Даланың ержүрек батыры

Абылайханның тікелей ұрпағы, оның саясатын жалғастырушы, қазақ хал­қының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін бар өмірін ат үстінде өткізген, ақыры сол мақсат жолында шәйіт болған қайран ер Кенесары Қасымұлының туғанына биыл 215 жыл, ал ол басқарған ұлт-азаттық көтерілістің басталғанына 180 жыл толады.

«Арқада Бурабайға жер жетпейді,

Алашта Кенекеме ер жетпейді.

Көкшеде күңіренген Кенем қайда?

Дариға, жүрегімді дерт өртейді!» – деп  «аһ» ұрған түрікшіл ақын Мағжан Жұмабаев осы бір ұлы тұлғаның тарих сахнасындағы орнын, ролін көрегендікпен тап басып білді. Басқа да көптеген қазақ зиялылары осындай пікірде болғанымен, халық­тың санасында, ауыз әдебиетінде Кенесары есімі тәуел­сіздік жолындағы күрестің туы ретінде қалғанына қарамастан, кешегі тоталитарлық режимнің идеоло­гиясы оны «халық жауы» деп жариялады. «Правда» газетінің жазуына қарасақ, (26.012.1950ж.) бұл қазақ халқын кері тартқан патриархалдық-феодалдық тірек­терді нығайтуға, орта­ғасырлық хандық үкіметті қайта орнатуға, Қазақстанды Ресейден және ұлы орыс халқынан бөлектеуге тартқан реакцияшыл қозғалыс болды.

Құдайға шүкір, Сталин құрған, сонау тоқырау заманы дамытқан өктемшілдік, сананы басып-жаншып тұратын да идеология да құрып бітті. Тарихтың көп­теген «ақтаңдағы» ашылып, Қазақ-Ресей қарым-қатынастарының қыры мен сырына объективті, әділ көзқарас орнай бастады. Сөйтіп талай заманнан бері империялық зобалаңның құрбаны болған Кенесары бабамыздың да аруағымен қайта табыстық.

Еліміз егемендікке жетіп, тәуелсіздік алғаннан бастап, тарихи диалектикалық көз­қарасқа сүйене отырып, XVIII-XIX ғасыр­лар­дағы ұлт-азаттық қозғалысының, кейбір мәселелері туралы сөз қозғап, пікірімді ортаға салғым келеді.

Жұртшылыққа мәлім, Алтын Орда ыдырап, Шыңғысхан іргесін қалаған  империя құлаған кезде оған 300 жыл бойы бағынышты болған орыс мем­лекеті есін жиды. Дәл осы кезде түрік тектес халықтардың да Қырым, Қазан, Астрахань, Қазақ, Сібір хандары құрылды. Орыс мемлекеті бірте-бірте күшейіп, империяға айнала бастады. Ол алма-кезек Қырым, Қазан, Астрахань, Сібір хандықтарын ­жаулап, өзіне бодан етті. Сөйтіп біздің сахараның шетінен бір-ақ шықты. Қазақ еліне Бұқар жырау айтқандай:

Шашын күнде тарайды,

Күншығысқа қарайды, – дейтін орыс елінің өкіметі көзін тікті. Оны болашақта жаулап алу идея­сы сол XVI ғасырдан бастап, Ресей патшаларының бір сәт жатса – түсінен, тұрса ойынан кетпейді. Бірінші Петр «Азияның кілті мен құлпы» санаған қазақ сахарасы ертелі кеш Ресейге қосылуы, бодан болуы осылай мемлекеттік саясат дәрежесінде қалыптасты.

Бұл саясат қашқан, босқан орыс шаруа­ла­рының Жайық бойына келіп күнелтуі, әскери отаршыл-казактардың іргелес қоныстануы, қазақтарды шо­қын­­дыру, дипломатия, сауда-саттық қатынастар арқылы жүргізілді. Қазақ сахарасына қалмақтарды, башқұрттарды, одан қалды казактарды айдап салып, күн сайын, жыл сайын берекесін кетіре берді. Қазақ еліне, іргелес қорғандар, әскери бекіністер салып, экспедициялар жасақтап, ақыр аяғында Қазақ елін өзіне бодан болуымен аяқтады.

