Адамзаттың Айтматовы атанған әлемге әйгілі жазушы Шыңғыспен кешегі қиыншылық жылдары қатар оқып, бір үзім нанды бөліп жеген замандасы Әбілда ағамызға ауылға барғанда сәлем беріп, кіріп шығуды ғанибет санаймыз. Екісі кем тоқсан жасың да өз дегенін істеген секілді, бойы екі метрге жуықтайтын көкеміз сәл еңкіш тартып, қолын көлегейлеп көзіне жиі апаратын болыпты. Дегенде, қариялардың әдеттегі «қай баласыңды?» айта қоймай, кім келгенін тап басады. Ал, әңгімесі, сол баяғыша ғой...
– Өз отымның басында, өлең төсегімде үбірлі-шүбірлі әулетімнің қасында өз күйбеңіммен, өз нәпақамды адалынан теріп жесем, береке деген осы емес пе?! Өзгенің ырзығына, басқаның бағы мен дәулетіне көз аларту майдалық болар, қызғаныштың қызыл итінің жемі болар деп ойлаймын. Пенденің қиялы жеткен жақсылық пен тәттілік бір кісінің бойына сыя қоюшы ма еді? Қанағат жақсы! Өлермендікке салып, сабылта қуғандағың дәулет пе, даңқ па.., осы әурешілігің бақыттың шыңына шыға қояр ма екен, әй қайдам?! Есірік дәменің құлы болмаған дұрыс болар, әсте. Ол әлденеге тырмыстырып әуре етеді.
«Шаранамен туып едің,
Бөз оранып өтесің.
Бір сағымды қуып едің,
Қай уақытта жетесің?
Қанша дәулет жиып едің,
Бәрі қалды нетесің?
Мал үшін жан қиып едің,
Қайтіп алып кетесің?» – деп Шәкәрім қажы неге айтқан дейсіз? Осы жасымда өмірдің ащы-тұщысын татып, жамандықты да, жақсылықты да бастан өткердік. Өз басымнан да керекті-керексіз істердің болғаны жасырын емес. «Алдында өнегелі көрерің болсын» деп данышпан Абай айтпақшы, қашан да үлгілерге жақын жүруге, тәуір ісін, тәуір сөзін үйренуге құлықты болдым. Өткенімді көңіл төрінен жүгіртіп байқағаным – адам көп оқуы керек екен, көп білуге ұмтылуы қажет екен. Сонымен бірге ақжүрек, арлы болу, адал еңбекке ұмтылу адамилығыңды танытады, – деп Әбекең сөзін үзді. Ардақты ағаның осы бір кідірісін пайдаланып, кө¬кейімдегі сауалды да айтып салдым:
– Әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовпен достығыңыз қалай басталып еді?
– Ұлы Отан соғысының бейбіт елге тигізген зардабы оңай болған жоқ. Фашистер ғылымы мен өнерін басқыншылыққа пайдаланғысы келді. Бірақ, онысы іске аспады. Мейірімділіксіз, қайы¬рымдылықсыз қай жұмыстың да қайырымы болмайды. Сол зұлмат соғыстан соң мен де білім алуға құштарланып, 1947 жылы Жамбылдағы мал¬дәрігерлік техникумға түстім. Сонда ғой Шыңғыспен ұшы¬расып жүргенім. Мен – мал¬дәрігерлік факультетте, Шәкең – зоотехникалық факультетте оқыды. Сол кездегі Пушкин көшесінің №28 үйінде жатақхана болды. Соның бір бөлмесінде 9 бала жаттық. Өзім волейболшы-спортшы, денем ірі болғандықтан ба, бірге оқитындар менің сөзімді екі етпейтін-ді. Шыңғыс Айтматовпен де сыйласып жүрдік. Жақсы оқитын. Онда оның кейіннен дүние жүзіне танымал жазушы болатынын қайдан білейік?! Әйтеуір, түнде бірдеңелерді түрткілеп жазып жүретін.
– Нақты қандай шығармалар екендігі есіңізге түспей ме?
