Әр адамның өз бейіміне қарай тірлік етуі түбінде жетістікке жеткізуі тиіс. Әрине, ол үшін ерінбей еңбек етумен қатар мақсаткерлік, көлденең кезіккен кедергіге мойымау және де қазіргі өмір сүріп отырған ортамыз нарықтың қатал кезеңі ғой, сондықтан есеп білу керек екендігі ақиқат. Бұл Әлжанның осы жасқа келгенше түйген ойы. Кім болса да, ата-анасын, туған жерін таңдай алмайды ғой, бұл азаматтың жігіт болып жетілуі айналаның аласапыран, қоғамның ауыспалы кезеңіне тап келіпті. Бұрынғы ірі шаруашылықтар тарқап, олардың орнының шағын шаруа қожалықтары алмастырғандай кезеңде жас түгілі үлкендердің өзі аңтарылып қалған жоқ па?!
Осылай айлар мен жылдар жылжып өте берді. Бір күні өз аулындағы бір механизатор болған ауылдас ағайынның темір дәнекерлеуші алып, түрлі шаруаларды өзі атқарып жүгенін аңғарды да, мұның да ойына осы кәсіппен шұғылданып көру келе қалғаны. Осылай қолында аппараты барлармен жұғыса жүріп, темір дәнекерлеуді үйренді. Осы істің нағыз шеберлерінен де тәжірибе алмасты. Содан базардан арзанқолдау темір дәнекерлейтін аппарат сатып алып, әуелі өз ауласындағы қора- қопсының есіктерін жасап көрді. Бір қарағанда жаман шықпаған секілді, сонан соң темір шарбақтарды жаңалап байқады. Бұл енді тіптен жарасымды болған секілді.
Әлжанның темір дәнекерлеудегі талпынысы құмарлыққа, онысы кәсіпке айнала бастады. Базарлы қатынастың шартын түсіне бастаған ауылдастары атқарылған жұмыс үшін рақметін айтумен бірге, шебердің қолына бірдеңе қыстыра кетуді де ұмытпады. Аздап болса да қолға тиген қаржы Әлжанның өзінің жаңа кәсібін кеңейтуге мүмкіндік бергендей. Оның үстіне әкесі Әріпхан да сөзбен жігерлендірді. Қанша дегенмен, көпті көрген, көнекөз кісі емес пе?! Міне, содан бері де жеті жыл зырғып өте шығыпты. Осы аралықта Әлжан қаншама жаңа үйлерге орнататын әсем безендірілген темір есіктер, темір қақпалар жасап шығарды. Сондай-ақ, бастырмалар мен темір шарбақтар жасап көптің батасын алды. Бұл күндері Шиелі ауданы Нартай Бекежанов ауылының тұрғыны Әлжан Исламханов аудандағы мықты деген темір ұсталарының қатарына қосылды. Тапсырыстар да көп, сол үдеден шығу үшін оған уақытпен санаспай таңертең ерте, кешқұрым да жұмыс жасауға тура келуде.
– Осы кәсібіме төселіп алған секілдімін. Сондықтан да аз, көп демеймін қанша жұмыс істесем де шаршамаймын. Өйткені, бұл менің сүйікті ісім. Үкімет пен жергілікті атқарушы орындар да кәсіптің керегесін кеңейтуге мүмкіншілік жасап, қолдап отыр. Бұл жалпы халықтың әлеуметтік жағдайымен, әлеуетін көтеретін мәселелер. Біздің еңбегіміз тұтынушыларға ұнаса, зор мәртебе, – дейді Әлжан қашанғы сабырлы қалпында. Иә, талапты ерге нұр жауар демекші, оған ісіңнің берекесін берсін дейміз.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы, Керделі ауылдық округі.