1822-1824 жылдары отаршылдықтың жаңа кезеңі басталды. Хандық билік жойылды, қазақ елі орыс мемлекетінің губернияларының құрамына енді. Қазақ елінің басына күн туды. Міне, осы сәтте тарих сахнасына Сырымдай, Исатайдай, Махамбеттей, Есеттей, Жанқожадай, Кенесарыдай ұлы перзенттер келді.

Қарадан шыққан әскери элита, елге билік айт­қан шешендер мен көсемдер хан  тірегіне ­айналды. Хандық билікпен ақыл-күштің тетігі ­батырлар мен билер билігіне ұласты. Билер мен батырлар әкел­ген қара халықтың рухы хандық өктемдікті шектей білді. Сонау Ұлытау мен Көкшетауда, Сайрам мен Түркістанда бүкіл қазақтың құрылтайлары ша­қырылып, соғыс пен бітім, қоныс пен жайылым, дау мен дамай, басқа халықтармен сауда және дипломатиялық қарым-қатынас мәселелері көп тал­қысынан өтіп, шешімін тауып жатты. Үш жүз бір­тұтас халық болып қауышып, ынтымақ-бірлік ту астында табысатын. Барша халықтық жиын сол заманға лайық парламент болатын. Абылай ханның даналығы мен көрегендігі осы бір дала демократиясын, хандық диктатураны бір тірекке сала білді. Ерлік ұранымызға, бірлік құранымызға осылай айналды. Бөгенбай, Қабанбай бастаған жаужүрек батырлар Абылайдың семсер ұстаған қолы болса, Бұқар  дана мен Төле би бастаған шешен мен көрегендер тобы Абылайдың сезімтал жүрегі болды.

Абылай бойына қазақ сахарасының дана­лығын,  күш-қайратын сіңірді. Аңыздағы кей батырдай, ол елмен халықпен біте қайнасты. Оның сырын да, мұңын да түсінді. Ол ұлттық сананы оята алатын, халықтың тірегімен, бірлігін қорғай алатын болып ерте қалыптасты. Міне, осылай диктатурамен дала демократиясы жаугершілік заманда өзінің үндестігін тапты. Хан жанында билер алқасы, әділ қазылар алқасы, хан кеңесі қалыптасты.

Міне, сондықтан кейбір зерттеушілердің хандық құрылысты тарихи кезеңде нақты зерттемей, монар­хия­ға апарып тіреуін мен өз басым дұрыс деп санай ал­маймын.

Қазақ Ресейге бодан болған алғашқы кезінде (1731-1822жж) ханның құты кетті, оның өзі импера­тордың үмбетіне айналды. Жоңғар, Башқұрт жорық­тары азайды, батырлардың беделі төмендеді. Қазақ жеріне дендеп, бойлай кіре бастаған орыс казактары халықтың көшіп қонуын шектеді, оның малын барымталады. Патша үкіметі қазақтың сұлтандарына, билеріне, батырларына шен-шек­пенді үлестірді де, оларды үкіметпен халық ара­сындағы үстем тап етіп қалыптастырды. Сөйтіп оларды өзінің әкімшілдік-отаршылдық жүйесінің құрамды бөлігіне айнал­дырды. Патшалық-отар­шылдық режимімен ауыз жаласқан хандық-билік кеселге ұшырады, ол халықты қанаушылармен, отаршылдармен одақ­тасты да халық арасына сына қақты. Міне, дәл осы сәтте күш пен ақылды, білім мен білікті, сезім мен парасатты тең ұстаған Сырым батыр тарих сахнасына келді.

Ол хандық билікті жойып, ел басқарудың жаңа құрылымын жасауды ұсынды. Ұзақ жылға созылған Сырым батыр бастаған қозғалыс  осы негізде өрбіді.

1822-1824 жылдары хандық билік біржола жойылған кезде хан Кене қазақ хандығы үшін күресті. Осы арада Сырым батыр мен хан Кене қозғалыстарының арасында қайшылық жоқпа деген сұрақ туады.

