БҮГІНГІ БІЛІМ САПАСЫ – БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ

 

Қарыштап дамып бара жатқан қоғамның талабынан қалыс қалмай, ғылым мен техниканың жаңаша мүмкіндігін игеру үшін бүгінгі ұрпаққа терең білім керек. Рас, уақыт ағымымен орта білім беру бағдарламасы күрделеніп келеді. Сол себепті баланы балабақша қабырғасынан негізгі білімге баулуға барынша мән беріліп отыр. Айталық, облыс бойынша 791 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Онда 52 899 бала  тәрбиеленуде. Бүгінгі таңда 3-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі оқытумен  қамтылуы 100 пайызды құрап отыр. Нақты кезеңде облыстағы 542 балабақшада 42 мыңнан астам бала тәрбиеленіп келеді. Оның ішінде 384 жекеменшік балабақша жұмыс жасайды. Бұл барлық балабақшаның 70,8 пайызын құрайды.

Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар. Мұғалімдердің заман талабына сай сапалы білім беруге қабілеттілігі арта түсті. Облыс бойынша жалпы орта білім беретін мектеп саны – 293, онда биыл 141943 бала білім алды.  Осы аталған білім беру ұйымдарында 20 409 педагогикалық кадр жұмыс жасайтын болса, олардың 18777-сі жоғары білімді. Біліктілік арттыру курстарынан 6812 педагог қызметкерлерді оқыту жоспарланған еді, қазіргі таңда 5074 педагог біліктілігін арттырды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы биыл 20-22 маусым аралығында 9 тестілеу пунктінде өткізілді. Оған мектеп бітіруші 6412 түлектің 4188-і, яғни 65,3 пайызы қатысты. Талапкерлердің екеуі ең жоғары – 136 балл, ал 800-і  100-ден жоғары балл жинады. Облыс бойынша қорытынды балл 82,35-ті құрады. Жоғары оқу орнына түсу үшін төменгі шекті 50 балдан кем жинаған талапкерлер саны – 147, яғни бұл жалпы қатысушылардың 3,5 пайызы. Осы орайда айта кетейік, биылғы жылғы тестілеудің қорытындысымен,  Қазалы,  Сырдария, Арал аудандарының түлектері жоғары нәтиже көрсетті.  Білім сынағының қорытындысымен, облыс бойынша апелляцияға 64 бітіруші өтініш беріп, оның 6-ы қанағаттандырылып, қосымша 63  балл алды. Сонымен бірге, 152 талапкер   шығармашылық мамандықтарға тест тапсырды.

2013 жылдан бастап облыста 3 ауысымда оқитын  мектептер қатары жойылды. Ал биылғы жылы 11 апаттық мектептің құрылысын салу үшін облыстық бюджеттен 4 млрд тенгеден астам қаржы бөлініп, Арал, Қазалы, Қармақшы аудан­дарында 8 мектептің құрылысы  аяқталып,  пайдалануға берілді. Ал, Байқоңыр қаласындағы қазақ тілінде білім беретін алты мектеп пен бір балабақша қазақстандық білім беру стандартына көшірілді.

2016 жылы жоғары сыныптарда ағылшын тілінде білім беруге кезеңі кезеңімен өту бойынша іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Соған сәйкес М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжі мен «KATEV» халықаралық қорының арасында жасалған меморандум аясында математика, физика, химия және информатика пәндерінен ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерді даярлау бойынша пилоттық жоба басталған болатын. Бүгінде бұл жұмыстар лайықты нәтижесін беріп отыр. Айталық, 2016-2017 оқу жылында 1-ші сыныпқа қабылданған 18034 оқушы жаңартылған білім беру мазмұнында оқытылып, бағдарламаны өз деңгейінде меңгеріп шықты.

Қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату, соған сәйкес жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді ұйымдастыру 46 инновациялық мектепте жүргізілуде.

Заман талабына сай барлық мектеп интерактивті білім беретін контентке қосылды.

Мемлекет басшысы өзінің дәстүрлі Жолдауында бүгінгі қоғам талабына сай білікті кәсіби маман даярлау мәселесіне ерекше назар аударып, білім саласына біршама міндеттер жүктеген болатын. Аймақта бұл бағыттағы жұмыстар да өз мақсатына сай жүзеге асырылып келеді. Атап айтар болсақ, 2016-2017 оқу жылында 31 колледжде аймақтың еңбек нарығына қажетті 97 мамандық  бойынша 22 428 студент білім алды. Нәтижесінде,  бітіруші 6505 студенттің 4359-ы, яғни 67,9 пайызы, оның ішінде мемлекеттік тапсырыспен бітірген 4417 студенттің 3212-сі жұмысқа орналас­ты. Жыл басынан бері «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасы жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа кәсіптік білімі бар кадрлар даярлауға 1515 орын және қысқамерзімді курстар арқылы даярлауға 1335 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр.

Қорыта келе, өткен оқу жылдарының өзіндік ерекшелігі болғанын атап өткеніміз жөн болар. Айталық, соңғы үш жылда республика көлемінде орташа білім көрсеткіші бойынша облыс түлектері алдыңғы бестіктің қатарында келеді. Сонымен бірге, осы кезеңде аймақ басшысының қолдауымен, 400-ге жуық түлек Ресей Федерациясының таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алуда. Ал «Серпін» бағдарламасымен 1254 түлек түрлі мамандықтарға даярланып жатса, ауылдық жерде тұратын, әлеуметтік қолдауды қажет ететін 500 бала облыс әкімінің арнайы грантымен білім алып жатыр.                                                                                                    

Ғазиза ӘБІЛДА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 шілде 2017 г. 549 0