Бүгін «Сыр бойы газетінде «Қазақ¬стандағы 100 жаңа есім» жобасы аясында жаңа айдарды бастап отырмыз. Онда Тәуелсіз Қазақстанның дамуына, еліміздің атын шығаруға лайықты үлесін қоса білген, әр салада еңбек етіп жүрген сырбойылық азаматтар туралы айтатын боламыз.
Жақында Аккредиттеу жəне рейтингтің тəуелсіз агенттігі қазақстандық жоғары оқу орындарының үздік 50 оқытушысын жария етті. Елімізде жоғары оқу орындары жеткілікті. Ендеше мыңдаған адам арасынан осы топтан орын алған ұстаздың айтарлықтай жетістіктері болуы шарт. Біз әңгіме еткелі отырған жан «ТОП-50» қатарына Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен енген үш оқытушының бірі – «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, «Экология жəне химиялық технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Аппазов Нұрбол Орынбасарұлы. Биыл 35 жасқа келіп отырған ұстаз-ғалымның еңбек жолына, жеткен жетістіктеріне қарап, үздік атағына лайық екенін еріксіз мойындайсыз.
Нұрбол жастайынан дәрігер-хирург болуды армандаған еді. Әйтсе де, 1998 жылы Жосалы кентіндегі №121 мектепті бітірген ұлын ата-анасы сол кездегі қиын кезеңнің салдарынан Алматыға оқуға жіберуге мүмкіндігі болмады. Әке-шешесінің жағдайына түсіністікпен қараған мектеп түлегі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Жаратылыстану факультетіне химия мамандығы бойынша оқуға түсті. Оны үздік дипломмен бітірген Нұрбол мұнан соң университеттің химиялық технология мамандығы бойынша магистратурасына түсіп, оны да үздік аяқтады. «Болашақ» мектеп-лицейінде химия пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастаған жас маман бұдан соңғы жұмысын «Марсель Петролеум», «Достық-Ойл ЛТД» мұнай компанияларында химик-лаборант ретінде жалғастырды. Содан кейін өзі бітірген жоғары оқу орнына оқытушы болып ауысты.
Қазіргі жастар бір қызметпен шектеліп қалмай, басқа жұмысты да қатар алып жүруге дағдыланған. Кейіпкеріміз Алматы қаласындағы Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында еңбек еткен үш жыл уақыт ішінде осылай ерекшеленді. Ғылыми институтта қызмет ете жүріп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Жаңа химиялық технологиялар мен материалдар ғылыми-зерттеу институты» ЕМК-да кіші ғылыми қызметкер, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында оқытушы, «Кока-Кола Алматы Ботлерс» компаниясында химик болып қосымша жұмыс істеді. Осылайша бай тәжірибе жинақтап, оны ғылыми ізденістерінде кәдеге жарата білді.
Нұрбол алғашқы ғылыми зерттеуін Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспиранты болып жүрген кезеңде қолға алды. 2004-2006 жылдар аралығында жаңа заттарды химиялық синтездеу бағытында зерттеулер жүргізіп, бактерияға, зең саңырауқұлақтарына қарсы жоғары белсенділігі бар қосылыс алуға қол жеткізе алды. Аспирантурада оқып жүріп ашқан жаңалықтары үшін үш патент алды, жиырма шақты ғылыми мақала жариялады. Осындай нәтижеге қол жеткізуге жол көрсеткен, бағыт-бағдар берген өзінің ғылыми жетекшілері, химия ғылымдарының докторлары, профессорлар Хаким Суербаев пен Болат Жиенбаевқа алғысы шексіз. Солардың жетекшілігімен 2009 жылы Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында химия ғылымдарының кандидаты дәрежесін сәтті қорғай білді.
Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша 2008 жылы еліміздің университеттерінде ұлттық жəне инженерлік бейіндегі зертханалар ашыла бастады. Нұрбол 2009 жылы кандидаттық қорғағаннан кейін өзі оқыған универститетке келіп, жаңадан ашылған зертханада ғылыми қызметкер болып жұмысын бастады. Ол келген кезде мұндағы қондырғылардың бір-екеуі ғана жұмыс істейтін. Зерттеу жұмыстарын оларсыз атқару мүмкін емес. Жас ғалым белсене іске кірісіп, барлық он қондырғыны іске қосып шықты.
