Бойына шаң жуытпай таза киініп, ақ көйлегіне тағар галстугін таңдап алатын ата кейпі әлі көз алдымызда. Сексеннің сеңгіріне шыққанша өзін тік ұстап, айтар сөзін тереңнен қозғау қалпынан жаңылмады. Мезгілдің сырқатын бойына жұқтырмады. Табаны бұдырсыз, таңдайы бедерсізді ұнатпайтын. Екі сөзінің бірінде: – Жаман өзін білмейді, жақсыларын күндейді деп отыратын. Тектілікті бойына дарытып өсті. Отырған жерде әулет тарихын әріден қозғап, бабалар сөзін майын тамыза айтушы еді. Қармақшының өзі туып-өскен «Қызылтамның» әр бұтасын жыр еткенде жұрт сілтідей тыңдап, шыбын ызыңы естілмей қалатын. Сүйген жары Күлстан әже де нағыз шежіре. Мәлікаждар атаның әр сөзіне зейін қойып, одан әрі жалғастырып, жаңғыртып отыратын әже қазір сексен үште. Сырқатқа сыр бермей, отбасын маздатып, ақыл-кеңесін айтудан әлі жаңылмай отыр. Құрсағынан тараған жеті бала – жеті шаңырақ, бұлардан өрбіген оншақты немере демалыс күндері үйді басына көтеріп, кең залдың төрін шаңдатқанына әже мәз-мәйрам.
Бір сәт атаның ұлы Мұрат, келіні Шынар Мәлікаждар атаның сабырлы кейпін, сырбаз мінезін ерлі-зайыптылардың сыйластығынан сөз қозғап отырды.
– Атамыз ағайынға сыйлы болды, – дейді келіні Шынар. Ата отбасының ажары әрі базары еді. Мен атамды үш жүзге хан болған Абылайға теңеумен өттім. Қас-қабағына қарап, шәйін мезгілімен беріп, атамды қуаттандырып отырғаным естен кетпейді. Ата сырқат жеңе бастаған сәтінде сабырды қару етіп, төзімділік танытты.
– Айналайын Шынарым саған мәңгі-бақи ризамын. Астың тәтті дәмін аузыма тостың. Дастарханды дос-жарандарыма қабақ шытпай жайдың. Шәй қоюлы, қазан қақпағы жабылған емес. Екінің бірі сені жыр етіп айтады. Шіркін, Мәлікаждардың келіні Шынарға теңесер адам жоқ деуін талай естідім. Көп жаса, ұрпағың көбейсін, еріңді сыйла. Келген қонақты құшақ жая қарсы ал. Бұл менің саған берген батам. Атаңды сыйладың, сыйлы еттің. Бәрі әлі алдыңа оралады...
Ата одан әрі тебіренді. Ағайын-туыс, құда-жекжатпен, алтын Айдар әулетінің үрім-бұтағымен сыйласыңдар, қатынасыңдар. Той-думанынан қалмаңдар, үлкендерді сыйлаңдар. Менің бар аманатым осы. Сол Шынар қазір ұстаз, әдебиетті, өнерді жанындай сүйеді, ғылым кандидаты. Қаламы да ұшқыр. Көп оқиды, көп ізденеді. Әріптестерінің де Шынарға құрметі бөлек.
Ұлы Мұрат қалалық әкімдікте бір бөлімді ұзақ жылдан бері дөңгелетіп тұр.
Телефон шылдыр етті.
– Аға, мен Мұратпын ғой. Сізге соқсам деп едім,
үйдесіз бе?
– Кел айналайын, үйдемін!
Мұрат әкесін еске алды, тебіренді.
– Ақын Қасымның мына бір шумақ өлеңі есімнен кетпейді. Ақын Қасым қалай төгілткен, аға. Айтайын ба? Әкем есімнен кетпейді.
– Айта ғой..!
Екі көз, екі жұлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты қай-қайдағы.
Ойпырмай, сен де бір сөнермісің,
Қап-қара түнек болып маңайдағы!
Мұрат осы өлеңді төгілтті де, сәл-пәл ойланып қалды.
– Өзіңіз білесіз, әкем Мәлікаждар Айкөпешев 2013 жылы дүниеден өтті. Биыл көзі тірі болса сексен беске толушы еді. Әкем жайында бір үзік сырды оқырманға жеткізсем деймін. Соған қол ұшын берсеңіз?
– Естелік жазып беріңіз дейсің бе?
– Шағын естелік жазуға ықылас біл¬дір¬сеңіз, – деп Мұрат өтінішін одан әрі төгілте берді.
Сонымен, Мәлікаждар Айкөпешев жайында әңгіме өрбітуге тура келді.
Мәлікаждар атаның көзін көрген, қызметтес болғандар сиреп қалыпты. Қоғам қайраткері Қаһарман Табынбаев, Нұрлыбек Лұқпанұлы сынды азаматтармен әңгімелесудің сәті түсті.
– Мәлікаждар адамгершіліктің бар қасиетін бойына дарытқан азамат, – деді Қаһарман, әттең, ортамызда көп жыл сырлас болған Бименді, Камалдар отырып, сыр ағытса, төгілтер еді-ау. Бір ауылда құлын-тайдай бірге өскен інісі Орынбек Өткелбаев тым ерте кетті. Орынбек Мәкең жайында көп білетін бірден-бір азамат еді. Қысқасы, Мәлікаждар ата көне шежіренің нағыз білгірі болды. Мұндай әңгіменің жібін Нұрлыбек те тарқатып отырды.
Сырдың сырбаз азаматы Мәлікаждар Айкөпешевтің өмірдеректеріне зер сал¬сақ, көп қызметтің тізгінін ұстаған көрі¬неді. Әуелінде пединституттың тарих факультетін бітіріп, мек¬тептепте мұғалімдіктен бастапты. Содан қосымша экономист мамандығын алып, осы салаға бірден бет бұрып, әуелінде облыстық атқару комитетінің жоспарлау бөлімінде, облыстық партия комитетінде нұсқаушы болса керек.
Білікті маман облыстық ауыл шаруашылығы басқар¬ма¬сында ұзақ жыл орынбасар, содан агроөнеркәсіп саласында өз мамандығы бойынша қырық жылдан астам еңбек етіп, зейнетке шыққан көрінеді.
Өмірбаянына зер салып отырсақ, оншақты орден, медаль алыпты. «Құрмет белгісі», «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, Ұлы Отан соғыс жылдарындағы тылдағы еңбегіне орай талай марапат алғаны өзі жазған өмірбаянынан байқалып тұр.
Айкөпешевтер әулеті өскен, өркен жайған отбасы. Ұлы Мұрат – қалалық әкімдікте бір бөлімді басқарады, білікті маман, Болат, Алма, Жанар – кәсіпкер, Сәуле – ұстаз, Дина – Астанада бір университеттің білікті оқытушысы, ғылым кандидаты.
Дөңгеленген дүние жүйткіп жатыр. Ардагер, көненің көзіндей Мәлікаждар Айкөпешев арамызда жүрсе, дос-жарандары биыл 85 жылдығын думандатып өткізер еді. Амал қанша, бұл күндерді көруге Алла жазбаған болар. Бірақ, сырбаз азамат ұмытылмайды. Ол өсер елдің өнер ұрпақтары тұрғанда мәңгі есте сақталары ақиқат. Ер есімін одан әрі есте сақтау үшін келешекте қаланың бір көшесіне есімі берілсе, ұлағатты іс болар еді.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.