КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІҢ КӨРІНІСІ

Астана қаласындағы халықаралық  «ЭКСПО-2017» көрмесіне Жалағаштан  52 ардагер алғашқы лекте сапарға шық­тық. Ардагерлерді аудан  әкімі  Талғат  Дүйсебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев бастаған ел азаматтары сәттілік тілеп, шығарып салды.

Жол  бастаушы –  аудандық ішкі  ­саясат   бөлімінің  маманы  Тұраржан  Әкім­жан.  «Қызылорда – Көкшетау» пойызымен елор­даға  барып,  «ЭКСПО-2017» қалашы­ғының аумағындағы сәнді ғимаратқа орна­лас­тық. Барлық жағдай  жасалған. Көрмені тамашалауға барған  зейнеткерлердің  үлкені  белгілі  экономист,  бүгінгі  құрметті  қария  Тасқара  Байниязов  ағамыз,  аудандық басылымның белсенді авторларының бірі,  ардагер  Айша  Есенбаева, «Алтын  алқа» иегері, күрішші  Алтынай  Байниязова  сынды түрлі салада абыройлы еңбек еткен аудан  ардагерлері  және бір топ ауған соғысының ардагерлері бар.

«Жақсыны көрмек үшін...» Бір сөзбен айтқанда, «Болашақ энергиясы» көрмесі – ғажап дүние. Озық ғылыми-техникалық  жетістіктерді көре отырып, адамзаттың ақыл-ойының қаншалықты дамып кеткенін байыптауға болады.  Сол жаңалықтардың  болашақта  еліміздің дамуына  өз  үлесін  қосатыны анық. Елбасының салиқалы сая­сатының түпкі мәнісі де осында болса керек.

Көрмеге қатысушы  елдердің  тарихы,  салт  дәстүрі  және  мәдениеті  көпшілікке  көрсетіліп жатыр. Оның ішінде қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, сан түрлі бояумен құбылған қолөнер бұйымдары шетел қонақтарының  назарын ерекше аударды. Көруге  лайықты  дүниелер  өте  көп. Жаңарып, жасарған Астананы, ғаламат көрмені тамашалап, керемет рухани  әсер  алдық.  «Қазақфильмнің» дара туындысы – «Қыз  Жібек»  киносымен  әлемге  танымал  болған әйгілі актриса Меруерт  Өтекешовамен кездестік. 

Елордамыздағы жаңа ­бастамаларды, ға­жайып сәулетті туындыларды көре отырып, болашаққа  деген   сенімділік  ұялайды.  Осындай  құрметке  ие  болып  отырған  еліміздің  тыныштығы,  130-дан астам  ұлт­тар  мен ұлыстардың  бір-біріне  ­деген  достығы  қазақ елін  әлемге  паш  етіп  отырған  Елбасының   көрегенділігі мен байыпты саясатының   жемісі екені даусыз.

Дина МЕЙІРМАН,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 

Жалағаш аудандық филиалының төрайымы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 шілде 2017 г. 655 0