Сыр еліндегі серпінді істер


Зымыраған уақыт, әне-міне дегенше жылдың алғашқы жартысын да артқа тастадық. Алты ай аз мерзім емес. Сондықтан да аймақта осы кезеңде қандай жетістіктерге қол жеткіздік, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы қандай, көз жүгіртіп өткен артық болмас.

Бірден айта кетейік, Мемлекет басшысы айқын басымдық беріп отырған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын мейлінше нәтижелі жүзеге асыруға күш салынуда. Ағымдағы жылы облыста экспортқа бағытталған 2 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Олар:

– Молибден триокисін өндіретін кәсіпорын («Тримо» ЖШС), нәтижесінде өнімді Жапонияға экспорттау жолға қойылады. Әлемде басқа үлгісі жоқ ерекше технология бойынша молибденнің таза оксиді алынады.

– Шыны зауыты («Orda glass» ЖШС), бүгінде АҚШ, Италия, Финляндия, ҚХР секілді әлемнің жетекші елдерінен қондырғылардың 99 пайыздан астамы жеткізілді. Қазіргі уақытта металлоконструкциясын жинау жөніндегі жұмыстар басталды. 2017 жылғы 15 мамырда Мемлекет басшыларының Пекин қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумында кездесуі аясында қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы мен «Orda Glass ltd» ЖШС арасында шыны зауытының құрылысын үстіміздегі жылдың желтоқсанында аяқтау жөніндегі меморандумға қол қойылды. Одан бөлек, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың Сыр өңіріне жұмыс сапары кезінде құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау үшін мердігерлік шартқа қол қою рәсімі өтті.

«Баласауысқандық» кен орнын игеру жөніндегі жобаға белгіленген жұмыстар жоспарға сәйкес жүруде. Сондай-ақ, жылына 1 млн тонна мұнай және газ өндірісінде қолданылатын тампонажды цемент шығаратын зауыттың (құны 64 млрд теңге) құрылысы басталды.  Міне, осы жобаларды алға бастыруда алғашқы алты айлықта нәтижелі жұмыстар атқарылды.

Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған 25 жобаның бүгінгі таңда 15-нің өндірістік көлемі 90 пайыздан 100 пайызға дейін орындалуда, 4 жоба бойынша 50-ден 90 пайызға дейін, 2 жоба бойынша 50 пайызға дейін жүктелген.

Соңғы жылдары облыста тұрғын үй құрылысы кең етек жайғаны белгілі. Сол қарқынды төмендетпей, жыл басынан бері 980 пәтерлік 19 тұрғын үй пайдалануға берілді (оның 5-і (300 пәтер) «Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі бойынша және 14 тұрғын үй (680 пәтер) жергілікті атқарушы орган шығарған облигациялардың (несиелік баспана) есебінен).

Демографиялық ахуалдың дамуын негізге ала отырып, Қызылорда қаласының сол жағалауын игеру бойынша ауқымды жұмыстар басталғанын атап өту керек. Алғашқы шағын ауданның 18 көпқабатты үйінің, жастарға қызмет көрсету орталығының, «Болашақ» университеті студенттер қалашығының және бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы басталып кетті.

Аймақ экономикасына салынған инвестиция көлемі артып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бюджет мүмкіндігінің шектеулі екенін ескере отырып, халықаралық қаржы институттарының және мемлекеттік-жеке әріптестік қаржылары пайдаланылуда. Еуропалық қайта құру және даму банкінің жалпы сомасы 100 млн АҚШ долларынан асып түсетін 4 жоба жүзеге асырылу сәтінде. (Жылу орталығы, КРЭК, водоканал, автобус паркі). Мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде 20 млрд теңгенің 15 жобасы жүзеге асырылатын болады. Олардың 2-і бойынша келісім-шартқа қол қойылды.

Экономикадағы оң үдерістер жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыз ұстап тұр (2017 жылдың бірінші тоқсанында республикада 4,9 пайыз).   Үстіміздегі жылдың 5 айында 229 жаңа өндіріс іске қосылып, 5129 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 4819 тұрақты жұмыс орны.

