Өзі өмірден өтсе де, өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмыры жұрт жадында сақталатын жандар болады. Солардың бірі – денсаулық сақтау саласында өзіндік қолтаңбасы қалған Наурызбаев Өтеп Әбілхайырұлы. Ол кісінің шипалы қолынан мыңдаған адам дертінен айықты. Жұртшылық оған сол үшін разы болды.
Әңгіме арқауына айналып отырған Өтеп ағамыз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін адамгершілігімен дараланып тұратын. Ол қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, өзекті мәселелердің тиісті деңгейде шешілуіне септігін тигізді. Сонымен қатар, жастарға білгенін үйретуден жалықпайтын. Оның мол тәжірибесінен тәлім алған жас мамандар еңбек жолын сенімді түрде бастайтын. Соңынан ерген біздер оны үлгі тұтатынбыз. Ағамыз ел-жұртқа сыйлы, ағайынға қадірлі кісі болды. Өтекең үнемі ағайын-туысты ауызбіршілік пен ынтымаққа шақырып оты¬ратын. Бүгінде, қарап отырсақ, елдің арқасүйер ақылшы азаматы болған екен ғой, жарықтық. Бір ғана мысал айта кетейін, дертіне дауа іздегендерден бөлек, ауылдағы көптеген ағайындар қалаға келсе, сол кісіні іздейтін еді. Өйткені, Өтеп ағамыз есігін қаққан жанға жоқ демейтін. Әсіресе, ауылдағы адамдар қалаға келіп жатса, солардың жұмысын бітіруге көмектесетін. Мұны азаматтық демей не дейміз?!
Көпке қамқор болып, елдің алғысын алған Өтеп Әбілхайырұлын қалай мақтасақ та жарасады. Ол ғылым жолында да еңбектенді. Айналасын ізгілігімен тәнті етті. Емделушілерінен мейірімін аямайтын. Ғылым жолында жеткен жетістігі де аз емес. Тынымсыз еңбек ақыры нәтижесін беріп, медицина ғылымдарының кандидаты болды. Өмірлік жары Күлтай жеңгеміз екеуі үш қыз тәрбиелеп өсірді. Қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегені рас екен. Құдайға шүкір, Өтеп ағамыздың қыздары әкенің арда атына кір жұқтырмай, әділдіктің ақ туын биік ұстады. Олардан өрбіген ұрпақ өсіп-өркендеп, өрісі кеңейіп келеді. Ол кісінің өзі де, зайыбы – Күлтай жеңгеміз де барынша қонақжай болды. Ағайын-туысқа есігі айқара ашық, дәмге толы дастарханы жаюлы тұрды. Тіпті, қай кезде бара қалсаң да, қазаны асулы болатын. Біз кісілік келбет пен тұлғалық тұрпаттың биік шыңын осы Өтеп ағамыздан үйрендік. Құдайға шүкір, одан жаман болған жоқпыз.
Өтеп Әбілхайырұлының жасаған еңбегі халық пен үкімет тарапынан жоғары бағаланды. Ол кісі «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, түрлі деңгейдегі грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Бүгінде Наурызбаев Өтеп Әбілхайыр¬ұлының ел алдындағы елеулі еңбегі ескеріліп, қаланың бір көшесіне есімі берілгелі жатыр. Көше беру туралы ұсыныс жасаған ұжымға да, оны қолдаған мәслихат депутаттарына да, қала әкімдігіне де рахмет. Біздер, ағайын-туыстары бұл шешімге ризамыз. Тіпті, қуанышымызда шек жоқ десек те болады. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Тұрсынхан ҚҰРМАНБЕКОВ.