Қаламгер болған соң Сыр аймағының түкпір-түкпіріне барып, бітім-болмысы бөлек текті тұлғалармен тұз-дәмдес болып, ашық-жарқын әңгімелесеміз. «Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» деп атам қазақ айтқандай, бар ғұмырын ұрпаққа ұлағат етуді мұрат тұтып, жандары ізгілік шуағымен жадыраған жандардың артында өшпес із, өлмес мұра қал¬ды¬рып келе жатқандығын біреулер білсе, біреулер білмес. Осындай айтулы ақсақалдардың бірі, бірі ғана емес бірегейі, бүгінде 80 жастың серкесі атанып жүрген ағамыз Қаһарман Табынбаев.
«Кейінгі ұрпақтарына Қаһарман аға не айтар екен?» деген оймен ақса¬қал¬дың үйіне ат басын бұрғанмын.
Құшақ жая қарсы алған аға:
– Өмір деген осы, інім, жүрдек поездай жүйткіп бара¬ды ғой. Көргендерім мен кө¬ңілге түйгендерім көз алдымда көлбеңдеумен тұрады. Әттең, кө¬кіректе сайрап тұрғанымен қол жүр¬мейді, – деп бір күрсініп алды.
Сосын барып: – Ұмытпасам 2002 жыл болуы керек, жүрек талмасына шалдығып, ота жасатқанмын. Содан да таңғы сағат алтыда тө¬сек¬тен тұрып, бір сағат бойы жаяу серуен жасаймын. Шүкір, 80 жастың сеңгіріне шығып, бала-шаға, немере-шөберенің қызығына ке¬не¬ліп отырған жағдайым бар, – деді де қабырғалары том-том кітаптарға тұнып тұрған жұмыс бөлмесіне апарған. Рүстембекқызы Ерші есімді жеңшеміз құйған күрең шайды құмарлана ішіп отырып, ашық-жарқын әңгіме дүкенінің есігін ашқанбыз.
Қаһарман аға:
– Көпті көріп, көңілге түйген, алмағайып кезеңдердің ыстық-суығын бастан кешіп, ащы-тұщысын таттық қой. Осы бір өмір жолымды бүгінгі және кейінгі ұрпаққа ұлағат етіп қалдыруды мойнымдағы қарыз бен парызға баламалап жүрген жайым бар. Құптайсыз ба, жоқ әлде? – деген ол маған сұраулы жүзбен барлай қараған-ды.
– Құптағанда қандай, есімдері елге танымал азаматтардың кейін¬гілерге ғибрат қалдыруы өркениетті елдерде ежелден бар.
– Бірақ айтарым, мен әлдекімдер тәрізді өз-өзімді дәріптеуден бойымды аулақ ұстаймын. Содан да жүрген жолым, көрген бейнетім мен зейнетім боямасыз баян етілсе, қанекей? – деген Қаһарман аға кітап¬тар сөресінен бір парақ қағаз алып ұсынған-ды.
Өмірдерегі екен. Ұлы Абай атамыз айтқандай: «Өсек, өтірік, мақ¬таншақ, еріншек, бекер мал шаш¬пақ» бес бәледен қашып жүретін Қаһаңды қасуылдай әңгімеге тарта бастағаным сол еді:
– Інім-ау, өмірдерегіммен таныс¬саң болды емес пе? Адам деген ардақты ат – шын мәніндегі адамға ғана лайық. Еліне, жеріне, ұрпағына қолдан келер қамқорлығын, ізгілігін дарытпаса, оны адам деуге бола ма? – деген аталы сөзі арқама қамшы болып тиген-ді.
Ендеше, оқырман қауым, Қаһар¬ман Табынбаев ақсақалдың өр¬кен¬ді де өнегелі өмір жолына көз жі¬берелік.
