді. Іс-шараға Румынияның Сыртқы істер министрі Теодор Мелешкану, Парламент депутаттар Палатасы төрағасының орынбасары Флорин Иордаке, Румыния павильонының комиссары Михаил Дору Дедиу және Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты.
Румынияның Сыртқы істер министрі Теодор Мелешкану өз сөзінде ЭКСПО-2017 көрмесі адамзат қол жеткізген технологиялық даму деңгейінің көрінісі болып табылатындығын атап өтті.
– Болашақ энергиясы ЭКСПО-2017 көрмесі экономикалық ынтымақтастығымыздың жаңа деңгейге көшуіне серпін беретіндігіне кәміл сенемін. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ шағын және орта кәсіпорындарды қоса алғанда экономика субъектілерін біріктіру салаларында, – деді Теодор Мелешкану.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ЭКСПО-2017 көрме тақырыбының және Румынияның аталған көрмеге қатысуының маңыздылығын атап өтті.
– Румыния көрмеде баламалы және таза энергия саласындағы прогрестің нышаны болып табылатын жарық энергиясы концептін ұсынды. Бүгін тарихы бай және мәдени мұрасы тамаша мемлекетпен танысу мүмкіндігі туындап отыр», – деп атап өтті Д.Абаев.
Ұлттық күннің мәдени бағдарламасы жанды дауыс және би қойылымдарын қамтыды. Сондай-ақ, іс-шараға арнайы шақырылған қонақ флейташы, музыкант, суретші, ақын, сондай-ақ, Франция, Бельгия, Люксембург серісі атағының иегері – Георге Замфир өз орындауымен көрермендерді қуантты. Әлем сахнасында 50 жыл аралығында өнер көрсетіп келе жатқан ең танымал пан-флейтист көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтары «The Lonely Shepherd» туындысын орындаушы Георге Замфирді сахнадан құрметпен шығарып салды.
Сонымен қатар, Румыния халық билерін орындаған «Дакия» Румыния мәдениет ассоциациясы өнер көрсетті. Ресми делегация мәдени бағдарламадан кейін Румыния павильонына жол тартты.
Үстіміздегі жылы Қазақстан мен Румыния дипломатиялық қарым-қатынастары орнатылуының 25 жылдығын атап өтеді.