СӘУЛЕЛІ, ШҰҒЫЛАЛЫ СОЛ ЖАҒАЛАУ

Қазір Қызылордада ерекше көз тартарлық ғимараттар көптеп салынуда. Тіпті, қазір бұл аймақты алып құрылыс алаңы деуге де болады. Әсіресе, Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтеріп жатқан нысандар туралы көпшілік жиі айтып жүр. Сол маңдағы құрылыс жұмыстарымен танысу мақсатымен аталған аймаққа біз де  барып қайттық.
Дарияның арғы бетінде мүлдем басқа өмір сияқты. Көпірден өткеннен құрылыс алаңына енесің. Көкке қарай мойнын созған крандар мұнда көпқабатты биік ғимараттардың салынатынын айтып тұрғандай әсер қалдырады. Ал, майтопырақтың шаңын бұрқырата құрылыс материалдарын тасып жүрген жүк көліктері теңізде жүзіп жүрген кеме іспетті. Аспаннан сәулеленіп түскен күн нұры айналаға шұғылаланып тарауда. Мына көріністен біз құдды бір тіршілігі енді басталатын қаланың тынысын көргендей болдық.
Сол жағалауда құрылыс жұмыстары ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Мұнда тұрғын үй, балабақша секілді әртүрлі ғимараттар салынуда. Құрылыспен айналысып жатқан мекеменің бірі – «Сәт-Сервис» ЖШС. Роза Иманова басқаратын серіктестік 40 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Ол жерден бізді Талғат Уәлшеров есімді  құрылыс алаңының бастығы күтіп алды. Ол алдымен бой көтеретін нысан туралы айтып,  сызба бойынша түсіндірді.
– Негізгі мамандығым – инженер-құрылысшы. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері осы салада еңбек етіп келемін. Қазір құрылыс алаңының басында қырықтан аса тас қалаушы, сондай-ақ, кран, трактор, жүк көлігін жүргізуші мамандар жұмыс жасауда. Басқа да әртүрлі қызметті атқаратын жұмысшылар бар. Барлығы өз ісіне мығым. Олар өз істерін жақсы біледі. Әсіресе, Ержан Бақытов, Жандос Оразымбетов, Жасұлан Нұрмағанбетов Кәрім Асқаров сияқты құрылысшыларды көпке үлгі етуге болады – деді Т.Уәлшеров.
Құрылыс ала¬ңы¬ның басшысымен сөй¬лескеннен кейін жұ¬мыс¬шыларды әңгімеге тарттық. Көпқабатты тұр¬ғын үйдің кірпішін қалаушы Тынымбай Әбілханов: «Өздеріңіз көргендей, кірпіш өрумен айналысамын. Жұмыс та тоқтаусыз жүруде. Арасында әртүрлі қызметтерді атқаратын кез болады. Кранға жүк ілуге де көмектесеміз» – деді бізбен әңгімесінде.
Бұдан кейін 320 орындық балабақша салып жатқан «Абу-Сер» ЖШС-ның құрылыс аймағында болдық. Ибрагим Абубакиров басқаратын мекеме жұмысшылары қызу еңбек үстінде. Бірі кірпіш қаласа, енді бірі соған қажетті лайды дайындауда. Бұл жерде трактор да, жүк көлігі де үздіксіз қозғалыста. Соған қарап шопырлардың да жұмысы қауырт екенін аңғардық. Біз Айбол Әбілдаев атты кран жүргізушісімен әңгімелестік.
– Қаламызды көркейту үшін шамамыздың келгенінше үлес қосатыныма қуанамын. Мұндағы ұжым да, жұмыс та жақсы. Қай жұмысты атқарсақ та, ауызбіршілікте боламыз. Өйткені, ынтымақтың табысқа бастайтынын жақсы түсінеміз, – деді ол ағынан жарылып.
Бір жерде арматураны тоқып, монолитті бетондау жұмыстары жүрсе, тағы бір жерде жаңа нысанның іргетасы қалануда. Мұндай орындардың бірі – «Қазқұрылыс сервис» ЖШС салып жатқан көпқабатты тұрғын үй. Бұл серіктестіктің де жай-күйімен танысу үшін  арнайы ат басын бұрдық. Нысан басында құрылыс алаңының прорабы Райбек Нұрмаханов бар екен. Ол өздері салып жатқан 38 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй туралы айтып өтті.
– Мекемені Руслан Сейітмұратов басқарады. Бүгінде негізгі іргетасы қаланып бітті. Барлық жұмыстар өз уақытында атқарылуда. Ендігі кезекте кірпішін қалауға әзірленіп жатырмыз, – деді Р.Нұрмаханов.
Сол жағалауда бұдан да басқа іргелі құрылыстар салынуда. Барлық жұмыс осы қарқынмен жүретін болса, бұл аумақты сәулелі, шұғылалы сол жағалау деп атаймыз әлі. Оған қала тұрғындары да құрылысшылар да сенеді. Елордаға қарап бой түзеген қаламыз көркейе берсін деген ниетпен құрылысшылармен қоштастық.  
Азиз БАТЫРБЕКОВ. Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).  
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 шілде 2017 г. 1 840 0