Хан Кене және Шоқай би

 Қазақ тарихында елдің соңғы ханы болған Кенесарының алар орны ерекше. Ол – бүкiл өмiрiн ұлтын бiртұтас мызғымас ел етуге арнаған, азаттық жолында жанын қиған аса дарынды қолбасшы. Атасы Абылай да үш жүзді біріктірген, батырлығымен дараланған, парасаттылығымен ерекшеленген, Алаш баласы хан көтерген айбыны асқақ жан болды. Кенесарының әкесі – Қасым да отарлық саясатқа қарсы соғысумен өттi. Халықты бұғаудан босатуды көксеген, азаттық сүйгіш хан Кене де осы бір асыл істі жалғастырды.
Ұлттың бағына туған жан 1802 жылы өмірге келген. Жаңа туған нәресте тым кiшкентай болыпты. Оны қолына алған  Шоқай би: «Өзi сондай кiшкентай екен, аты Кенесары болсын» деп есімін қойыпты.
Бұл Шоқай Сыр бойынан шыққан Алаш қайраткері Мұстафаның әкесі емес. Бұл үш жүзге бірдей би болған Шоқай Балқанұлы. Ол шамамен 1755-1827 жылдар аралығында өмір сүрген. Туып-өскен жері қазіргі Қостанай облысына қарасты Алтынсарин ауданындағы Обаған өзенінің бойы деп айтылады. Зираты осы аудандағы Қарағайлы елді мекенінде. Оның шыққан тегіне қатысты екі ұшты пікір бар. Бір деректер арғын деп көрсетсе, кейбір мәліметтерде кіші жүздің Байұлынан тарайтын таз руынан шыққан деп айтылады. Ол Қазы, Ізбасты, Қайырлы сынды билермен тұстас, замандас болған. Сондай-ақ, көптеген даулы мәселелерді шешуде әділ төрелігімен, шешендігімен атағы шыққан айтулы би екен.
Кезінде Шоқай шешен айтқан кесімді, билік сөздер хатқа түспегендіктен, бірлі-жарымы ғана ел аузында сақталған. Солардың бірінде мынадай оқиға айтылады.
Бірде Кенесарының Төлең¬гіт¬тері Керей елінің көп малын айдап кетеді. Соған өз елінен ешкім бара алмайды да керейлер Шоқай биге қолқа салады. Ол ел азаматтарының сөзін аяқ асты етпей, Керейдің малын даулап, Кенесарыға барады. Сәлем беріп жатқанда:
– Уай, Кенесары! Сен хан болғанмен, атаң Абылайға тарт¬па¬ған екенсің. Тартсаң, мені үш қырдың астынан қарсы алуың керек еді. – дейді.
– Айтқандарыңның бәрі жөн, ардақты Шоқа, – дейді Кенесары әлі де кішілік танытып. Сөзін әрі қарай жалғап:
– Атаға лайық ісім болмаса, атама тарттым деп алдыңызда бос мақтана алман. Дегенмен, өз басым әлгі айтқан ата дәстүріне сай іс істедім-ау деп ойлаймын. Қазақтың бір баласы атымен келіп түсе алмаған ордама, өзім алдыңыздан шығып, атыңыздың басын ұстап, қолтығыңыздан демеп түсірдім. Бұл бір қырдан қарсы алғаным емес пе? Жас келіндей иіліп, есік ашып кіргіздім. Бұл екі қырдан қарсы алғаным емес пе? Кол баладай жүгіріп, кұрақ ұшып барып, көрпе салып, жастық тастадым. Бұл үш қырдан қарсы алғаным емес пе? Шоқай деген атыңызды, ақ сақалыңызды құрметтемесем, бұл Кенесары қай қазаққа осындай қызмет жасапты? – дейді хан. Қандай мәселемен келгенін айтқан би:
– Сол атақ пен сақалды алға тартып, бір шаруамен алдыңа келдім. Осыған не дейсің, енді соны айтшы? – дейді. Өзінің есімін қойған биге:
 – Келгеніңіз жан жайында болса, қасыңыздан табылар, мал жайында болса алдыңызға салынар. Оған алаңдамай құрметті қонағым болыңыз, деп Кене хан ілтипат көрсетеді. Шоқай Кенесарының қасында болып, Керейлердің малын түгелдей алып, еліне қайтқан екен.
Шоқай Балқанұлы оншақты жылдай Жәңгір хан¬ның кеңесшісі болған. Атақты Кенесары ханмен де қыз¬меттес болып, билік айтып жүрген. Осыдан-ақ оның қандай тұлға екенін аңғаруға болады.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 шілде 2017 г. 1 039 0