БЕРЕКЕСІ МОЛ «БАЙКЕН-U» КӘСІПОРНЫ

Ел тәуелсіздігінің дәреметімен жерасты байлығын игеру жұмыстары қарқын алды. Бұл қатарда уран өндірісі – Сыр елі үшін пайдалы еңбек көзі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында атап көрсеткеніндей, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың әлеуеті де арта түсуде. Кеңестік одақ кезінде геологиялық барлау жүргізіліп, аса бағалы шикізат – уранның мол қоры бар екендігі анықталған Қызылқұмның бергі бөктеріне қуатты жаңа техникалар шоғырланып, игеріле бастады. Бұл жерде заманауи үлгідегі құрылыстар тез арада бой көтеріп, онда өнім өндірудің жаңа технологиялары орналастырылды. Және де жұмысшы-қызметкерлердің тұруына лайықты қосымша құрылыстар салынды. Қызмет көрсету мекемелері де өз жұмыстарына ерекше екпінмен кіріскендігіне сүйсінбеске амал жоқ.
Жаңақорған ауданының Байкенже ауылына өткен ғасырдың сексенінші жылдары кен барлау экспедициясы тұрақтап, аудан орталығына шалғай Қызылдың ішінде қала типтес шағын қалашық бой түзеген еді. Сондағы тәжірибелі мамандардың еңбегі бос кетпепті, көптеген жыл бойы жүргізілген жұмыстың жалауы еліміз егемендігін алған жылдардың екінші онжылдығында жүзеге асырылды. Мәселен, 2005 жылы уран өндіруі тиіс «Қызылқұм» ЖШС өз қазығын қақса, 2006 жылы осы маңнан бүгінгі әңгіме өзегіне айналып отырған «Байкен-U» ЖШС өзінің алғашқы ұйымдастыру жұмыстарын бастап кетті. Бұл – Сыр өңі¬ріндегі уран өндіретін төртінші өнеркәсіп мекемесі. «ҚазАтомӨнеркәсібі» Ұлттық атом компаниясына қарасты аталған мекеме Үкіметтің алдын ала белгілеген бағдарламасына сай жұмыс ұйымдастырып, әлемдегі озық үлгідегі саналатын Қазақстан уран өндірісіне елеулі үлес қосып келеді. Кәсіпорынның негізгі өндіріс алаңы «Хорасан-2»  аталынатын аймақта. Мұнда жерасты байлығын күкірт қышқылы арқылы сілтімен айыру процесі жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, «Байкен-U» бұрғылау құбырларын ең тереңге тастайтын кәсіпорындар қатарына жатқызылады. Бұл, әрине, жерасты бағалы кен байлығының топырақ қабатындағы орналасу жағдайына байланысты болса керек.
Қазіргі кезеңде Қазақстан мемлекетінің баламалы қуат көздерін өндіру барысына ерекше ден қойып, болашақ ісіне мән беріп отырғандығы белгілі. ЭКСПО көрмесіне әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып, ондағы түрлі баламалы қуат көздерінің кереметіне қанығып жатқаны баршаға мәлім. Сондықтан да кен орнының «жасыл экономика» аталынатын мәселеге қаншалықты үлес қосатынын білгіміз келді. Осы мақсат бізді еріксіз «Хорасан-2» -нің электрмеханикалық бөлі¬міне қарай жетеледі. Бұл жердегі барлық жұмысты кәсіпорынның энергетика бөлімі арқылы басқарылып, жүзеге асырылатындығын аңғардық. Бас энергетиктер Бегалы Шаханов пен Александр Арыченков белгілі бір уақытқа бір-бірін алмастыру арқылы жұмыс үйлестіреді. Мұндағы басты талап – «Хорасан-2» кенішіне үздіксіз электр қуатын беріп, ондағы шаруалардың бағдарлама бойынша атқарылуына қалыпты жағдай жасау. Сондай-ақ, орнықты компрессорлар арқылы ауа айдау мен су жіберіп отыру жұмыстарын да қамтиды. Осы ауқымды шаруалар электрмеханикалық бөлім мамандарының қолдарымен атқарылады. Атап айтар болсақ, осы заматта кезекшілік атқарып тұрған Мұханбет Сүйіндіков өз ісінің тәжірибелі маманы. Бұл жерде одан да басқа 30 қызметкер өз міндеттеріне қарай еңбек етеді. Олардың қатарында электрмонтерлар, компрессорщиктер, жөндеу слесарьлары бар. Бір қажеттісі, осы кәсіптің басымын өзіміздің Қызылорда облысының түлектері атқарады екен.
Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл жерде «жасыл экономикаға» ерекше мән беріледі. Яғни, баламалы қуат көзін тиімді пайдалану жолдары қарастырылған. Мәселен, 301,5 квт қуаттылығы бар станция күн сәулесінен қуат алады. Осы істің баяндылығынан «Байкен–U» кәсіпорны бір сағат уақыт аралығында 165 киловат қуатты тегін өндіреді деген сөз. Бұл әрі экологиялық тазалықты үнемі сақтауға мүмкіншілік беретін қадірлі жұмыс. Аталған саланың мамандары Руслан Сүйіндіков, Нұрлан Налдібеков, Ернар Құсайынов және Айбек Әбсадықов жаңа заманның талабына бейімделген мамандар. Бұлардан да үйренушілер қатары ай сайын молайып келе жатқандығы қуантады.
Нақты кезеңде «Байкен –U» ЖШС-да 493 жұмысшы- қызметкер еңбек етсе, кәсіпорынның бас директоры Б.Бердалиевтің басшылығымен тоқсан сайын өздеріне бекітілген жұмыс көлемін артығымен орындауда. Атқарылған жұмыстарға сай жұмысшы-қызметкерлердің де орта айлық жалақылары қанағаттандырады. Кәсіпорын бизнестің әлеуметік әріпестік жауапкершілігін сезініп, аудандағы әлеуметтік нысандарға қамқор қолдарын созып, жәрдем беруден іркілген емес.
Иә, «елде болса, ерінге тиеді» демекші аймақтағы жерасты байлығын игеретін кәсіпорындардың жұмыс қарқыны жылдан жылға артып, әлеуеті молайып келе жатқандығы сүйсінтеді. Қоршаған ортаға залалсыз жағдайды қалыптастыра отырып, еселі еңбек ету, әрине, абырой.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 шілде 2017 г. 848 0