Өзге өңірлер секілді Арал ауданында да көрікті құрылыстар көптеп бой көтеруде. Оған ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында бірқатар жұмыстардың атқарылғаны дәлел. Олардың қатарында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы Арал қаласындағы 300 орындық № 14 мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстары басталғанын атап өтсек болады. Жобаның сметалық құны 802 млн теңгені құрайды.
Арал аудандық орталық аурухана құрылысын жүргізуге де биыл қаржы қаралған еді. Жеңімпаз мердігер «Абусер» ЖШС болып танылған құрылыста еңбек ырғағы қалыпты жүруде. Ал Сексеуіл кентіндегі учаскелік полиция бөлімшесі ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңына дейін толық орындалып, тапсырысқа беріледі деп жоспарлануда. Оған қоса осы кентте спорттық сауықтыру кешені салынып жатыр. Салауаттылық салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға үлесін қосады деп межеленген бұл нысан да алдағы жылы пайдалануға беріледі.
Сапасы жоғары ауыз судың күнделікті тіршілікте қаншалықты маңызды екенін айтып жату артық шығар. Бұл тұрғыда теңіз төскейінде игілікті істер қолға алынуда. Ауданға қарасты Күнту стансасы мен Бөген, Аманөткел, Қамыстыбас, Аралқұм, Шижаға елді мекендерін сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстарының жүргізілуі тұрғындарды қуанышқа кенелтті. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қайтарымды қаражат есебінен ауыз сумен қамтуға қомақты қаржы бөлініп, жеңімпаз мердігерлер анықталып, құрылысы басталып та кетті. Сексеуіл кентінде ішкі су жүйелерін жаңғырту және кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның мердігері – «Ка Строй LTD». Сондай-ақ, өткен жылдан биылға өтпелі болған Көктем, Үкілісай, Ерімбетжаға, Аққұлақ, Ескіұра, Құланды елді мекендерінде балабақшасымен қоса салынған 50 орындық мектеп құрылысы жұмыстары жалғасын тапқан еді. Осының ішінен Көктем, Үкілісай, Ескіұра мектептері облыс әкімінің қатысуымен соңғы қоңырау соғу сәтінде салтанатты жағдайда ашылды. Мұның өзі ел ертеңі өскелең ұрпақтың білікті де парасатты әрі тағылымды болып қалыптасуы үшін жасалынып жатқан қамқорлық екені даусыз.
Аудандық құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Арал қаласындағы №1 шағын ауданының электрмен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстарына респуб¬ликалық бюджеттен 171459 мың теңге қаржы бөлінген-ді. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жеңімпаз мердігер болып «ҚЭТТК» АҚ анықталды. Бүгінгі таңда 324 бағана орнатылды.
Ағымдағы жылы автомобиль жолдары бойынша аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен қомақты қаражат қаралды. Оның ішінде аудандық маңызы бар бірнеше елді мекеннің кіреберіс жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізулуде. Сондай-ақ, Қызылжар елді мекенінің кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеудің ІІ кезеңін мемлекеттік сатып алу веб-порталына жариялау үшін құжаттары дайындалуда. Оған қоса «Самара-Шымкент-Сексеуіл», «Қосжар елді мекеніне кіреберіс», «Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» автожолдары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, «Тәуелсіздік» алаңы жанындағы жол тегістелген. Бұл тұрғыда ауданда тындырылған өзге де толымды тірліктер баршылық.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.