Жерлестеріміз жеңіспен оралды

Астана қаласында ҚР Президентінің жүлдесіне арналған ерлер мен әйелдер арасында спорттық және әскери самбо бойынша әлем кубогы өтті. Жаһандық жарысқа Сыр спортшылары да қатысып, жерлестеріміз жүлдемен оралды.
Бәсекеге облыстан жеті спортшы аттанып, оның бесеуі жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, 57 келі салмақта әскери самбодан Наурызбек Дәулетбаев, самбодан 74 келіде Ғалымжан Абдрахманов жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ самбодан 60 келіде Жансая Мұрат, 62 келіде Дархан Сержанов және 72 келіде Динара Қодарова қола жүлдеге қол жеткізді. Сыр саңлақтарын сайысқа дайындаған Әділбек Серікбаев, Марат Асылов, Төлеби Төлепов, Жанар Дүйсекенова секілді білікті бапкерлер.
Дүбірлі бәсекеге  әлемнің 16 елінен 200-ден астам спортшы қатысты. Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орын алып, Кубок иегері атанды. Екінші орынға Грузия құрамасы тұрақтаса, үздік үштікті Ресейден келген спортшылар қорытындылады.
Енді Сыр спортшылары қыркүйек айында Түркіменстанның Ашхабад қаласында өтетін Азия ойындарына қатысады. Сондай-ақ, Ғ.Абдрахманов пен Н.Дәулетбаев қараша айында Сочиде болатын Әлем чемпионатында  ел намысын қорғайды.  Жерлестерімізге байрақты бәсекелерде сәттілік тілейміз.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 шілде 2017 г. 577 0