– Қайдан түссін. Онша¬лықты мән бермегенбіз ғой. Оның үстіне оқу, жаттығу дегендер бар, жергілікті жуан жұды¬рықтардан бірге оқи-тын¬дарды қорғау бар дегендей...
– Мына сөзіңізге қарағанда төбелескіш болғансыз-ау, дей¬мін?
– Бұзақылық болған жоқ. Бірақ, әділеттілікті сақтау үшін текетірестер болып тұратын. Ауылдан келген кейбір әлжуаз балалар мені паналайтын. Кей¬бірінің ата-анасы жоқ. Оларды шырылдатып сабатып қойып қалай қарап жүрейін... Қой, әңгімені әуелгі арнаға бұрайық.
– Айтулы жазушымен кейін¬нен хабарласып тұрдыңыз ба?
– Шырағым, адамның кей әлсіз жақтары болады. Сондай әлсіздігімнен болар, сол Шәкең атақты болып, есімі бүкіл әлемге жайылған кезде оны іздеп барып хабарласа алмадым. Ол да қайдан білсін, Әбілдәнің қайда жүргенін. Бірақ, менің ол кісімен қатар оқығанымды білетіндер Шыңғыс Айтматовтың досы деп дәріптейді. Соған да әлдеқандай асқақтап дардай болып қаламын. «Жақсыдан – шарапат» деген бар емес пе?!
– Айтпақшы, оқу бітіргеннен бері қайда жүрдіңіз?
– Қайда жүрейін. Сар дала¬ның төсінде жүрдім. Тас маңдайды талай қыстың ызғары жалап, шілденің аптабы күйдіріп, мал шаруашылығының соңында жүрдім. «Қазақстанда қойдың санын 50 миллионға жеткіземіз» деген дүрмектің тап ортасында болдық қой.
– Әбеке, әңгімеңізді нақ¬тылай түссеңізші...
– Нақтысы былай, 1956 жылдан Қызылқұмды игеру барысында Оңтүстік Қазақстан аймағында жұмыс істедім. 1965 жылдан «Түркістан» кеңшарында ферма меңгерушісі қызметінде, 1973 жылдан 1993 жылы зейнеткерлікке шыққанша осы кеңшардың бас мал дәрігері қызметінде болдым. Ұятқа қалған жерім жоқ. Талай жайсаңдармен, қасқалармен қызметтес болдық. Қызылорда облысының басшысы болған Еркін Нұржанұлы Әуелбековті вертолетпен Қызылқұм үстінен жол басшылық етіп алып өткенімде ол кісінің риза болғаны бар...
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді қазақ. Әбекеңмен аз-кем сырластық. Ол өзі өскен ортасы – Жаңақорған ауданының Қандөз ауылында тұрып жатыр. Еңбекпен сүйегі қатқан ардагер аға өзінің өсірген бау-бақшасының ішінен шықпайтын көрінеді. Жайқалып-ақ тұр. Ұмсын апамыз екеуі тоғыз ұл-қызын жетілдіріп, жан-жаққа ұшырыпты. Жұмағали – полковник, қорғаныс саласынан зейнетке шықты. Мырзағалиы – шофер, Күләш, Рәштері – ұстаз, керек десеңіз, немерелері де өз бағыттарын тапқан, бәрі бір-бір мамандық иесі.
– Шырағым, елдің тыныш¬тығын берсін, патшаға сабыр берсін. Біздің Қызылорда облысы республикада алдыңғы саптан көрініп келеді. Соған қуанамын. Дүниенің жолы бұралаң, адамдар бір-біріне қамқор болсын. Өткінші дүниенің қызығы бейбітшілікте. Соны көбірек жазыңдар, жақсы істі насихаттаңдар, – деді мал байлығынан гөрі, жан байлығын көбірек ойлайтын Айтматовтың досы, Әбілда Бекжігітов көкеміз. Біз де шамамыз келгенінше, ақсақалдың аманатын орын-даған болып, осы мақаланы оқыр¬мандарымызға ұсынып отырмыз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылы.