Өткен айда Қорқыт ата мемориалды кешенінде ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында Этноауыл ашылып, киелі Қармақшы топырағына табан тіреген меймандар қазақтың ұлттық дәстүр көріністеріне куә болуда. Ашық аспан астында тігілген ақшаңқан киіз үйлерде Қызылорданың үздік қолөнершілері мен зергерлерінің таңғажайып туындыларымен танысып, олардың жүн, былғары, киіз, мүйіз және сүйектен жасалған бұйымдарын сатып ала алады.
Үш тілде емін-еркін сөйлеп, осында келушілер саяхатшыларға қызмет етіп жүрген Айнұр Ердәулеттің айтуынша, бүгінгі күнге дейін этноауылда 12 мемлекеттен көптеген туристер келген. Олардың арасында Еуропадан келетіндердің қарасы қалың. Мәселен, жақында ғана нидерландылық ғарышкерлер қонақта болды. Сондай-ақ, мұнан өзге Болгария, Франция, Германия және Жапониядан да келушілер бар.
Біз этноауылға барған кезде Болгарияның астанасы София қаласынан келген Кирил Александров есімді турист қызымен бірге қазақ елінен алған тамаша әсерлерімен бөлісті. Саяхатшыға мұнда Қорқыт бабамыз туралы аңыз бен оның қобызы ерекше ұнаған. Қазақстанға екінші рет ат басын тіреген азаматтың шағын ғана ағаштан жасалған қобызды естелікке сатып алғаны көңілімізге қуаныш ұялатты.
Бейсенбі күні Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне келген Германия Федеративтік Республикасының Бундестаг депутаты Филипп Ленгсфель, Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қоры директорының орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Әмірхан Кеншимов Қорқыт ата мемориалды кешеніндегі этноауылда болды.
Мәртебелі меймандар алдымен халықаралық көрменің туристік бағытына енген Қорқыт Ата мемориалдық кешенін аралап көріп, оң бағасын берді.
Этноауылға табан тіреген Еуропа елінің өкілі жағалай тігілген киіз үйлердегі қолөнер бұйымдарын көріп, түрлі ұлттық ойындарды тамашалады. «Хан ордасы» киіз үйінде болған құрметті қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, домбырамен шырқалған халық әнін тыңдады.
– Этноауылдан көшпелі халықтың ұлттық ойындарынан бастап, ерте заманда тұтынған заттарын көрдім. Маған барлық салт-дәстүрлері мен зергерлер, қолөнершілер жасаған бұйымдар қатты ұнады. Менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Алайда Қармақшы ауданына алғаш рет аяқ басып отырмын. Осының алдында Арал қаласында да болып, сол өңірдің қазіргі жағдайын өз көзіммен көріп келдім. Жалпы Қазақстан өзіме жақсы әсер қалдырды, – деді Бундестаг депутаты Филипп Ленгсфель.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ. Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).
Қармақшы ауданы.