« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өткен 17-18 ғасырларда қазақ даласында өндіріс орындары болған жоқ. Өндіріс тауарларын орыс көпестері көптеп шоғырланған Қызылжардан ғана табуға болатын. Бұл кезде ақша айналымының орнына мал жүрді. Қазақ даласының әр түкпірінен отар-отар мал айдап келіп, қазақтар қажетті тауарлары мен тұрмыс заттарын осы жерден алатын.
1848 жылы орыс көпесі Ботов мал айдаған қазақтарды Тоқпақ тауы жазығынан күтіп алып, өндіріс тауарларын қымбат бағаға балап, мал мен одан алатын өнімдерді, қолөнер бұйымдарын еуропалық қалаларға дейін жеткізіп көп пайда тапқан. Мұндай оңай олжа басқа да орыс көпестерінің назарын аударып, 1849 жылы Қарқаралыдан елу шақырым жердегі Қояндыда айырбас сауда орталығы ашылады. Тұрақты айырбас орны белгіленгендіктен сауда жыл сайын қызып, жәрмеңке дәрежесіне жетеді. Жәрмеңкенің дәл осы жерден ашылуына көпестердің Қызылжарма мен Қытай арасындағы жолы болғандығы әсер етеді. Алғашқы жылдардағы сауда ашық аспан астында болғанымен, 1871 жылдан бастап, алғашқы сауда балағандары салынады. Осы кезеңде Батыс Сібір Бас басқармасының кеңесі жәрмеңкенің әр жылы 15 маусым мен 15 шілде аралығында ұйымдастырылуын құжатпен бекіткен.
1900 жылы бұл жерде 30 дүкен, 270-тен аса балаған, 700-ден аса киіз үй болған. Телеграф тартылып, пошта, банк, полиция бөлімшелері ашылған. Бұл жұмыстарға Ресейдің қаржы министрлігі араласқан. Себебі түсінікті, ресейліктер Қоянды жәрмеңкесі арқылы тұтыну тауарларын арзан бағамен иелену мүмкіндігіне ұмтылған.
Сондай-ақ, жәрмеңкеде намаз оқитын ғибадатхана, өнер өкілдерінің сахнасы – «Халық үйі» жұмыс істеген. Мұнымен бірге мал өнімдерінен бөлек – шай, қалуа, құрма, өзге де жемістің алуан түрі, азиялық маталар мен сәндік бұйымдарға көз сүрінетін. Қымыз сабада, айран күбіде, май қарында, саудалы жерде ас та мол. Бұл жерге Батыс Қытай, Сібір, Ресей, Моңғолия, Үндістан саудагерлері ағылып келетін. 1869 жылдың өзінде ғана жәрмеңкеге саудаға түскен мал басы 500 мың болғаны санаққа енген.
Жәрмеңкенің бір басына биыл келген адам келесі басына келер жылы келемін деп кететін болған. Себебі сауда қатарлары созыла-созыла елу шақырымнан да ұзап кеткен.
Бұл жәрмеңкені қазіргі тілмен айтқанда «Қоянды ЭКСПО-сы» деп атауға болады. Өйткені жәрмеңке халықаралық дәрежеге көтерілді. Жан-жақтан келген өзге ұлт өкілдері осы жерде қазақтың тағамдарынан дәм татып, қолөнерін қызықтап, сатып алды. Өнер шеберлерін тамашалады. Жалпы, халқымыздың ұлттық болмысын таныды.
Дегенде, ханбазар сауданың қызығын кәнігі саудагерлер көбірек көрген. Ал, жүз қой айдап барған Сыр қазағы екі түйенің қоржын басы толатын ғана базарлық алып қайтқан. Олардың ішінде айна, тарақ, кесе, шәйнек, құрым етік, қоян құлақшын, жібек мата, жейде, жеңіл-желпі киім-кешек секілді заттар болған. Малға бай қазекем тұрмысқа қажетті мұндай керек-жарақты өзі өндірмеген.
Мың жарым шақырым жол жүру үшін, әрине, жараулы ат, жазылы түйе керек. Өгіз арбасы ғана бар кедей ол жаққа қайдан барсын, бірақ олар да мың естігеннен бір көргісі келеді. «Асықпаған арбамен Қояндыға жетеді» деген сол кездің сөзі. Тарихи мәні бар осы мәтелді келе-келе айтушылардың «Асықпаған арбамен қоянға жетеді» деп бұрмалап жібергені өкінішті. О заман да, бұ заман, арбамен қоян қуғанды көрдім деген біреу жоқ шығар.
Қоянды жәрмеңкесі қазақ даласының алғашқы сауда элитасын қалыптастырып, халықтардың жақын араласуына да айрықша ықпал етті. Тұрақты экономикалық байланыс орнатып, халық өнері мен мәдениетінің кең танылып, дамуына зор үлес қосты. Бұл жәрмеңкені ұлтымыздың өнер саңлақтары түлеген мектеп десек те болады. Бұл жерде атақты әнші, сырнайшы Майра Уәлиқызы танылған. Тіпті қазақ театрының өзі де осы жәрмеңден бастау алған. Әйгілі Қалибек Қуанышбаев жәрмеңке кештерінде әртүрлі адамдарды пародиялап, саудагерлердің өзін сахна көрерменіне айналдырып жіберген. Әміре Қашаубаев, Әбдінің Омары, Иса Байзақов, Қажымұқан, Балуан Шолақ, Иманжүсіп секілді қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары да халыққа өз бейнелерімен танылып, өнерлерін паш еткен. Айтыс пен балуан күресі, ат өнері жәрмеңкенің ажырамас бір бөлігіне айналып, байлар жеңімпаздарға жүлделер тағайындаған.
Мұнда билер съезі өтіп, онда түрлі әлеуметтік, құқықтық мәселелер көтерілген. 1905 жылы Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен патша үкіметіне саяси қарсылық ретінде 14 мың адам қол қойған петиция осы жәрмеңкеде жазылған. Шын мәнінде Қоянды қазақ зиялыларының ел жайын кеңесетін орталығына айналып, халықтың саяси-қоғамдық санасын біріктірді.
Осылайша тарихтан таңбаланып тұрып орын алған Арқа төсіндегі Қоянды жәрмеңкесі 82 жыл дәуірлеп, 1930 жылы өзінің өмір сүруін тоқтатты. Мұның негізгі себебі, қазақ елінде жаппай кәмпескелеу мен колхоздастыру саясаты белең алып, халық малдан жұтап, отырықшылыққа көшті. Уездік және облыстық орталықтарда тұрақты сауда дамыды. Қалалар зауыт-фабрика өнімдерінің қоймасына айналды. Тауарлық-ақшалай айналым өсті. Міне, осының бәрі қазақ даласының мәні мен сәніне айналған, Сарыарқаның Жібек жолы аталған Қояндыны біржола таратып тынды.
Қоянды жәрмеңкесінің қазақ өмірінде, халықаралық байланыста сауда-экономикалық, рухани қарым-қатынас тұрғысынан атқарған қызметі өте зор. Сондықтан бұл атау ел үшін тарих жадына жазылып қалған бір дәуірдің белгісі есебінде қымбат.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |