«СЫР СҰЛУЫ» СОРТЫ ТӨЗІМДІ

Сыр өңірінің қатаң климатына төзімді жаңа күріш сұрыптары көбейіп келеді. Бұған Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты мамандарының қосып отырған үлесі қомақты. Олар шетелдің элиталы тұқымдарын нарықтан ығыстыратын «Сыр сұлуы» сұрыпын көбейтуге күш салуда.
Бір кездері «Сыр өңіріне не егуге болады?» деген əңгіме өрбіген көрінеді. Бидай еккісі келгендер де табылыпты. Сонда ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев «Бұл жер сұр топырақ, сондықтан күріштен қолайлы дақыл жоқ» деп айтқан деседі. Қазақстанды осы дақылмен қамтамасыз етіп отырған Қызылорданы көпшілік бүгінде Сыр салысымен таниды. Дəнді дақылымыз өзге өңірлерден бөлек шетелге де сатылады. Соңғы жылдары осы салаға көп көңіл бөлінуде. Соның нəтижесінде диқандар соңғы 4 жыл қатарынан рекордтық өнім алды. Бірнеше елдермен байланыс жасалды. Жаңа технологияларды игеруде Ресейдің Краснодар өлкесімен келісім жүргізіліп, тәжірибелер алмасуда.
Қай саланы болмасын ғылыммен байланыстыра алмасаң, көштің соңында қаласың. Бұл күріш шаруашылығына да қатысты. Ғылым мен өндірісті ұштастырып отырған Краснодар өлкесі əр гектардан 70 центнерден өнім алады. Дегенмен, ол жердің климаты егінге, шаруашылыққа қолайлы екенін естен шығармаған жөн. Ал аптап ыстық пен аңызақ желдің өтіндегі Сыр өңірі табиғаттың қолайсыздығына қарамастан, егіннің көлемін арттыруға күш салып отыр. Жыл сайын жаңа сорттар мен технологиялар енгізуде ғылыми ізденістер жасалуда.
Жаңа сорттар жайында институттың күріш селекциясы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкерлерімен ой бөлістік. – Біздің мақсатымыз – осы өңірге бейімді, жоғары өнімді күріш сорттарын шығару. Ол үшін селекция жұмысын жүргіземіз. Негізгі жұмыс – будандастыру кезінде не аталығынан, не аналығынан осы өңірге бейімдісін таңдап аламыз. Қазір осында күріштің 1000-нан астам түрі бар. Одан соң күріштің отаны болған Түркия, Филиппин немесе Ресей секілді елдерден будандастыруға дақыл таңдалады. Осылайша одан əрі ғылыми жұмыстар жүргізіледі, – дейді ғалымдар.
Осындай ғылыми жұмыс¬тардың нəтижесінде келген сорттардың бірі – «Ақмаржан» сорты. Сонау 1987 жылы енгізілген сорт бүгінге дейін егіліп келе жатыр. Мыңдаған дақылдың ішінен таңдалып алынған бұл түрдің əлі егілуінің себебі – осы өңірге бейімділігінде, көп жағдайды талап етпейтіндігінде. Тіпті, бір кездердегі экономикалық құлдырау кезінде, қаржы жоқ қиын заманда ешқандай тыңайтқышсыз шығып, халықты асыраған. Кей кездері бұл тұқым құрып бітті деген əңгімені естіп жатамыз. Алайда, институт ғалымдары аталған сорт əлі де өз бағасын жоймайтынын айтады. Тек шаруашылықтар еккен дақылының негізгілерін іріктеп алуы керек. Сосын түйежоңышқа мен арпаның өнімділігін арттыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Институттың тәжірибелік алқабында түйежоңышқаның жаңа сорты сыналып жатыр. Сыр өңірінің ауа райына бейім бұл тұқымға «Алаула» деген ат берілген. Адам бойынан да биік өскен бұршақтұқымдастың қасиеті мол.
Қазір бəсекелестіктің заманы. Тұтынушының талабына сай өнім шығару – бүгінгі күннің қажеттілігі. Егер сұранысқа жауап бере алсаң, тауар өтімді болмақ. Бүгінгі күні күріштің қандай түріне сұраныс көп? Тұтынушы базарға келгенде алдымен күріш түріне қарайды. Көбіне тауарлық белгісі – жылтырлығына мəн береді. Одан кейін оның ұзынша болғанын қалайды. Соған сəйкес ғылыми-зерттеу институты да осындай сорттар дайындауға жұмыс жасап келеді. Соңғы шығарылған «Сыр сұлуы» сорты осы талаптарға сай келеді. Ал егу технологиясына келсек, Сыр өңірінде суға бастырып егу тəсілі жүргізіледі.
– Түйежоңышқаның көбісінде кумарин деген зат болады. Сол кумарин орып болғаннан кейін дұрыс өңделмесе, дукимаролға айналады. Ол – улы зат. Ал мынада ондай жоқ, сосын мұны мал жақсы жейді. Ал «Сыр сұлуы» деп аталған күріштің жаңа сорты көп ұзамай Қызылорданың брэндіне айналуы ғажап емес. Ыстық әрі құрғақ ауа райына бейімделген бұл сұрыптың әр гектарынан 90 центнерге дейін өнім алуға болады. «Өнімділігі элиталы тұқымдардан кем түспейді және тауарлық сапасы өте жақсы. Дәні – ұзын әрі шынылығы жоғары», дейді – Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ ғылыми қызметкері Өмірзақ Аймұхамедов.
Күріштің құрғақ жерде өсуі тіршілік нәрін үнемдеуден бөлек, селекциялық зерттеулерге де айтарлықтай қолайлы болып тұр. Әдетте институттың ғылыми қызметкерлері шыжыған шілдеде тізеден су кешіп жүріп, будандастыру жолымен жоғары сұрып алу жолында тер төгетін. Енді бұл қиындықтар да артта қалды.
– 2020 жылға қарай Қызылорда облысында егілетін күріш көлемінің 50 пайызын өзіміздің Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тұқымдарымен егетін боламыз. Біз оған уәде береміз. Қазір көбіне «Лидер», «Янтарь», «Титанға» көңіл бөліп жатыр. Олардың барлығы – Ресейдің сорттары. Сондықтан отандық ғалымдар топырағы сортаң келетін Сыр өңірінде тамшылатып суару тәсілінің ақ күрішті көбейтуге септігі мол екенін алға тартып отыр, – деді Ы.Жақаев атындағы ҚКШ ҒЗИ директорының орынбасары Әсет Тоқтамысов.
Дегенмен, соңғы уақытта ғылыми-зерттеу институтына келетін жас мамандар аз. Тіпті, жоқтың қасы десе де болады. Келгенімен, көп тұрақтамай жатады. Оған себеп, əлеуметтік жағдай, қаржының аздығы. Бүгінгідей заманда жастар көп ақша табатын жұмысты қалайды. Сондықтан болашақ ғалымдар дайындауға осы кезден күш салған жөн секілді. Себебі, қазір күрішке тек ас ретінде қарайтын заман емес. Оның басқа да қасиеттерін ашып, өндірістің басқа салаларында пайдалану қажет. Мысалы, шетелде күріштің сыртқы майын алу үшін озық технология ойлап тапқан. Алынған майды машина жөндеу саласында қолданып жүр. Сонымен бірге, сабақтарын нығыздап, отын ретінде пайдалану, түрлі бұйымдар жасау жолын ретке қойған. Ал біздің елде əзірше бұл кенже қалып тұр.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 шілде 2017 г. 834 0