ӨНДІРІСКЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМДІ МАМАНДАР ҚАЖЕТ

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында бірнеше жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сондай үлкен жобалардың бірі – шыны зауыты жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек облысымызда мырыш, уран өндірісі де қарқын алуда. Алайда, елімізде бұл салаға қажетті мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындары жоқ. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Ресейдің жетекші оқу орындарында 400-ге тарта Сыр өңірінің жастары білім алуда. Олар қазіргі таңда өндіріске аса қажетті мамандықтарға машықтанып, жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгеруде.

Сейсенбі күні «Арай Аквапарк» ойын-сауық кешенінде Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Жарқын. Сенімді. Мақсатшыл» атты Ресей Федерациясында білім алып жатқан жастармен бейресми кездесу өткізілді. Кездесудің басты мақсаттарының бірі – 2017-2018 оқу жылындағы Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының жетекші оқу орындарының Сыр өңірінің үздік бітіруші түлектермен, олардың мамандықтарына сәйкес өңіріміздегі жұмыс беруші мекемелермен таныстыру және пікір алмасу алаңын қалыптастыру болатын.

Кездесуге жиналған 30 бакалавр, 15-ке жуық магистр түлектеріне басқосуға келген қонақтарды, мекеме басшыларын облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев таныстырды.

Алғашқы сөз кезегін алған облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Бекзат Тамшыбай облыс көлемінде жақын арада жаңадан ашылатын жұмыс орындары туралы толық ақпараттармен бөлісті. Бекзат Сағатұлының айтуынша, жылдың аяғына дейін шыны зауыты мен калцийлендірілген ас содасын шығаратын зауыт іске қосылады. Бұл өндіріс орындарына жаңа технологияның тілін білетін мамандар қажет. Сондықтан да келер жылы оқу бітіретін түлектер осында жұмысқа орналасуға мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Сонымен қатар бейресми кездесуде «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры Мағжан Ералиев, «Байкен – U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының кеңесшісі Ғайнулла Жарқынбаев, «АралТұз» акционерлік қоғамы директорының орынбасары Гүлжайна Шаймағамбетова, облыстық телекоммуникациялар дерекциясының қызметкерлерді басқару және құжаттама бөлімінің басшысы Рыскүл Тәжиева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қарабалаев шетелде жоғары білім алған жастардың еліміздің дамуына өз үлес­терін қосатындарына сенім білдіріп, өндіріс орындарына қажетті маман­дықтар тура­лы кеңінен әңгімеледі. Кез келген студенттің меке­ме­лерді аралап көріп, жұмыс орындарымен жақынырақ танысуға да болатындарын жеткізді.

Өз кезегінде өзге елде білім алып жатқан жастар да мекеме-кәсіпорын бас­шы­ларымен кездесу ұйым­дас­­тырған облыстық жас­тар саясаты мәселелері бас­қар­масына алғыстарын жеткізіп, өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды.

Бұл кездесудің екі жаққа тиімділігі өте көп. Облыс көлеміндегі өндіріс орындарының басшылары келер жылы оқу бітіретін болашақ мамандармен танысып, өздеріне қажетті мамандықтары бар жастармен байланыс орнатты. Ал, оқу бітіретін жастардың қуаныштарында шек жоқ. Қолға диплом алған соң олар жұмыс іздеп сабылмайды. Ал, жастарды шетелде оқытудың да басты мақсаты да осы болатын. Себебі, өндіріс орындарына жаңа технологияның тілін білетін мамандар ауадай қажет.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 шілде 2017 г. 610 0