Қаһарман аға 1936 жылдың наурыз айында Жалағаш кентінде өмір есігін ашады. Кент орталығындағы кезіндегі №31 Сталин атындағы орта мектебін күміс медальмен тәмамдап, Алматыдағы зоотехникалық-мал¬дә¬рі-герлік инс¬титутына оқуға қа¬былданды. Ғалым-зоотехник ма¬ман¬ның еңбек жолы Жалағаш ау¬дандық ауыл шаруашылығы инспекциясында кіші зоотехник болудан бастау алады. Бертін келе бас зоотехник міндетін атқарып жүргенде, яғни 1961-жылы ау¬дан¬дық ауыл шаруашылығы инс¬пекциясы таратылады. Қаһаң осы ау¬данға қарасты «Қаракөл» қой совхозына бас зоотехник қызметіне жіберіледі. Сол жылдары Калинин атындағы колхоздың мал шаруа¬шылығы саласы тұралап, құрдымға кеткелі тұрған-ды. Содан да мал шаруашылығын маман кадр¬лармен нығайту мақсатында Қаһаңды осы елді мекеннің бас зоотехнигі қызметіне ауыстырады. Қаһаң ауыл жастарының тұрмыс-тіршіліктеріне де зер салып, оларды еңбекке баулуға бел буа, білек түре кіріседі. Ауыл жастары оған зор сенім артып, колхоз бастауыш комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Ауылы ғана емес, аудан көлеміндегі түрлі іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан ол аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс хат¬шы¬лығына тағайындалып, бюро мү¬ше¬лігіне сайланады.
Сонау 1960-1970 жылдар ара¬лы¬ғында Ке¬ңест¬¬ер Одағы заманында мемлекеттік құры¬лымдар жиі-жиі өзгерістерге ұшырап отыратын. Содан болар, 1963 жылы Жалағаш ауданы таратылып, Қармақшы ауданына қосылады. Аудандық партия комитеті Қ.Табынбаевтың өмір мен еңбек жолын талғам тара¬зы¬сына салып, оның 1963 жылы Қармақшы аудандық комсомол ко¬ми¬тетінің бірінші хатшылығына сай¬лады. Оның жастар ісіндегі белсенділігін байқаған облыстық партия комитеті сол жылы, яғни осы 1963 жылы облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындайды.
Қаһаңның өмірдерегінің осы тұсына келгенде көптен көкейімде жүрген бір толғақты сауал ойыма орала берді.
– Қаһа, естуімізше, атақты дихан Ыбырай Жақаевтың жастарға бастамасын ұйымдастыруға сіз бас-көз болған көрінесіз, осы жайлы айтсаңыз?
– Айтайын. Осы бір игілікті істі ұйым¬дастыруға бір мен ғана емес, сол кездегі облыстық комсомол комитетінде қызмет еткен айтулы азаматтардың да өзіндік қолтаңбасын қалдырғаны бар. Ол кезде мен облыстық комсомол коми¬тетінің ауыл шаруашылығы сала¬сына басшылық ететінмін. Бір күні облыстық комсомол ко¬ми¬тетінің бірінші хатшысы Абылай Айдосов шақырып, ақылдасып Жақаевшыл жастар қозғалысын бас¬тама етуі жайлы ой қозғаған. Осыған байланысты облыстық комсомол комитетінде дала академигі, атақты диқан Ыбырай Жақаевтың жастарға Үндеу тастар хатын ұйым¬дастыру бастамасы ойыма орала кетті. Бұл ұсынысты облыстық партия комитеті мен Қазақстан Лениншіл комсомол жастарының орталық комитеті де қызу қолдап, бұл құжаттың жобасын дайындау маған тапсырылды. Әрине, жеңіл шар¬уа емес. Ыбекеңнің жастарға арнаған хат жобасын дайындау үшін күн-түн көз ілмей жүргенім әлі есімде. Ұзын сөздің қысқасы сол, хат жобасын дайындап, облыстық партия мен комсомол комитетінен қолдау алдым. Іс мұнымен бітпейді. Өйткені, хат жобасы Ыбырай атаға таныстырылып, келісімін алу керек. Ат басын Ыбекеңнің ауылына бұрып, хатты егжей-тегжейлі таныс¬тырып, қолын қойдырып алғанымда иығымнан ауыр жүк түскендей сезініп, рахат сезіміне бөленгенім бар. Даңғайыр диқанның «Жас достарға хаты» облыстық партия комитеті тарапынан қолдау алып, облыстық баспасөз беттерінде жарияланды. Аталған бастама одан әрі қарай қанатын кеңге жайып, аймақ деңгейінен асып, республика жұртшылығына жария етілді. Әлі есімде, күріш өсірудегі мол жетістігі үшін Қармақшы ауданына қарасты кезіндегі Ленин атындағы совхоздың звено жетекшісі Әбен Тоғызбаев даңқты диқан Ыбырай атасы қолынан №1 аттестатын алу құрметіне ие болды. Бұл шараны ұйымдастыру да менің еншіме тиесілі еді. Осы бір айтулы шараның суреттері мен құжаттары облыстық мұражайда сақтаулы, – деген Қаһаң жылы ғана жымиып, сол бір айтулы күндерді рахаттана есіне алды.
...Қаһарман аға өмірдерегі жалғасына қай¬тадан көз жібердім. 1965 жылы өзінің білімін жетілдіру мақсатында Алматыдағы жоғары партия мектебіне жолдама алады. Партия мектебінен тәлім-тәрбие алған ол алдымен облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бертін келе ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарады.
1969 жыл болатын. Облыстық партия коми¬тетіне Қаһаңның туған топырағы – Жалағаш аудандық партия комитетінен ауданға жіберу жөнінде сұраныс келіп түседі.
Мамандығына қарай алдымен аудандық ауыл шаруашылығы бастығы болып тағайындалса, осы сала жұмыстарында ысылған оны араға бар-жоғы екі жыл салғанда, яғни, 1971 жылы аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланады. Ал, 1974-ші жылы облыстық партия комитеті оған зор сенім артып, ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісі қызметіне алдырады. Ендігі сөзді Қаһаңа ұсындым.
– 1979-шы жыл ¬болатын. Қазақ¬стан орталық партия коми¬те¬тіне Қазалы ауданының 70 тұр¬ғыны қол қойған шағым келіп түседі. Орталық партия коми¬те¬тінің партиялық тексеру комиссиясы арызды мұқият тексеріліп, қоры¬тын¬дысы май шаммен қаралады. Расында да қыруар кемшіліктер етек жайған екен. Содан да ауданда орын алған олқылықтар мен кем¬шіліктер үшін сол кездегі аудан басшылары жаңартылды. Сол-ақ екен облыстық ауыл шаруашылығы бөлімі басшылығында жүрген ма¬ған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәкей Есетовтен шақыру келіп, осы ауданның бі¬рін¬ші хатшылығы қызметіне баруыма ұсыныс жасалды. Шынымды айтсам, барғым жоқ болатын. Билік басындағы айтты екен, бармасқа лажым болмады.
Ал, 1983 жылы сол кездегі об¬лыс¬тық партия комитетінің бірін¬ші хатшысы Тәкей Есетовтің нұс¬қауы¬мен Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне барғанмын. Ашығын айтсам, бұл ауданда да алып-қашпа әңгіме бар екен. Десе де, ақ жолдан адаспай жүріп, ақты ақ деп, қараны қара деп бағаласаң, шындықтың шырағы өшпес болар, інім.
– Қаһарман аға, көкейімде тағы бір сұрақтың тұрғаны. Екі аудан¬ның басшылығында жүргенде бүгін¬де есімдері елге танымал талай аза¬мат¬тарға тәлім-тәрбие де берген боларсыз?
