ЕРКІННІҢ ЕРЕКШЕ ТАУЫСТАРЫ

Сұлулығы кез келген жанды тамсандырмай қоймайтын тауыс (павлин) құсын теледидардан тамашалағанда бір көруге қатты қызықпаған жан жоқ шығар, сірә! Жабайы табиғатта әсем қанаттарын жайып керіп жібергенде бұл құстың ерекшелігіне таңдай қағасың.
«Әйтеке би кентінде тұратын Еркін Алданазаров есімді азамат осынау әсем құстарды өз үйінде асырап отыр» дегенді естігенде ерекше құсты көруге асықтық. «Жақсыны көрмекке» дегендей, Еркінге хабарласып, мән-жайды білген соң, арнайы үйіне іздеп бардық.
Осындай ерекше құстарды ауданымыздан көреміз деп кім ойлаған?! Мен оларға таңқала қарап, өзімді қызықтырған сұрақтарды қоя бастадым.
«Осыдан 3-4 жылдай бұрын өзім аға тұтатын бір азамат маған тауыстың біреуі мекиен, біреуі қораз болатын екі балапанын сыйлады», – дейді Еркін.
– Кейін олар үлкейді, жұмыртқа табатын болды. Бір жылда 10-12 жұмыртқаға дейін туады. Кейін бастырып көріп едік, балапан ашты. Сөйтіп біраз көбейтіп алдық. Үйде қазір сегіз тауыс бар.
Тауыстың өте әдемі құс екені белгілі. Олар әсіресе, қанаттарын кеңге жайғанда тіпті керемет болады. Бұлардың дауыстары да басқа ешқандай құстыкіне ұқсамайтын ерекше. Өздерінің көңіл-күйі ауа райына байланысты болады. Күн жылы кезде қанатын кеңге жайып, біраз жерге дейін ұшады. Ағаш бұтақтарына қонақтап ән салатын кездері бар. Ал күн суытса, бұлар қораның бұрыш-бұрышында бүрісіп жатып алады екен.
Еркін осылай деп айтып ауыз жиғанша болған жоқ, тауыс құсының аталығы «Мені көрдіңдер ме?» дегендей қауырсындарын кеңге жайып, маңғаздана тұра қалды. Бұл сәтті мен де қалт жібермей, фотоаппаратыма түсіріп алдым.
Жалпы тауыстың жұмыртқасын, әсемдік үшін қауырсынын және құстың өзін сатып пайда табуға болады екен. Мұның барлығы да арзан емес. Мысалы, әдемі құстың бір қауырсыны базарда сапасына қарай 500-1000 теңгенің арасында болса, жұмыртқасы 4000 теңгенің үстінде екен. Ал, тауыстың бір жұбы, яғни, аналығы мен аталығы 150 мың теңге тұрады. Алайда, Еркін тауысты сатып кәсіп қылып отырмағанын, тек сәндік үшін өсіріп отырғандығын жеткізді. Бірақ, жақында ғана бір жұбын Жалағашқа 100 мың теңгеге сатқанын айтты.
Күтіп-баптауында да ешқандай ерекшелік жоқ. Тауыс та тауық сияқты жем, су, көк шөп жейді. Тек арасында ғана тауықтың асыл¬ған жұмыртқасын беріп, -қуат¬¬тан¬ды¬ра¬ды.
Тауысты балапан кезінен қолға үйретіп, ұстауға болады. Бірақ, қолға үйретілген құстардың түр-әлпеті емін-еркін жүрген тауыстарға қарағанда әдемі болмайды. Сон¬дықтан Еркін құстарын еркін өсі¬ру¬ге тырысады екен. Тауыстың тағы бір ерекшелігі аулаға босатып жібер¬генде бақшадағы өсіп тұрған көкөністер мен жеміс-жидектерге, аулада ойнап жүрген кішкентай балаларға еш зияны жоқ екен. Бұл да болса, бұл құстың бекзаттығын көрсетсе керек.
– Бұл құс өте әдемі, көздің жауын алады. Жұмыстан шаршап келгеніңде аулаға ерекше сән беріп жүрген тауысқа қарап отырсаң, көңілің бір көтеріліп, рахаттанып қаласың, – дейді құс өсіруші.
Бір қызығы, алыстағы Үндіс¬тан мен Шри-Ланка аралдарын ме¬кендейтін тауысты Қазалы ау¬да¬нының өзінде 4-5 азамат асырап отыр екен.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 шілде 2017 г. 1 128 0