
Жұма күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, биылғы 9 айдағы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.
Осы мәселелер бойынша Премьер-министр С.Ахметов, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев, сонымен қатар Алматы қаласының әкімі А.Есімов, Павлодар облысының әкімі Е.Арын және Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов баяндама жасады.
Қазақстан Президенті өз сөзінде Үкімет қызметінің басым бағыттары мен оның алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталып өтті, сондай-ақ мемлекеттік органдар жұмысына бағасын бере келіп, бірқатар кемшіліктер мен әлеуметтік-экономикалық процестерді басқарудағы олқылықтарды көрсетіп берді.
Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық конъюнктураның нашарлауы жағдайында Үкімет бюджет саясатына түзету енгізгені жөн екенін атап өтті. Мемлекеттік бюджеттің жоспарлану және орындалу сапасын арттыру қажет. Атап айтқанда, үшжылдық бюджет жобасы әкімдермен тиісті деңгейде келісілмеген, бұл бюджеттік бағдарламалардың теңгерімсіздігіне әкеліп соғуы мүмкін.
Бұған қоса, бюджеттік жобалардың қымбаттауы тәрізді бұрыннан келе жатқан проблеманы шешкен жөн. Жобалық құн көлемінің ұлғайтылуы 2012 жылы 40 миллиард теңгеге, ал биыл 60 миллиард теңгеге жеткен. Мемлекет басшысының пікірінше, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу мен қарау төңірегінде күмәнді бизнес саласы қалыптастырылған.
Отырыста қаралған мәселелердің келесі бөлігі мемлекеттік қорғауды және кәсіпкерлікті қолдауды күшейту болды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Сонымен бірге, оны жүзеге асыруға қатысты шағымдар да көбейіп отыр.
Мәселен, 43 аудан және облыстық маңызы бар қалалар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау жұмыстарын жүргізіп отырған жоқ. Бұл қызмет түрі Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында баяу жүруде. Ақмола, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында кәсіпкерлерге бірде-бір грант берілмеген. 10 ауданда және облыстық маңызы бар қалаларда жаңа бастаушы кәсіпкерлерге бірде-бір шағын несие берілмеген.
Мемлекет басшысы аталған облыс әкімдерінің әрқайсысына осы мәселе бойынша есеп беріп, нәтижесін БАҚ-та жариялауды тапсырды.
Отырыста талқыланған үшінші маңызды бағыт өңірлік даму міндеттері аясында индустриялық саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету болды.
Мемлекет басшысы индустрияландырудың бірінші «бесжылдығы» оң нәтиже бергенін атап өтті. Құны 2,1 трлн. теңгелік 563 нысан пайдалануға беріліп, 2,2 трлн. теңгенің өнімдері өндірілді. 70 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Әр өңірде тиісті нәтиже бермейтін арнайы экономикалық аймақтар құрылуда. Мысалы, Атыраудағы АЭА базасында барлығы 3 жоба іске асырылған, ал Алматы облысы мен Павлодар облысында бірде-бір жоба жүзеге асырылмаған. Осы орайда Мемлекет басшысы Премьер-министрге АЭА-ларға талдау жасап, жұмыс істемей тұрғандарын қысқартуды тапсырды.
Аграрлық сектор секілді стратегиялық сала мәселелері бөлек қаралды.
Мемлекет басшысы ет экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылғанын еске салды. Тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға 120 миллиард теңге бөлінген. Сөйте тұра, биылғы жылдың 7 айында Кеден одағынан сыртқа шығарылатын ет экспорты нөлге теңескен. Мұның орнына Қазақстан етті сырттан, соның ішінде Беларусьтан импорттауда.
Мемлекет басшысы пайдаланылмаған жерлерді ревизиялау және оларды айналысқа түсіру тетіктерін әзірлеу жұмыстарының салғырт жүргізіліп жатқанын айтты.
Қазақстан Президенті еңбек және жұмыспен қамту саласындағы әлеуметтік көмекті өзара міндеттемелер негізінде еңбекке қабілетті адамдарға беру қажеттігіне назар аударды. Жұмыссыз адам әлеуметтік көмекті кейін қайтару шартымен алуға тиіс.
Баспана жағдайын қамтамасыз ету маңызды әлеуметтік мәселе күйінде қалып отыр. Мемлекет басшысы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру көп реніш тудырып отырғанына тоқталды. Төлем қабілетінің төмендігіне байланысты оған көптеген отбасылар қатыса алмауда. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басшылары мен олардың туыстарының Бағдарлама аясында жеңілдік қарастырылған бағамен пәтер алу фактілеріне де назар аударды.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасына сәйкес елдің тарихы бойынша канондық оқулық жасау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
– Конституция сияқты тарихты да кәсіпқойлар жазып, бекітуі тиіс деп санаймын. Мұндай салмақты іске нақ сондай мамандарды тартуға тиіспіз. Бұл мәселеге біз алдағы уақытта да өте объективті және дәйекті түрде қарайтын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Отырыс соңында Қазақстан Президенті жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан-2050» стратегиясы қазақстандықтардың 2-3 буыны үшін ойластырылған маңызды міндет екенін атап айтты.