«Юбилейный» аэродромының аумағында ғылыми-техникалық парк құру, ұшақ пен тікұшақ жинақтайтын ірі тораптық орталық ашу, сонымен бірге энергетика мен халық шаруашылығы үшін газ-турбиналық двигательдер өндірісін іске қосу мәселелері 19-20 шілдеде Мәскеуде «МАКС-2017» авиағарыштық салонында өткен Ресей және Қазақстан тараптарының жұмысшы келіссөздерінде талқыланды.
Ағымдағы жылдың 19-20 шілдесінде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған делегация құрамында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Мәскеу қаласында РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин бастаған ресейлік әріптестерімен жұмыс барысындағы келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар Байқоңыр¬дың ғылыми-техникалық, әскери-өнеркәсіптік және өндірістік қуатын бірлесіп дамытудың мәселелерімен уағдаласты. Сонымен бірге, Қазақстан делегациясы бұл күндері Жуковск қаласында өтіп жатқан «МАКС-2017» авиағарыштық салонын аралап көрді.
МОНОҚАЛАДАН ТЕХНОЛОГИЯ МЕН ӨНЕРКӘСІП ОРТАЛЫҒЫНА
ҚР Президентінің Байқоңыр кешені бойынша арнаулы өкілі Серік Қожаниязовтың айтуынша, Байқоңырды жоғары технологиялық өндірісті дамыту үшін үлкен қуаты бар және бүгінгі күндері оны ғарышқа бағытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезекте аймақ экономикасын әртараптандыруға байланысты болып отыр.
– Аталған мәселелер Ресей мен Қазақстанның Мемлекет басшылары Байқоңыр кешенін жаңа деңгейдегі ынтымақтастыққа көтеру мақсатындағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуға бағытталғанын атап өткен жөн. Біз ынтымақтастық саласында жалға алу қатынастарынан қаланың техникалық және ғылыми қуатын арттыруды бірлесіп дамыту бағытында біртіндеп көшетін боламыз. Қазірті таңда осы мәселелерді шешу үшін үлкен қадамдар жасалуда. «МАКС-2017» авиағарыштық салонындағы біздің кездесулер осы бағыттағы бірден-бір қадам болып саналады. Көрмеге қатысушылар әлемдік жаңа технологияны көрсетуде, оның ішінде бізге маңызды аэрокосмостық технологиялар да бар. Байқоңырдың болашағы жоғары технологиямен, оның ішінде сандық жағынан мүмкіндігі мол, оларды әлемдік трендтерді ескере отырып дамыту аса маңызды, – деді Серік Қожаниязов.
Сондай-ақ, қазақстандық тарап әскери-өндірістік кешенде ресейлік «Роскосмос» корпорациясымен ынтымақтаса жұмыс жасауға дайын екенін атап өтті. Бір атап өтерлігі, екі ел арасындағы келіссөздер осы жылғы 18-23 шілде аралығында Ресей Федерациясының Жуковск қаласында өтіп жатқан «МАКС-2017» ХІІІ халықаралық әуе ғарыш салонында жасалды.
Қазақстандық делегация «Роскосмос», «Біріккен әуе құрылыс корпорациясы» павильондарына барып, ұсынылған экспонаттармен танысты.
«МАКС– 2017»: АВИАҒАРЫШТЫҚ ЖЕТІСТІК
«Халықаралық авиағарыштық салоны» бүгінде әлемдегі ірі авиа форумдардың бірі болып табылады. Оның тарихы қалада осыдан 25 жыл бұрын өткізілген Жуковскілік «МосАэроШоу»-дан бастау алады. Бұл жолы МАКС-тың шарасына әлемнің 36 елінен, ресейлік 700, шетелдік 180 компания қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, МАКС-та өткізілген шараның мақсаты – ресейлік жоғары технологиялардың жетістігін көрсету. Бұл шара Ресей Президентінің басшылығымен өткізіледі. Бұл жерде авиа-ғарыштық салаға қызығушылық танытқандарға оның жаңа мүмкіндіктерімен танысуға кедергі жоқ.
Шара барысында жаңа ресейлік авиа ұшақтарды ұшыру жұмыстары ұйымдастырылып, конференциялар, дөңгелек үстелдер, брифингтер өткізілді.
БОЛАШАҚ МАМАНДАРЫ
Бұдан бөлек, Мәскеу қаласына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы М.В.Ломоносов атындағы ММУ ректоры В.Садовничий, «МИСиС» Ұлттық университетінің ректоры А.Черниковамен және бірқатар ресейлік кәсіпкерлер тобымен кездесулер өткізді. Жоғары оқу орындары ректорларымен кездесу кезінде мамандар дайындау мақсатында ынтымақтастық мәселесі қозғалды. Қазіргі таңда Сыр елінің 400-ге тарта жастары Ресейдің техникалық оқу орындарында білім алуда. Қазір облыста әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан бұл мамандар аймақ экономикасын көтеруге септігін тигізеді деген сенімде. Жаңақорған ауданында тау-кен металлургиясын әртараптандыру бағытында «МИСиС» ұлттық-технологиялық университетімен ынтымақтастық орнату көзделген. Өз кезегінде университет ректоры А.Черникова аймақ басшысымен 2018 жылы оқу орнының 100 жылдық мерейтойына шақырды. Айта кетейік, бұл университеттің негізі 1918 жылы қаланған. Онда әлемнің 69 елінен студенттер оқиды. Сондай-ақ, жоғары оқу орны 1500 әлемдік компаниямен ынтымақтастық орнатқан. Олардың 1200-ден астамында осы оқу орнының студенттері тәжірибе мен тағылымдамадан өтеді.
Ректордың сөзіне сүйенсек, университет 2020 жылға қарай металлургия, тау-кен ісі, нано және ІТ технология бойынша білікті мамандар даярлауда көшбасшы салаға айналуды мақсат етіп отыр. Бұл тұрғыдан келгенде аталған оқу орнымен ынтымақтастық орнату болашақ мамандар даярлауға үлкен мүмкіндік береді.
Әмина РАХЫМ.
Қызылорда-Мәскеу-Қызылорда.