Ғалымның зерттеулері әр ба¬ғытта, десе де, басым бөлігі мұнай құрамындағы көмірсутектерге, оның ішінде ароматты көмірсутекке қатысты. Бұлар улы канцерогенді заттар, адамды ісік дертіне ұшыратуы мүмкін. Қазір Еуроодақ талабы бойынша мұнай өнімдері құрамында оларды азайту бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Бензин жанғанда бұл қосылыстар толық жанып кетпей, улы қосылыстарға айналып, ауаға бөлінеді. Оларды мұнай құрамынан алғанмен де, басқа жаққа пайдалану керек. Қызылордалық ғалым жанармайдан шығатын улы заттардан репеллент, ароматизаторлар жəне бактерицидтер алудың тәсілін ұсынды. Мысалы, олардан алынған органикалық қышқыл заттар консерванттар ретінде тамақтардың ұзақ сақталуына әсер етеді. Альдегидтер мен күрделі эфирлер сабын, иіссу, тəтті сусындар құрамына енетін хош иіс беретін жəне қышыма ауруын емдейтін заттар болып табылады. Алынған заттар, репелленттер, яғни шыбын-шіркейді қуатын заттар ретінде қолданыс табады. Келесі бір бағыт, сол ароматты көмірсутектерді гидр¬леу арқылы зиянсыз нафтендер деген қосылыстарға айналдырды. Сонда олар жанған кезде зиянсыз заттар түзіледі, бензин құрамында бола береді, бірақ зиянсыз. Тағы бір бағыт – карбонилдеу. Мұнайды өңдеу кезінде алкендер деген заттар түзеледі. Оларды мұнай өңдеу зауыттарында өртеп жіберіп жатады. Жылу-электр станцияларында көмір жанған кезде көп мөлшерде иіс газы – көміртек моноксиді бөлінеді. Сол иіс газымен әрекеттестіру арқылы көкірің бактериясы, алтын стафиллококк, ішек таяқшасы секілді бактерияларға қарсы белсенділік көрсететін, соларды өлтіретін антибактериалды қосылыстар алды. Одан бөлек жоба бойынша фосфорорганикалық қосылыстарды синтездеу бойынша картоп, жуа, қияр, қызылша өнімділігін арттыратын өсімдік өсуін реттегіш қосылыстар алуға қол жеткізді. Айта кету керек, бұл жұмыстардың нәтижелі болуына ғалымның зерттеу жүргізетін реакторды құрастырып шығуының көп көмегі болды. Мұнаймен ластанған топырақты қалпына келтіру бойынша да жұмыстар жүргізіп, мұнай қалдықтарын тазартатын мекеменің полигонында сынақтар өткізуде. Ресей ғалымдарымен бірігіп көмірсутектерді ыдыратып жіберетін бактериялар көмегімен мұнаймен ластанған топырақтарды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда.
Жантақ шөбі құрамында адамның қартаю процесін бәсеңдететін антиоксидант көп болады. Сырбойылық ғалымдар жүргізген зерттеулер нәтижесінде жантақтың құрамынан алынған флавоноидтар қазіргі атеросклерозға қарсы қолданылып жүрген дәрілермен салыстырғанда жоғары тиімділігін көрсетті. Оны Ресейде сынақтан өткізді, ресейлік ғалымдар тышқандарды атеросклерозбен ауыртып, бұрынғы дәрілермен салыстырып зерттеулер жүргізді. Сонда біздің ғалымдардың жантақ құрамынан алған флавониоидтар қоспасы жоғары тиімділігін көрсетті. Бұрын қолданылып жүрген дәрінің 1мг/л көлемінің орнына жаңа заттың 0,7 мг/л қолданса, жеткілікті екенін ресейлік ғалымдар Мәскеу түбіндегі Пущино қаласындағы ғылыми-зерттеу институтында анықтап берді. Осылайша Нұрбол Аппазов ордабұзар шағында жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нəтижесі бойынша отыз шақты патент авторы атанды.
Нұрбол Қорқыт ата атындағы ҚМУ базасында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен жүргі¬зілетін ғылыми жобаларға жетекші, жауапты орындаушы ретінде қатысып келеді. Шетелдік жоғары импакт-факторлы және Қазақстанның ғылыми басылымдарында 70-ке жуық мақала, халықаралық және республикалық конференциялардың 70 шақты материалдары мен тезистері, ҚР инновациялық және өнертабыс патенттерінің, ЖОО студенттеріне арналған 4 оқу құралы, 2 монографиялар түріндегі 170-ке жуық ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы.
Кейіпкеріміз 2010-2012 жылдары талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның, 2012 жылы Қызылорда облысы «Жас ғалым» номинациясының, 2013 жылы Қызылорда облысы әкімі стипендиясының, 2014 жылы Ресей Жаратылыстану Академиясының өнертапқыштықты дамытқаны үшін А.Нобель атындағы медалінің, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2016» атағының иегері. Сондай-ақ, Ресей Жаратылыстану Академиясының профессор ретінде мүшесі.
Жоғарыда келтірген жетістіктер Н.Аппазов пен зертхана ұжымы еңбегінің бір бөлігі ғана. Жақында Ресейдің Санкт-Петербург, Дубна, Қазан, Новосибирск қалаларындағы университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарында және Португалиядағы Лиссабон жаңа университетінде тəжірибе алмасып келген Нұрбол тағы да тың идеяларды жүзеге асыруды жос¬парлауда. Қоштасар сәтте біз оған сәттілік тіледік.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.