Үстіміздегі жылы халықты жұмыспен қамтудың кешендік жоспары аясында 33 мың адамды жұмыспен қамту жоcпарланған. Оның 22 мыңы жұмыссыз болса, 11 мың азамат өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бүгінгі күні 12 мыңнан астам адам қамтылды. Оның ішінде жаңа жобаларға 3 мыңнан астам, бос лауазымдар орнына 4 мыңнан астам, өнімді жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде 5 мыңға жуық адам жұмысқа тартылды.

Еңбек нарығында «Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасына қатысушыларды қамту» аясында техникалық және кәсіптік білім берудің бірінші бағыты шеңберінде жоспарға сай 1515 адам қажет. 3518 жұмысшы кадрларды қайта оқыту көзделіп отыр. Бүгінде бұл бағытта 482 адам жұмыспен қамтылып отыр. Өнімді жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақтағы кәсіпкерлікті жаппай дамыту мақсатында Бірыңғай жол картасы қабылданды.

Орталық органдар секілді біздің облыстық әкімшілікте де ең жетекші талдау платформалары мен ІТ технологияларын пайдалана отырып, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі ретінде «Жобалық кеңсе» енгізу жұмыстары белсенді түрде басталды. Жобалау менеджменті Батыс Еуропа елдерінде, сондай-ақ Ресей Федерациясында кеңінен қолданылады. Қазіргі кезде Ресей Федерациясы Белгород облысының тәжірибесін пайдаланып, облыстық деңгейде жобалық кеңсені құру бойынша жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр.

 «Бизнес-бастамаларды қолдау» бағдарламасы бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 937 адамды оқыту көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта, 468 адам бизнес негіздері бойынша оқытылды.  Кәсіпкерлік дағдыларды меңгерген 487 адам шағын несие алып, кәсібін бастауға немесе кәсібін кеңейтуге мүмкіндік иеленді.

 «Еңбек нарығын дамыту аясында халықты жұмыспен қамтуды және еңбек ресурстарының ұтқырлығын қолдау» арқылы 5180 адам қамтылады. Бүгінде 4680 адам жастар практикасына жіберілуде (809), сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарына (530), қоғамдық жұмыстарға (3347) жіберілді. Еңбек нарығын жаңғырту барысында өндірісте  немесе басқа салаларда қысқартуға ұшыраған қызметкерлерді қайта қабылдау, даярлау жұмыстары жүріп жатыр. Облыста 12 ірі кәсіпорында қысқарған жұмысшыларды қайта даярлау, жұмысқа орналастыру Картасы іске қосылды.

Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған тапсырмаларға сай бизнеске әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылды. Орталық 1 ақпаннан бастап «бір терезе» аясында кәсіпкерлерге мен  инженерлік рұқсаттар және  қажетті құжаттарды беруде.

Бұл қызметтер екінші жартыжылдықтан  бас­тап электрондық форматқа ауыстырылады. Сонымен бірге, «Қызылорда облысындағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту жобасын басқару» жобасымен жобалау олимпіне қатысуға тапсырыс берілді.

Бұл шаралардың бәрі бюджет қазынасын молайтуды көздейді. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бюджетке 47 млрд 579 млн теңге түсім түсіріп, болжамды жоспарды 107,2 пайызға орындады. Өткен жылдың бірінші жартысына қарағанда өсім қарқыны 113,4 пайыз, яғни 5 млрд 624 млн теңгенің түсімі артығымен қамтамасыз етілді. Оның ішінде республикалық бюджетке 27 млрд 366 млн теңге түсім түсіп, жоспардың орындалуы 105,6 пайыз құрады немесе жоспардан 1 млрд 44 млн теңге артығымен өндірілді. Жергілікті бюджетке түскен түсімнің көлемі 20 млрд 213 млн теңге, жоспардың орындалуы 109,5 пайызға тең.

Бұл облыстың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуының ең өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

 Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 шілде 2017 г. 497 0