Сол жағалауда салынатын Қазақ Орталық Атқару комитетінің (КазЦИК) тарихи ғимаратында музеймен бірге Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын аймақтық Рухани жаңғыру орталығы қатар орналасатын болады.
Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат сессиясында жасаған баяндамасында мәлімдеді.
- Сол жағалауда салынатын Қазақ Орталық Атқару комитетінің (КазЦИК) тарихи ғимаратында музеймен бірге Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын аймақтық Рухани жаңғыру орталығы қатар орналасатын болады. Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ,- деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, Сырдария өзенінің сол жағалауынан Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты бой көтереді. Жаңа орталық жастардың жан-жақты даму мәселелерімен айналысатын болады.
Облыс әкімінің айтуынша, "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі аясында Қорқыт Ата мемориалды кешенінде ашылған этноауылды бүгінгі таңда республика өңірлерінен ғана емес, Ресей, Голландия, Франция, Германия, Жапония, Польша сияқты шет мемлекеттерден де туристер келіп, тамашалауда. Қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып қана қоймай, Қорқыт Ата туралы мәліметтер алуда. Бұл - Қызылорда облысын, Сыр елін, қазақ халқын шет мемлекеттерге танытуға бірден-бір мүмкіндік болмақ.