АУЫЛ 3000 ТОННА БАҚША ӨНІМІН САУДАЛАДЫ

Биылғы ауылшарушылық жылы Жайылма ауылы үшін сәтімен жалғасқан секілді. Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев аталған ауылдың негізгі өнімі бақша-көкөніс дақылдарын дер кезінде  саудалауына баса назар аударып, қолайлы жағдайлар жасауда. Осы орайда кент ішінен Жайылманың қауын-қарбызын сатуға арнайы сауда қатары ашылса, Қызылорда қаласынан да осы ауыл аттас базарда сауда қызу жүрді. Ал біздің көргеніміз, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы жақын елді мекен  тұсында жылдағыдай сауда қатары қаз-қатар қонақтап, өткен-кеткен жолаушылардың сұраныстарын өтеуде. Мұнда ауыл диқандары күнделікті өнімдерін саудаға шығарып, несібесін теруде.  
– Базарлы орынға осы жерді белгі¬легенбіз, мұнда әр шаруа қожалықтарының өкілдері және жеке кісілер үлкен жол бойында тиімді сауда жасауда. Өйткені, ауыл диқандарының еккен бақша-көкөніс  өнімдері жеткілікті. Атап айтар болсақ, биылғы жылы  жалпы егіс көлемі барлығы 425 гектар болса, әр шаруа қожалығы өз жағдайларына қарай түрлі дақылдарды орналастырды. Егіншіліктің көзін білетін шаруалары бар «Жиделі» шаруа қожалығы – 90, «Шоқмазар»   шаруа қожалығы – 74, «Өтеш» шаруа қожалығы 42 гектар жерге бақша дақылын ексе, басқалары да ізденіп еңбек ету үстінде, – дейді ауыл әкімі Талғат Зейдалиев бізбен әңгімесінде.
Жайылмалықтар қарбызын жылда сәтті саудалау арқылы әлеуметтік жағдайларын біршама көтеріп алады. Міне, осы жетістік оларға тың тәсілдерді де игеруге мүмкіндік беруде. Мысалы, ауыл диқандарының  бақша дақылын ерте пісірудің әдістерін дамытып, көшеттеп егу тәсілдерін қолға алуы жақсы нәтиже беріп келеді. Олардың көктемгі сәуір айынан бастап көшеттеп отырғызған қарбыз дақылдары биылғы маусым айының 20 жұлдызынан бастап өнім бере бастады. Бақша дақылын саудаға ерте шығару ақшаның көзі, шаруа пайдаға кенеледі. Мәселен, өз бақша өнімін сыртқы саудаға алғашқылардың бірі «Өтеш» шаруа қожалығының мүшесі Қазыбек  Кекілбаев  еді. Ол 30 тонна қарбызын Қостанай қаласына жіберіп, жақсы саудалады. Сол секілді «Шоқмазар» шаруа қожалығының белді мүшесі  Сейілбек Өксікбаев 60 тонна қарбызын Қызылорда қаласының тұрғындарына сатса, «Жиделі» шаруа қожалығының мүшесі Абдіжәлел Нышанбаев 60 тонна бақша өнімін  Ресейдің Челябі қаласына жөнелтіп үлгерді. Ауыл тұрғындары Абай Көрпебаев, Тілеубай Ақпанбетов өздерінің сапалы өнімдерімен Арал ауданының тұрғындарын нәрлендіріп оралды. Өзінің де, серіктерінің де көңілі көтеріңкі, енді қалған дақылдарын тиімді саудалау жолдарын қарастырып отыр.
Ауыл әкімінің соңғы есебіне көз жібертсек, бүгінгі таңда Астана қаласы ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне Жайылма ауылдық округінен  60 тонна бақша өнімі жіберілсе, Қостанай қаласына 1500 тонна бақша өнімі сатылды.Қы¬зылорда қаласына – 500, Арал қаласына – 200, Жаңақорған, Шиелі ауданы тұрғындарына ойдағыдай бағамен 300 тонна бақша өнімдері сатылды. Жал¬пы¬сын қосқанда, 3000 тонна бақша өнімінен Жаңа-қорғанның Жайылма ауылына кіріс кіріп отыр. «Еңбек етсең, емерсің» деген осы.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Жаңақорған ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 шілде 2017 г. 565 0