Хан Кене  билікті қалпына келтіремін деп күрес бастағанда атасы Абылай, әкесі Қасымның жолын қуды. Ол қазақ елінің егемендік жолы болатын. Ол Бұқардай жырауға сүйенген Бөгенбай, Қабанбай, Баяндай батырларға сенген билік құрылымының жолы болатын. Екіншіден, хан Кене де Сырым батырға ұқсап патшамен халық арасында жүріп мал тапқан сатқын сұлтандарға, билерге батырларға қарсы соғысты. Сөйтіп, ол бастаған күрес те бүкіл халықтық сипат алды. Үшіншіден, Сырым бастаған, Кене хан бастаған күресті қолдаушы, оның негізгі қозғаушы күші қара шаруалар еді. Міне, осылай Сырым мен хан Кене көтерілістері үндестік тапты.

Кеңес тарихнамасы хан Кене бастаған ұлт-азаттық қозғалысын айтқанда, оның казактардың да жерін тартып алғандығын баса айтады. Бұл дұрыс, бірақ жеткіліксіз. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, орыс мемлекеті өзендерді жағалай казактарды орна­лас­тырды. Тіпте хан Кененің жаз жайлауында Торғай, Ырғыз қорғандары салынды. Тек 1755-1772 жылдарда ғана Кіші жүз бен Орта жүз жерінде, Жайықтан Өскеменге дейін 3,5 мың  шақырым шеп бойына бекіністер салынды.

Әдебиетте, тарихта хан Кененің бейнесі дұрыс  суреттелмей келеді. Ол хандық билік үшін таласқан, арпалысқан, өте қатал, сұм тиран сипатында айтылып, бейнеленіп жүр. Ал шын мәнінде отыз ұлының ішіндегі Қасым әулеті ғана ақ патшаға бағынбай, бабасының жолын қуды. Кенесары үш жүздің басын қосар хан болып сайланды, ендеше оның отаршылдарға құлшына берілген сатқын сұлтандарға, билерге өктемдік жасар жолы да, құқыда бар-ды. Еуропаның, тіпте сонау француздардың, Бурбон әулетін алсаңыздар, ондағы қантөгіс, ондағы бақталастық, өктемдік, т.б император әулеті арасындағы қарекет қазақ сахарасындағыдан артық шиеленіспесе кем бол­ма­ғанын есте ұстаған абзал.

Хан Кене мен қазақ сахарасындағы патшаға сатылған элитаның қарым-қатынасын көрсететін Ахмет Жантурин, Арыслан Жантурин, Жаңғабыл Төлегенов, Алтыбай Көбеков, Маман Абылаев, Қоңырқұлжа Құдаймендин, Баймұхамед Айшуақов, Күлжан Күшіков сияқтылар патшаға берілгендігін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп бақты.

«У ішсең руыңмен» дейтін принцип әлі күшінде болатын. Көптеген ру өз көсемдерінің айтқанынан шыға алмады. Кенесары мұндай опасыз сатқындарға өте аяусыз болды. 1844 жылы шілде айының 20-нан 21-іне қараған түні Ахмет Жантурин жасағын қоршап алып, 44 сұлтанды өлтіреді.

Осы бір мысалдан-ақ хан Кененің бойынан шұғыл қимылдың, мемлекеттік қайраткерлік пен өктем­діліктің әділдік пен парасаттылықтың лебі өсіп тұрғаны көрініп тұрған жоқ па? Оның сұлтандарға, билерге қазақ елінің заңды ханы есебінде билік етуі заңдылық емес деп күстәна қылу әділдік пе?

