СОЛ ЖАҒАЛАУ ДАМУҒА СЕРПІН БЕРЕДІ

Алаштың анасы атанған Сыр елі қарқындап дамып келеді. Облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары өңір әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Қашаннан қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ортада берекелі бірлік пен жарасымды тірлік басты орынға қойылған.  

Бүгінде Қызылорда сәні мен салтанаты жағынан өзге де қалалардан кем түспейді. Өйткені, бұл қала Елордаға қарап бой түзеуде. Осы жерде шығыстық үлгіде жаңғыртылатын Сырдарияның сол жағалауын ерекше атап өтуге болады. Қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақ жұртшылықтың да ерекше қызығушылығын тудыруда. Аталған аймақ туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың 14 сессиясында айтып өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, біз Қызылорда қаласының сол жағалау бөлігін игеруге барынша кірісіп кеттік. Бұған бізді тұрғындар санының және урбанизация деңгейінің өсуі жетелеп отыр. Қазірдің өзінде алғашқы болып 18 көпқабатты үйлерден тұратын шағын аудан, балабақша, жастарға қызмет көрсету орталығы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы басталды, – деді аймақ басшысы. 

Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді айтып өтуге болады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен, сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі  парк пен жасыл желекті аймақтар қарастырылып отыр.
2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132,9 млн. теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы осы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Аталған жоба облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілді.

Қала дамуына жаңа қарқын беретін құрылыс жұмыстары толастаған емес. Ағымдағы жылдың мамырында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Жалпы, құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының аяғына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынады. Ал, жоба құны 742 млн. теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаның құрылысы «Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынады.

Мамандардың пікіріне сүйенсек, 2018 жылы республикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын жүргізу де жоспарда бар екен.
Алдағы уақытта осы аумақтан жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, онкологиялық орталықтың және Сыр елінің өткенінен сыр шертер Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайының ғимараттары бой көтермек. Облыстық бюджеттен бөлінген 68 млн. теңгеге бұл нысандардың ішінен «Онкологиялық орталықтың» жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, құрылыс жұмыстары қазан айында басталады деп күтілуде. Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы құрылысының жоба-сметалық құжаттарын мемлекеттік сараптамасымен қоса әзірлеуге 7,7 млн. теңге қаралған. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске қосылған «Тұрғын үй құрылысы комбинаты» өнімдерін пайдалана отырып салынатын сол жағалаудағы 50 пәтерлік 4 арендалық тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттарын мемлекеттік сараптамасымен қоса әзірлеуге облыстық бюджеттен 29 млн. 564 мың теңге бөлінген. Бұдан бөлек 60 пәтерлік 3 арендалық тұрғын үйлердің жоба-сметалық құжаттарын мемлекеттік сараптамасымен қоса әзірлеуге қосымша 16 млн. 221 мың теңге қаралған.

Біз бұл мақалаға тек сол жағалауда жүргізіліп жатқан жұмыстарды ғана арқау еттік. Сыр елінде толағай табыстарға бастайтын ауқымды тірліктер жеткілікті. Ендігі жерде «төртеу түгел болсын» деп еңбек ету тұр.

 

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 шілде 2017 г. 809 0