Тәуелсіздік алғалы бері еліміз қарыштап дамып келеді. Мәңгілік ел болу жолында Қазақстан халқы берекелі бірлік бен ынтымақты тірлік жасауда. Ел экономикасының дамуына шағын және орта бизнестің де айтарлықтай қосқан үлесі бар.
Жыл санап өз ісін ашып, кәсіппен айналысушылардың қатары артып келеді. Мемлекет те бұл салаға ерекше ден қойып отыр. Аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша облыс әкімінің жанынан құрылған кәсіпкерлер кеңесі жұмыс жасайды. Аталған кеңес мақсаты – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлікте кездесетін әкімшілік кедергілерді азайту, өңірімізде жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға қолдау көрсету. Кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелерін қарау мақсатында кеңестің жиындары өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, бизнеспен айналысатындардың мүддесін қорғайтын, оларға бағыт беретін, жөн сілтейтін кәсіпкерлер палатасы жұмыс жасайды.
Осындай жан-жақты қолдауға ие болып отырған шағын және орта бизнес саласы өңірімізде қалай дамуда? Алдымен облысымыздың жүрегі саналатын – Қызылорда қаласындағы көрсеткіштерге көңіл бөлейік. Үстіміздегі жылдың шілде айындағы мәліметтерге сүйенсек, қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 26 615 бірлікті құрайды.
Жыл басынан бері шағын кәсіпкерлік саласы бойынша қалада 2056 жаңа жұмыс орны ашылған. Хош делік. Бұл – Алашқа ана атанған аймақтағы бас қаланың мәліметі. Ал, аудандардағы ахуал қалай?
Бұл бағытта аудандарда да бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Сырдарияда 2017 жылдың 1 мамырында 1927 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде 140 заңды тұлға болса, 1255 жеке кәсіпкер, 532 шаруа қожалық бар. Олардың қызметінен 641,6 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Жергілікті бюджетке 163,9 млн теңгенің салығы түсті. Қазалы бойынша осы жылдың 6 айында 4330 шағын кәсіпкерлік субъектісі есепке алынған. Бұл ауданда жыл басынан жаңадан 285 кәсіпкерлік тіркеліп, жұмыс жасауда.
Үстіміздегі жылдың сәуір айындағы мәліметтерге қарағанда Жаңақорғанда – 3057, Жалағашта – 2206, Аралда 3796, Қармақшыда – 3074, Байқоңыр қаласында 464 шағын және орта бизнес субъектісі бар екен.
Бүгінгі таңда Шиелі ауданында шағын кәсіпкерліктің 4314 субъектісі бар. Тарқатып айтсақ, оның 578-і заңды тұлға болса, 3222-і жеке кәсіпкер, 514-і шаруа қожалығы болып табылады. Жыл басынан бері бұл ауданда 2 жоба аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылған. Жобалық құны 397 млн теңгені құрайтын «Таң LTD» ЖШС «Күрішті егу және құрама жем өндірісін ұйымдастыру» жобасы қолдау тапты.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес ағымдағы жылдың наурыз айында облысымызда жаппай кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында өңірлік бірыңғай жол картасы әзірленді. Сондай-ақ, өңірлік бірыңғай жол картасына сәйкес әрбір ауданда дамымаған салаларды дамыту мақсатында кәсіпкерлер палатасы қала және ауылдық елді мекендердің кәсіпкерлік субъектілері үшін бизнес-жоспарлар әзірледі.
Бұл жұмыстардың барлығы аймақтағы шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға бағытталған.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.