ЖАЗҒЫ ТЫНЫҒУҒА ЖОЛДАМА

«Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасының аясында өңірдің бір топ мүмкіндігі шектеулі баласына жазғы демалыс лагеріне жолдама берілді.
Партия филиалының ғимаратында өткен шараға облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, облыстық мәслихат депутаттары Райкүл Байназарова, Жорабек Нұрымбетов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Ерташова қатысты.
Игілікті шараны ашқан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы стратегиялық бағдарламасы шеңберінде жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, «Бақытты балалық шақ», «Сәтті қадам», «Ардагерлерді ардақтайық» секілді партиялық жобалардың өз мақсатына сай қоғамда маңызды бастамаларға қозғау салып отырғанына тоқталды.
– Аталған жобалардың бірі «Кедергісіз келешек», оның негізгі бағыты – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартып, олардың алдында тұрған әлеуметтік мәселелердің оң шешіліп, қолдау табуына жәрдемдесу. Осы орайда облыс бойынша 125 мүмкіндігі шектеулі балаға облыс аумағындағы тынығу лагеріне бір ауысым демалып қайтуға жолдама беріліп отыр. Мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, балаларымыздың өнерде, спорт саласында жеткен жетістіктері мол. Сондықтан алдағы уақытта да оларға деген қамқорлығымыз жалғасын таба бермек, – деді бірінші орынбасар.
Ал, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Райкүл Мансұрқызы қуаныштан жүздері жайнаған балаларға ізгі тілегін арнады.
– Партияның саяси доктринасына сәйкес әлеуметтік қызметтерге, өмірдің тиісті жоғары стандарттарына барлық азаматтың қол жетімділігі тең болуы тиіс. Бұл мемлекеттің, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі арқылы қамтамасыз етілуі тиіс. Осы шара соның бір айғағы болып отыр, – деді ол.
Аталған шараның шарапатын сезінген бүлдіршіндердің бірі – Элеонора Алдашова, сондай-ақ, ата-аналар атынан Гүлдерай Қожағалиева партияға алғыстарын білдірді.
Ғазиза ӘБІЛДА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 шілде 2017 г. 573 0