ИЗРАИЛЬ МЕН КУБА ӘСКЕРІ БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫН ҮЛГІ ЕТЕДІ

Жұмыстан кейін теледидардан жаңалық көретін әдетім. Одан қала берді «Ел арна» арнасын тамашалаймыз. Бірде осы бір арнадан қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильм көрсетілді. Онда батыр Баукеңнің соғыс өнерін Куба әскерінің  үлгі еткені жайлы айтылады. Жеңіс күні қарсаңында ұялы телефоныма «уатсап» әлеуметтік желісі арқылы Б.Момышұлының әскери тактикасынан Израиль жауынгерлері де тәлім алғанын айғақтайтын  видео келген еді.

Қазақтың қайсар ұлы, қаһарман Бауыржан Момышұлы қайталанбас алып тұлға. Ол – феномен. Оның батырлығы мен адамдық мінезін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Батыр атамыз Ұлы Отан соғысында «Момышұлы серіппесі» деп аталатын тактиканы қолданған. Осы әдіс арқылы талай мәрте жау қоршауын бұзып өтіп, сарбаздарын дұшпан оғынан аман алып шыққан. Кейде 150-200 адаммен бүтін бір дивизияға тән әрекеттерді жасаған. Ол Демьян қаласының түбінде өз әскерін 20 топқа бөліп орналастырған. Сөйтіп, немістердің тұтас бір дивизиясына түн ішінде бірнеше бағыттан соққы береді. Көшпелілер тәсілімен жүр­гі­зілген ұрыс фашистерді әбден сас­тырады. Олар өздеріне тұтас дивизия шабуыл жасап жатыр деп ойлайды. Шын мәнінде сол сәтте Бауыржан Момышұлы сарбаздарының саны небәрі 157 адам болған екен. Осындай жойқын соғыстың арқа­сында мыңнан аса жау сарбазын жер жастандырады. Неміс генерал-пол­ковнигі Эрих Гепнер өзінің ке­зекті бір баянатында құрамында Момышұлы бар 8-гвардиялық дивизияны «ұрысты жүргізудің барлық жарғылары мен ережелерін бұзып соғысатын, солдаттары тұтқынға түсе қоймайтын, өз істеріне шектен тыс берілген және өлімнен қорық­пай­тын жабайы дивизия», – деп атапты.

Екінші дүниежүзілік соғыстың Кеңес әскерлерінің жеңісімен аяқ­тал­ғаны белгілі. Арада жылдар өтеді. Куба басшысы Фидель Кастро 1963 жылы Мәскеуге мемлекеттік сапармен келеді. Сонда одан: «Сіз үшін Екінші дүниежүзілік соғыс­тың бас­ты қаһарманы кім?» деп сұрапты. Кастро көп ойланбастан: «Бауыржан Момышұлы», – деп жауап берген екен. Сол жылы Баукеңді Кубаға арнайы шақыртады. Бауыржандай батыр қасына Олжас Сүлейменовті ертпек болып, ақын­ға қолқа салады. Бірақ, Олжас ағамыз белгілі бір себептермен сол жолы Кубаға бара алмайды. Баукең болса, «Бостандық аралы» аталған елге барып, офицерлер ал­дында әскери дайындық жөнінде дәріс оқиды. Бұл елдегі әскерилер Баукеңмен оның ерлік істері жайында жазылған Александр Бектің «Волокалам тас жолы» кітабын оқып, жауынгерлік қимылдардан тағылым алған екен. Сол жолы Баукең Фидель Кастроның аталған кітапты оқып отырған «Гранма» газетіндегі суретін елге алып келді.

Момышұлының әскери тактика­сы­нан жалғыз Куба елі ғана сабақ алмаған. Мысалы, 1946 жылы бел­­гілі тәржімашы Шломо Эвен-Шошан кітапты иврит тіліне аударады. Палмахтағы еврей ­ишувы астыртын қарулы күштері роталары бірінің командирі Бени Маршак бұл кітапты қарауындағы жауынгерлерге түгел таратып берген. Израиль мемлекеті құрыл­ғаннан кейін Бауыржан Момыш­ұлының соғыс өне­рі­нен сыр шертетін кітап сол елдің әскерилері оқитын оқу­лық­тар­дың қатарына қосылды.

«Уатсап» желісіндегі ­видеода да осы жай баяндалады. Ресей президенті Владимир Путин Кремльде нацизм құрбандары мен қарсылық қозғалысы қаһар­ман­дарын еске түсіруге арналған кездесу өткізеді. Кездесуде сөз сөйлеген Израиль тарихшысы Арон Шнеер «Волоколам тас жолының» жас Израиль мемлекетін құруға  көп көмегі тигенін негізге алады. «Сол кезде Израиль армиясының әрбір офицеріне қарумен бірге осы кітап берілді. Ол біз үшін жай оқу құра­лы ғана болған жоқ, сондай-ақ, қа­жет кезде басшылыққа ­алатын нұс­қаулық та болды» деп атап өтеді. Тарихшының айтуынша, ­Израиль армиясы бас штабының бас­тығы генерал Мота Гурдың есте­лік­те­рінде мынадай оқиға айтылады. Ол өз сарбаздарына Бауыржан Момышұлының қорқақтық көр­сеткен жауынгерге қарата айтқан сөзімен тіл қатады. «Сен тек өз позициямды ғана тастап кеттім деп тұрсың ба? Жоқ, сен Мәскеуді жауға бердің», – деп бітіреді. «Мен содан кейін әскери тағзым еттім де, бұрылып, кеттім. Бірақ, сарбаздар мен айтқан сөздің мағынасын толық түсінгендеріне күмәнданған емеспін».

Бұл – Израиль әскері генера­лы­ның айтқаны. Ол елде әлі күнге дейін  «Волоколам тас жолы» қорғаныс армиясы офицерлерінің міндетті түрде оқуға тиісті кітабы болып саналады екен. Қазақтың қайсар ұлы, қаһарманы, алып тұлғасы, өршіл батыры Бауыржан Момышұлы әлі талай елдің азаматына үлгі болары сөзсіз. Тәуелсіз Қазақстанның ұландары да Баукеңнің өнегелі өмірінен тағылым алады.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 шілде 2017 г. 2 177 0