Ақпараттық саясаттың ауқымды міндеттері

Арал ауданында «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көшпелі алқа отырысы ұйымдастырылды. Оның ашылуында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев БАҚ өкілдерінің бұл бастамасына қолдау білдіріп, өңірдің соңғы жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталды. 

Ауданда бірнеше индустриялық жобалар жүзеге асырылуда. Байырғы мал шаруашылығы өркендеп, төрт түлік саны бойынша облыста көш бастап келеді. Арал теңізінің қайта оралуымен балық кәсіпшілігі қарқынды дамып, оның экспорттық үлесі 30 пайызға жуықтады. Жуырда облыс орталығында өткен халықаралық Аралды тұрақты дамыту форумы жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға серпін береді. Қазіргі таңда жапондықтар ауданда экологиялық жобаны жүзеге асыруға  қаржы бөлсе, халықаралық қорлар туризмді дамытуға қолдау білдірмек. Аудан әкімі билік пен халықтың алтын көпіріне айналған ақпарат құралдарының кәсіби жұмысына сәттілік тіледі.

Мәжілісте серіктестің бас директоры А.Оңғарбаев бірінші жартыжылдық көрсеткіштерін саралап, алдағы меже жайын әңгімеледі. Бас директордың бірінші орынбасары М.Аралбаев екінші жартыжылдыққа баспасөзге жазылудың қорытындысы туралы хабарлап, осы бағытта жүзеге асырылуы тиісті жұмыстар жоспарын баян етті.

Осыдан кейін серіктестік өкілдерінің басқосуы «Ақпараттық саясаттың ауқымды міндеттері» атты семинарға ұласты. Семинарда серіктестік бас директорының орынбасары Қ.Шарабидинов мекемеге қарасты газет пен сайт қызметінің жарты жылдағы көрсеткішіне талдау жасады. Онда 6 айда алға басқан іс пен жаңа медианың дамытудың талаптары туралы кеңінен айтылды.

Семинарда «Кызылорда-ньюс» интернет газетінің бас редакторы М.Жетпісбаев, облыстық «Ақмешіт жастары» басылымының бас редакторы Д.Садық, «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Ә.Үмбет, Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Ш.Жылмағамбетов бүгінгі медианың түрлі саладағы тәжірибелерін ортаға салып, қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдірді. 

М.ҚҰРМАНӘЛІ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 шілде 2017 г. 457 0