– «Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер – жанның тынысы» деп атам қазақ айтқандай, жақсы жандармен сыйлас та сырлас, тұз-дәмдес болғанымды мақтаныш етемін. Саралап айтар болсам, екі аудан басшылығында жүргенде Б.Қарғабаев, Ж.Ердешбаев, Қ.Шап¬ша¬ңов, Н.Мұсабаев, Қ.Әлім¬баев, Ж.Шәріпов сынды азамат¬тармен қызметтес болып, оларға өзіндік тәлім-тәрбиемді бергенмін. Бертін келе бұл азаматтар да аймақтың сан алуан басшылығында болып, елдері үшін емірене жүріп еңбек еткен айтулы азаматтар болды.
...Иә, екі бірдей аудандағы бас¬шылық қызметін ¬абыройлы атқарып, өрлеу жолына салған Қаһарман 1986-шы жылы облыстық партия комитетінің шешімімен облыстық ауыл шаруашылығы сала¬сына бас¬шы¬лық қызметке келеді. Облыстық мал асылдандыру стан¬ция¬сының директоры, одан әрі облыстық тұтыну қоғамы төра¬ға¬сы¬ның орынбасары, об¬лыстық дайындау конторасының директоры қызметтерін атқарып, рес¬публикаға ерекше еңбек сіңірген дербес зейнеткер құрметіне ие болып, еңбек демалысына шығады.
Қаһарман ағаның ел алдындағы ерен еңбектері де ескерусіз қалған емес. Бүгінде оның дархан даладай кеудесінде «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет бел¬гісі» ордендері мен тәуелсіз Қазақ¬станның «Ерен еңбегі үшін» медалі жарқырайды. Қазақ ССР Жо¬ғарғы Кеңесі Президумының «Құр¬мет грамотасы», басқа да құ¬зыр¬лы органдардан алған «Алғыс хаттар» мен ондаған мерекелік медальдарды санамалап айту әсте мүмкін емес. Кезіндегі облыстық, аудандық партия комитетінің бюро және пленум мүшесі, облыстық кеңес¬тің бірнеше дүркін депутаты болып сайлануы, ал бүгінде Жалағаш, Қазалы аудандарының «Құрметті азаматы» атануы халық сенімінен туған құрмет болса керек. Қазыналы қарт қартайса да қарап отыруды қаламайды. Он екі жыл бойы облыстық ардагерлер ке¬ңе¬сінің пленум және алқа мүшесі болып, бүгінгі және келер ұрпақтарға ақыл-кеңес айтып, шамасы келгенше тәлімді тәрбие берумен жүріп келеді... жүріп келеді...
Құдай қосқан қосағы Рүстем¬қызы Ершімен өмірге алтын асықтай алты перзентті әкеледі.
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, олардың бәрі дерлік жоғары білім алып, бүгінде сан алуан салаларда елдері үшін емірене жүріп, қалтқысыз қызмет етіп жүр.
Адамның атын тану оңай да, ал оның адамгершілігін тану аса қиын екен. Қаһаңмен әңгіме үстінде әр адамның өзіне ғана тән бітім-болмысы, өмірге көзқарасы, бір-біріне ешбір ұқсамайтын бітімі мен мінез-құлқы болатынын аңғардым. Әрбір адамның өмірі – өзінше бір тарих. Оның өмірлік тарихы астарында қуаныш та, реніш те, ерлік те, оны айтасыз, еңсе түсіріп, еңкейтер сындарлы сәттер де болады. Бұл – өмір заңы. Міне, бүгінде сексен жастың желкесіне мініп, сексеннің серкесі атанып отырған Қаһарман аға да осындай өмір заңымен жаза баспай жүріп келеді. Осы жылдары талайлармен үзеңгі қағыстырып, ел басқарды, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігін түзеуге барынша қызмет етті. Туған топырағы – Сыр елін гүлдендіріп, экономикасы мен әлеу¬мет¬тік ахуалын жақсартып, өрге бас¬тыруға сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Еркін ӘБІЛ,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.