НАРЫҚ НАҚЫШТАРЫ

МҰНАЙ РЫНОГЫ: БОЛЖАМДАР НЕ ДЕЙДІ?

Жыл басында мұнай бағасының көтерілуі «қара алтынды» экспорттаушы елдер үшін қолайлы жағдай туғызған еді. Алайда жыл ортасына қарай бұл үміт біршама көмескі тарта бастады. Мамандардың пікірінше, мұнай рыногындағы жағдайдың жақсаруы үшін әлі де көп уақыт керек. Сарапшылардың пікірінше, биыл мұнай бағасы барреліне 50 доллар, бәлкім, жыл соңына қарай 30-40 доллар көлемінде сатылуы мүмкін.

Баға болжамындағы мұндай күрт ауытқушылық жалпы, әлем экономикасындағы құбылысты алдын ала айтудың тым күрделене түскендігін білдірсе керек-ті.

«Қара алтын» рыногындағы тұрақтылық, яғни бүгінгі 50 доллар төңірегіндегі баға Қазақстанда теңге құнының сақталуына оңды әсерін тигізетін болады.

АХУАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ?

Қазақстанның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы активі табысының номиналды өсімі үстіміздегі жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 1,7 пайыз құрады, – деп хабарлайды республикалық қор төрағасының орынбасары Сәуле ­Егеубаева. 2017 жылдың 1 маусымындағы дерек бойынша республикалық қордағы зейнетақы активі 6,9 трлн теңгені құраған болатын.

Соңғы деректер бойынша зейнетақы активі 7 трлн теңге­ден асып түсті. Мамыр айындағы инвестициялық табыс 1,36 пайызға өскен.

Сарапшылардың пікірінше, 2016 жылдың осы кезеңіндегі инвестициялық табыс бүгінгіден 2 есе жоғары болған көрінеді. Қор табысы қандай көздерден құралады? Егеубаеваның мәлімдегеніндей, 2017 жылдың 1 маусымына зейнетақы актив­терінің 41,7 пайызы Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, 9,14 пайызы шет мемле­кеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына, 19,49 пайызы қазақстандық банктердің облигацияларына, 4,89 пайызы банк депозиттеріне, 12,66 пайызы квазимемлекеттік сектордың облигацияларына инвестицияланды.

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ АРАБ ЕЛДЕРІ  ФУТБОЛҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Осыдан ондаған жылдар бұрын әлемге аты белгісіз елдердің бірі – Катар бүгінде газ алпауыты ғана емес, дүниежүзіндегі белгілі футбол клубтарын иеленуге аса ынтызарлық танытып отырған мемлекетке айналды. Олардың қатарына сондай-ақ Біріккен араб әмірлігін де, Қытайды да қосуға болады. Қазір олар Батыс Еуропаның белгілі клубтарының иегерлері атанып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, Қытай инвесторлары 2014 жылдан бастап Италияның – «Интер», Англияның – «Рединг», Чехияның – «Славия», Францияның – «Лион», Испанияның «Гранада» клубтарының бақылау пакеттерін иемденіп отыр. Бұл дегеніңіз қытайлықтар осы клубтардың қожайыны деген ұғымды білдіреді. Қытай инвесторлары соңғы үш жылда шетелдік футбол клубтарын сатып алуға 2,4 трлн АҚШ долларын жұмсаған.

Қытай инвесторларының футболға қызығушылық танытуы неліктен? Бұл Си жолдастың, Қытай коммунистерінің басшысы Си Ципиннің идеясынан туындаған қызығушылық, дейді сарапшылар. Қытай жетекшісі елде футболды дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Жуырда ол футболдың дамуымен бірге сауданың, көлік инфрақұрылымдарының өрістейтінін атап көрсеткен болатын. Соған қарағанда Қытай жетекшісі бұл идеяның экономикалық қырын да барынша ескерген сыңайлы. Бірақ, ең маңыздысы, Қытайдың өзінде футболды дамытудың негізі қалануы керек. Себебі, қазір Қытай ФИФА рейтингінде 81-орында. ҚХР мемлекеттік кеңесінің төрағасы Си Ципин енді әлем экономикасында үстемдік орнатып қоймай, Күншығыс елін футбол жағынан да жұлдызды державаға айналдыру ойын жасырмайды. Ол үшін Қытайда футболға 4-13 жас аралығындағы миллион баланы тарту көзделіп отыр. Бүкіл елде бұл орайда 20 мың футбол мектебі салынып, 60 мың алаң пайдалануға берілетін болады.

Дайындаған

Ж.ӘЛМАХАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 шілде 2017 г. 497 0