Халықаралық көрмеде Грекияның ұлттық күні мерекеленді. Шарада Эллада елінен келген «Хороменьо» би ансамблі 19 түрлі биін көрермендерге таныстырды. Олардың арасында танымал хасапико, сиртаки, зейбекико билері де бар. Айта кетерлігі, Грекияда 200-ден астам би түрі болса, олар бес топқа бөлінеді: ғұрыптық, наным-сенімдік, сахналық, тұрмыстық және қоғамдық.
Басқосу дәстүр бойынша қос мемлекеттің әнұранымен ашылды және мемлекеттік тулары көтерілді.
Басқосудың ресми бөлігінде Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді сөз сөйлеп, бүгінде екі ел арасында сенімді байланыс орнағандығын жеткізді. «Достық пен өзара түсіністікке негізделген ынтымақтастығымыз ширек ғасыр ішінде нығайып, өзара тиімді сипатқа ие болды. Парламентаралық ынтымақтастығымыз белсенді түрде дамуда. Екі ел арасындағы достық және туыстық қарым-қатынастар Қазақстандағы грек диаспорасы және Грекиядағы біздің азаматтарымыз арқылы нығая түсуде», деді ол. М.Тілеубердінің айтуынша, Грекия – «жасыл» экономиканы дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Бұған ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Грекия павильоны дәлел.
«Грекия үкіметі қоршаған ортаны қорғауға барынша күш салып, энергияның баламалы көздерін қолдануға көңіл бөлуде. Ел павильоны интерактивті және креативті экспозициялар арқылы көрерменге ғылыми-техникалық прогрестің озық үлгілерін, қоғам мен азаматтар игілігі үшін тиімді қолданылуын әрі Грекия табиғатының әсемдігін тамашалауға мүмкіндік береді. «Ауадағы энергия» атты павильон Грекияға тән табиғат пен ландшафт ерекшеліктерін сипаттайды», деді министрдің бірінші орынбасары.
Грекияның Экономика және даму министрі Димитрис Пападимитриу қос ел арасындағы байланысқа 25 жыл толғандығын айтып, еліміздің халықаралық мәселелерді шешуде белсенді роль атқарып жүргендігін алға тартты. «Соңғы ширек ғасырда Қазақстанмен қарым-қатынасымыз тұрақты дамып келеді. Бүгінде бұл ел XXI ғасырдың бірінші он жылдығында экономикалық әлеуеті жоғары 25 елдің қатарына кірді. Сонымен қатар, Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бір бөлігі және бірқатар халықаралық проблемалардың шешімдерін табуға белсенді қатысты. Қазақ елі көмірсутегін өндіретін жетекші мемлекет ретінде Грекия инвесторларының қызығушылығын тудыруда», деді ол.
Д.Пападимитриу Грекияның бес жылға созылған ауыр дағдарысқа ұшырағандығын әңгімелеп, елінің бұл қиындықты еңсергенін қуанышпен жеткізді. «Соңғы жылдары Грекияның бұрын болып көрмеген экономикалық дағдарысқа ұшырағаны әрі оның Еуропа мен халықаралық экономикаға әсерін тигізгені мәлім. Ел банкротқа ұшырап, Еуроаймақтан шығып қалуының да айтарлықтай қаупі болды. Бұл еуропалық интеграция жөніндегі күш-жігерге елеулі залал келтіретін еді. 2009-2013 жылдардағы кезең ішінде ауыр тиген бесжылдық құлдыраудан кейін экономика 3 жыл бойы тұрақтылық кезеңін басынан өткерді. Одан кейін экономика қалпына келіп, биыл мемлекет дағдарыстан біржола шықты. Барлық сынақтардан кейін серіктестеріміздің қолдауымен еліміздің дамуға деген талпынысы ойдағыдай жүзеге асады деп сенеміз. Біз Еуропаны, Таяу Шығысты және Азияны жалғайтын энергетикалық, транзиттік орталыққа айналғымыз келеді», деді министр.
Бүгінде Грекияда қайта қалпына келетін қуат көзі 15 пайыз шамасында. Олар 2020 жылы бұл көрсеткішті 20 пайызға жеткізбек. Балқан түбегінде орналасқан ел энергияның басым бөлігін желден алады.