ЖАСТАР САЯСАТЫНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖОҒАРЫ

Қоғамның қозғаушы күші – жастар десек, олардың өмірлік мақсаты, тұрмысы мен тіршілігі бізді толғандыруы тиіс. Сондай-ақ, аймақ жастарының заман талабына сай  жаңа кәсіп түрлерін игеріп, өмірден өз орнын табуына қолдау көрсету күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, Байқоңыр қаласының жастарын қоса есептегенде, Сыр өңірінде 14 пен 29 жас арасындағы жастардың саны 201 347 адамды құрап отыр. Оның ішінде қала жастары – 83 161 болса, ауыл жастарының саны – 118 186. Демек, өңірдегі жалпы халықтың 26,7 пайызы жастар. 

Жастарды жұмыспен қамту жайына келер болсақ, жыл басында экономикалық белсенді жастардың саны – 92 300 болатын. Оның 2900-і жұмыссыздар, 89 400-і жұмыспен қамтылғандар. Қала және аудан орталықтарында жастармен көшпелі кездесулер ұйымдастырылып, оларды толғандырып жүрген мәселелер зерделеніп, тиісті шешімін табу бағытында жүйелі жоспар жасалып отыр. 

Облыс әкімінің бекіткен «Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол картасында» аймақ жастарының арнаулы немесе жоғары білім алуы, кәсіби даярлануы, шағын кәсіпкерлікпен айналысып, өмір талабына бейімделуі, сондай-ақ жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы жан-жақты қамтылған. Соның бір айғағы – дарияның сол жағалауынан бой көтеріп келе жатқан жаңа қалада «жастарға қызмет көрсету орталығы» салынатын болады.   

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаевтың айтуынша, осы жылы облыста жастар саясатын жүзеге асыруға 515 млн 754 теңге қаржы бөлініп, өткен  жылмен салыстырғанда  40 пайызға артқан. Бүгінде  жастар саясатына бағытталған  43 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан, күндізгі бөлімде білім алатын 3 214 студенттің  қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруіне 109 070 мың теңге қаржы бөлінген.  

– Алдағы уақытта жоғарыда аталған «Жол картасының» аясында өңірімізде жастар арасында қалыптасып отырған әлеуметтік проблемаларды кезең-кезеңімен шешу арқылы табысты, бәсекеге қабілетті және ұлтжанды азаматтар қатарын қалыптастыру бағытында кешенді әрі кең ауқымды жұмыстар жүзеге асырылатын болады, – дейді Е.Меңлібаев.

Айта кетуіміз керек, аймағымызда жастардың заман талабына сай білім алуына лайықты жағдай жасалған. Атап айтқанда, Ресей Үкіметінің гранттары негізінде 419 түлек, сонымен бірге, облыс әкімінің бастамасымен халықтың осал топтарынан шыққан 512 студент облыс әкімінің грантымен оқу орындарына түскен. Жалпы, өткен жылы мектеп бітірген түлектердің 95 пайызы колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуда.   

Әрине, жастар саясатын жүзеге асыруда біршама жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, күрмеуі шешілмей тұрған мәселелер де бар. Мәселен, жас отбасыларын тұрғын үймен қамту барысында, олардың бюджеттен тыс жеке меншік нысандарында жұмыс жасауы, табыс көлемінің төмендігі, міндетті зейнетақы төлемдерінің уақытылы аударылмауы салдарынан, ипотекалық үйлерден баспана алуға мүмкіндіктері болмай жататыны рас. Алдағы уақытта осы мәселені шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 шілде 2017 г. 686 0