МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ БАҚЫЛАУ

Облыс әкімдігінде бюджеттік кодекс, бухгалтерлік және қаржылық есептілік пен мемлекеттік сатып алу заңнамаларын кеңінен талқылаған дөңгелек үстел өткізілді. Оған білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандары қатысты.
Жиынды облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының міндетін атқарушы Марат Егембердиев жүргізді. Күн тәртібіне сәйкес аталған департаменттің талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің бас маманы Айнұр Әлиева баяндама жасап, жарты жылда атқарылған аудиторлық іс-шаралардың нәтижесімен таныстырды. Мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 34 мемлекеттік мекеме мен кәсіпорынға тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 45 тұлға тәртіптік, 11 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, 3 аудит материалдары құқық қорғау органдарына жолданған.
Жалпы, көптеген мекемелерде кездесетін заңнама бұзушылықтардың қатарына бюджет қаражатын негізсіз жоспарлауды жатқызады. Сонымен қатар, бекітілген нормативтен жоғары шығындардың жоспарланып жұмсалуы, келісім-шарт міндеттемелерінің орындалмауы, мемлекеттік сатып алу заңнамаларының сақталмауы, негізгі қорлар мен материалдық құндылықтардың бухгалтерлік есеп бойынша кіріске алынбауы және осы құндылықтарға амортизацияның дұрыс есептелмеуі, бухгалтерлік есеп бойынша дебиторлық және кредиторлық қарыздарды көрсетпеу бұрмаланған бухгалтерлік есеп жасау болып табылады. Осы ретте аталған бұзушылықтарға жол берілуі салдарынан бюджет қаржысының тиімсіз, мақсатсыз жұмсалуына әкеп соғуы мүмкін екенін айта кеткен жөн. Ал, бюджет қаржысын талан-таражға салуға болмайтыны бесенеден белгілі.
Ішкі аудит жұмысында камералдық бақылау жүргізу де үлкен маңызға ие. Департаменттің мемлекеттік сатып алудың аудиті бөлімінің бас маманы – мемлекеттік аудитор Мұрат Есенбаев жасаған баяндамасында камералдық бақылауға жан-жақты тоқталды. Ол Қаржы министрі бұйрығымен бекітілген камералдық бақылау жүргізу қағидаларына сәйкес есепті кезеңде 21086 лотқа бақылау жасалғанын атап өтті. Соның ішінде 1260 лот бойынша мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзушылықтар анықталған.
Камералдық бақылау барысында мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде әлеуетті өнім берушілерге тең мүмкіндіктер бермеуге алып келетін негізгі бұзушылықтар анықталған. Олар артық талаптар қою, тауарлар, жұмыстар және қызметтер көрсету үшін заңда көзделмеген лицензиялар мен рұқсат құжаттар талап ету, жұмыс тәжірибесі бөлігінде мемлекеттік сатып алу заңнамасында қаралмаған біліктілік талаптарды қою түрінде көрініс берген. Осыған орай, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңға сәйкес мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыларға камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде хабарламалар жолданған.
Дөңгелек үстел барысында осындай мәліметтер алға тартылып, биылғы жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру үстінде екені айтылды. Жиынды қорытындылаған облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының міндетін атқарушы Марат Егембердиев мемлекеттік аудиттің мақсатына жан-жақты тоқталды.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 шілде 2017 г. 710 0