ЭКСПО-2017: БЕДЕЛДІ ШАРА БЕЛ ОРТАҒА ЖЕТТІ

Елімізде өтіп жатқан айтулы шара – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басталғанына, Ұлы даланың ұлан-ғайыр шараға ұйытқы болып, ойдағыдай ұйымдастырып отырғанына бүгін – тура бір жарым-ай. Шүкір, қазақ дегеніне жетіп, бұл мәртебені де межеледік. Үш айға жоспарланған көрменің нағыз бел ортасына жеттік. Шыны керек, басында күпті болған көңілдер қазір сабасына түсті, талайды тамсандырып, мерейіміз өсті. Астананың абыройы асқақтап, көр­ген жұрттың көкірегін қуаныш кернеді. Көр­менің кереметтеріне  көз тойды. Бастысы, ел беделін төрткүл дүниеге паш етті. 
Қазақ «қонақпен еріп құт келеді» деседі. Тәубе дейік, елорда қазір құтты мекенге айналды. Қазақ елінің астанасына әлемнің түкпір-түкпірінен талай қонақ келіп-кетті, қазір де үзілер емес. Бәрінің бір көрмегі – біздің Астана, ондағы көз тойдырған әсем қалашық – ЭКСПО орталығы. Жатжұрттықтар ғана емес, өзіміздің шалғайда жүрген талай «қара домалақ» қазақ баласы да осы тойды «сылтау қылып» арманда жүрген Астанаға ат басын тіреп, көркем қаланы көзімен көріп мәз-мейрам.  Ашылғаннан соңғы алғашқы аптада-ақ ЭКСПО-2017 көрмесіне күнделікті келушілер саны орташа 22 840 адамды құрағанынан-ақ халық қарасының аз болмайтыны байқалған. Тіпті көрмені жарты миллион адам алғашқы жиырма күнде-ақ аралап шықты. Келушілер саны қазірдің өзінде 1 жарым миллионға жуықтап қал­ды. Нақтырақ айтсақ, өткен ап­та­дағы соңғы деректер бойын­ша, көрменің ашылуынан бері келу­шілердің жалпы саны шамамен 1 миллион 200 мыңды құ­ра­ған. ЭКСПО-ның барлық нысан­дарының келушілерін есептегенде, 9 миллионға жуық адам келген. Көрмеге негізінен 2 мил­лион адам келеді және көрме ны­сан­дарында жалпы саны 5 мил­лион­ға жуық келуші тіркеледі деп жос­парланған болатын. Ал қазір­гі қарқын жоғарыдағыдай.  «Тойдың болғанынан бола­дысы қызық» деген де бар. Мүм­кін, Астана ЭКСПО-2017 көр­ме­сін біздің елде өткізу туралы ше­шім шығарған сәтті естен шы­ғармайтынымыз да осыдан шы­ғар. Тәуелсіздік тарихыннан ойып тұрып орын алатын ай­рық­ша оқиға – халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақ­стан­да өтетіндігі жөнінде шешім қабылданған күн 2012 жылдың 22 қарашасы болатын. Шешім ЭКСПО Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Париждегі 152-сессиясында осы ұйымға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нә­тижесінде қабылданды. Бұл, сөз жоқ, Қа­зақ­станның жаһан жұрты алдындағы беделінің тағы бір биіктегені, мемлекеттің мерейі.  Тағдырдың тартуы болар, дәл осы оқиғамен орайлас күндері төрткүл дүние назарын өзіне аударған Франция астанадасы Парижде болу маған да бұйырды. Әрине, журналистік сапармен барғанбыз. Осы оқиғаға орай Парижге аттанған «Егеменнің» екі журналисінің бірі Жақсыбай Самрат Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Париждегі 152-сессиясынан мақала жазса, мен шешім шыққанға дейінгі соңғы рет өткізілген қорытынды баспасөз мәслихатына қатыстым. Бұл баспасөз мәслихаты Бас Ассамблея сессиясында дауысқа түсетін қос ел – Бельгия мен Қазақстанның өзара пікірсайыс жекпе-жегімен ерекшеленді. Басты үміткер екі шаһардың бірі – Астана, екіншісі Бельгияның Льеж қаласы еді. Осылайша жеңіске дейін атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Қазақстандық топ әлем журналистерінің алдында сан сауалға жауап бере отырып, Қазақстанның қарышты қадамдары мен жетістіктерін баяндады. Ал біздің журналистер бәсекелес топ бельгиялықтарға қарсыластық танытып, ұтымды әрі салмақты сұрақтарымен елдің беділін одан әрі үстеуге үн қосты.  «Әлемнің 2,5 млрд халқы біздің елімізге тікелей жақын өмір сүреді. Астанадан 3 сағатта Үндістан астанасына, 5 сағатта Қытай астанасына және 3 сағатта Мәскеуге жетуге болады. Біздің байланыстарымыз бен мүмкіндіктеріміз мол. Біз жаһандық шараларды бірнеше рет өткіздік. Мәселен, Қысқы Азия ойындарын, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиттін қабылдадық. Астананың мұндай шараларды өткізуде тәжірибесі мол, сонымен қатар біздің еліміз 2017 жылы әлемдік Универсиада өткізуді жоспарлауда. Астананың мүмкіндігі көрмені өткізуге және жасыл экономика идеясын өңірге ғана емес, әлемнің өзге елдеріне таратуға жетеді», деген сыңайлы дәйекті пікірлердің үлесімен баспасөз мәслихатында біздің елдің бәсі биік түсті. Баспасөз мәслихатынан бір күн бұрын ұйымдастыру алқасы арнайы дайындық жұмысын өткізіп, журналистер үшін семинар-тренинг жасауы да біздің алдымызда жауапкершілігі зор сәттің тұрғанын аңғартқандай еді. Шынайы бәсекенің бет-бейнесі осы жарыссөз барысынан-ақ байқалды. Бастысы, қай жағынан болсын, сақадай-сай келген біздің топ бұл күні жоғары деңгейден көрінді. Әрине, бізді жеңіске жетелеген еліміздің бүгінге дейінгі жетістіктерінің жемісі. Осылайша, Еуропаның қақ төрінде әлемнің алпауыт елдерінің журналистерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында жап-жас тәуелсіз Қазақстан мемлекеті жиын тізгінін қолдан бермеді. Осылайша бір күн қалған дауыс беру сәтіне дейін шетелдіктер алдында Қазақстанның жеңіске деген зор құлшысыны тағы бір дәлелденді. Баспасөз мәслихатынан кейінгі келесі күні Франция астанасы Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясында әлемнің 161 мемлекеті жасырын дауыс беру арқылы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізетін мемлекет анықталып, Астанаға үлкен үміт артылды. Ондағы Халықаралық көрмелер бюросының 103 қатысушы-мемлекеті Астананы қолдап, 44-і қарсы дауыс берген. «Бельгияның Льеж қаласын басып озған ару Астананың, әрине, бұл күнде абройы асқақ. Ал бұл жетістік әрбір қазақстандықтың көңілін шаттыққа бөлеп, бойын мақтаныш кернеді. Сөйтіп, «қуан, қазақ!» деп жария салып едік сол күні. Ал қазір сол қуаныштың шынайы көрінісі, сол күнгі армандардың орындалған кезі.  «Бұл еліміз үшін сынақ қана емес, көрме біздің жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік береді. Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу республикамыздың инновациялық дамуына серпін береді. ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Мұндай іс-шараға барлық құрлықтың ондаған елінен миллиондаған адам қатысады. Бәсі биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы бекерден бекер емес. Біріншіден, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті. Ең бастысы, Астананы таңдауы – Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің нақты жемісі», демеп пе еді Елбасы сол тарихи күнде?! Ал бүгінде ЭКСПО-ға қатысты жоспарлы жұмыстардың бәрі нақты жүзеге асырылды. Ол біздің әлем елдері алдындағы абырой-беделіміз ғана емес, Қазақ елі үшін қыруар жұмыс орны, табыстың көзі болып, экономикамыздың дамуына үлес қосты. Ендеше, мұны елдіктің ерен жеңісі, асқақ беделі деуге толық негіз бар.
«Егемен Қазақстан» газеті
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 шілде 2017 г. 779 0