Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтіп, онда Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Марат Ойнаров, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова және Ұлттық сараптама орталығы Қызылорда облыстық филиалының директоры Фарида Қалиева Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидахуалы және аурудың алдын алу шаралары туралы айтты.
Мамандардың айтуынша аймақта Қырым қанды қызбасының эпидемиологиялық және эпизоотологиялық ахуалы тұрақсыз болып қалыптасуда. Үстіміздегі жылы кене шағу жағдайлары бойынша 1201 адам медициналық көмекке жүгінген, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға немесе 100 жағдайға төмен. Алайда 22 адам КҚГҚ-ға күдікті ретінде ауруханаға жатқызылған, оның ішінде 2 науқастың диагнозы зертханалық жолмен нақтылынып, біреуі қайтыс болған.
–Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы көктем-жаз маусымына тән, сол себепті эпидмаусым жалғасуда, яғни, кенелердің белсенділігі артуда. Жыл басында иксод кенелерінің сандық көрсеткіші және олардың белсенділігі артуы мүмкін деп жасалған болжам нақтыланғандай, өйткені қоралар мен мал басының кенелеуіне тұрғындардан түскен арыз-шағымдар азаймай отыр. Табиғи ошақты зерттеу мақсатында ағымдағы жылы зертханалық тексеруге 37509 кене жиналып, соның 1190-ы оң нәтижелі болды,– дейді Ұ.Аханаева.
Аурудың алдын алу шаралары ауқымды түрде атқарылуда. Бұл орайда облыстық ветеринария басқармасы тарапынан үстіміздегі жылы індет ошағы болып тіркелген 117 елді мекендегі мал басы мен қора жайлардың аумағына залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілген. Сонымен бірге уақ мал басын кенеге қарсы ванналарда тоғыту жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша 88 мал тоғыту ваннасы бар.
Осы орайда мамандар тұрғындарды кенеден барынша сақ болуға шақырды. Егер кене жабысқан жағдайда оны жалаң қолмен ұстамай, қысқашпен немесе резеңке қолғаппен еппен алу керектігін және дереу дәрігерге қаралауды ескертеді.
Айнұр СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.