Ағылшын зерттеушісі Томас Аткинсон қазақ сахарасында 7 жыл өмірін өткізіп, өзінің еңбектерінде «Кенесарының өзі көзсіз батыр, ұландары арасында шексіз беделді болатын, оған олар құдайдай құлшынатын, жетесіз кеткендерді аямайтын, оларды өлім жазасы күтетін. Жаумен кескілескен айқастарда ұран салып, айбалтасы жарқылдап, соғысқа бірінші кіретін. Бұл жігіттерге сенім беретін, оның көптеген бастамасының баянды болуына негіз қалайтын, одан тек қырғыздар ғана емес, тіпті өздерінің қоныстарының шебінде отырған орыс­тар да Кенесарының батыл шапқыншылығынан сескенетін дей келіп, ол егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскерлерін құрар еді. Оларға тарихты даңққа бөлеген Шыңғыс хан жаһангерлерінің барлық тамаша қасиеттері тән болатын» – деп жазады.

Орыстың әскери тарихшысы Н.Середа өзінің «Кенесары Қасымовтың дау-дамайы» деген еңбе­гінде былай дейді: «Кенесары өз жасағынын мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухына бөленген жасаққа еуропалық әскердің қандай да болсын қолбасшысы таңданар еді. Дала құйынындай тегеурінді, екпінді Кенесарының қолы, қамал алдында да бөгелмейтін. Қайта ондай бөгеттер оның қайтпас рухын қайрай түсетін, оның шұғыл қимылын қияңға көтеретін, мақсатына жету жолында кездескен кедергілерді жайрататын, қаһарлы күшті тасқындататын. Біздің көшпенділер Кенесары бойындағы осындай қасиеттерді қастерлейтін, оған деген шексіз сүйіспеншілікпен, жанын пида етуге даяр адалдықпен жүректерін лүпілдедетін».

Ресейдің әскери тарихшысы В.А.Поттоның Кенесарыны «Қырғыздардың Шәмілі» деуі де содан болатын.

Әдебиеттегі, тарихымызда өз дәрежесіне кө­терілмей келе жатқан мәселе хан Кененің қазақ халқының біртұтастығы үшін күресі барысындағы ғажайып дипломаттығы. Орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқанды, қырғыздарды айдап салды. Ал қырғыздар болса орта жүзге ұлы жүзді қарсы қоюға тырысты. Хиуа Есет батырды Жанқожаға, Жанқожаны Кенесарыға қарсы қойып бақты. Патша үкіметі сатқын сұлтандарды Кене ханның соңына салды. Міне, осындай шытырман жағдайда Кене хан тұтастығының мүддесін жеке бастың қамынан жоғары қойды, ғажайып тапқырлықпен, асқан табандылықпен қиыннан қиыстырып, сан мәселенің түйінін шеше білді.

 Кенесары өзінің ақ патшаға, Орынбор губернаторы граф Перовскийге, Батыс Сібір губернаторы князь Горчяковқа жазған хатында «Сіздің ата-бабаларыңыз менің атам хан Абылай тұсында халық тыныштыққа бөленген еді, ал оның тыныштығын ешкім бұзбаған-ды. Екі ел арасында сауда-саттық болды. Біздің халыққа алым-салық салынбады. Ал кейіннен іс басқаша болды, халықтан жасақ жинала бастады, оған әртүрлі қысым көрсетілетін болды. Бейбіт өмірде келісім бұзылып, Сіздің бодан бастықсымақтарыңыз «бүкіл қырғыз (қазақ) халқы Ресейге бодан болды» деп алдайды. Менің атам Абылай билеген елде сегіз дуан құрылды. Бұл халықты қалың мұңға душар етті. Бүкіл қазақ халқын қыспаққа салмай ол тыныштық өмірден ләззат алуы үшін мен мәртебелі ақ патша, елімізге бұрынғыдай жағдай қалпына келуін, сегіз округтік дуаныңызды құртуыңызды сұрағаныма өзімді бақытты деп санар едім».

Міне, осылай Кенесары қазақ халқының біртұтас­тығын Ресей империясының қарама­ғында егеменді ел дәрежесінде сақталуын көк­седі. Ол онда ақ патшаны, Ресейді бейбіт өмір сүруге шақырды. Тарих тәуелсіздік жолы қиын жол екендігін дәлелдеді.

Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ,

 тарих ғылымдарының докторы,

профессор.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 шілде 2017 г. 792 0