Аптаның сейсенбі күні Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен Жаңақорған және Шиелі аудандарында бос жұмыс орындары жәр¬меңкесі өткізілді. Оған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Қалмақова және Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Гүлмира Галиулина қатысты.
Жиын барысында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» 111 бағыты аясында бағдарламаға қатысушыларды ерікті түрде қоныстандыру жөнінде әңгіме өрбітілді. Бұл жоба жұмысқа жарамды ел азаматтарын мамандығына сай жұмыспен қамту және де халқы тығыз орналасқан Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан тұрғыны сирек, жері кең солтүстік облыстарға қоныстануына мүмкіндік беру екендігі белгілі. Еліміздің тұрақты дамуы мен демографиялық саясаттың дұрыс жүруі үшін де мұның маңызы зор екендігі анық. Елбасының өзі қолдап отырған осы мәселе аталған жиын барысында мамандар тарапынан дұрыста жақсы түсіндірілді. Аққайың ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының орынбасары Гүлмира Есенбекқызының мәлімдеуінше, нақты уақытта Солтүстік Қазақстан облысы 800 бос жұмыс орнына маман шақырады. Олардың арасында орыс тілі, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері, сондай-ақ, бастауыш сыныптар мен информатика пәндерінің мамандарына қажеттілік бар. Агроном, мал дәрігері, фельдшер, мәдениет қызметкерлеріне де сұраныс туындаған. Токарь, дәнекерлеуші, құрылысшы мамандықтары да ол жақта қат көрінеді. Облыс орталығынан 60 шақырым қашықтықтағы Аққайың ауданының өзіне 47 білім саласының маманы керек. Және де олардың әрқайсысына пәні бойынша 20-24 сағат жүктемемен жұмыс істеу мүмкіншілігі бар көрінеді.
Бағдарламаның қағидасына байланысты отбасы сол жаққа қоныс аудара қалған жағдайда отбасы отағасына елу еселенген есептік көрсеткіш көлемінде субсидия беріледі. Бұл деген 106 мың теңгені құраса, отбасының қалған мүшелеріне 79 мың теңге көлемінде қаржы тиесілі деген сөз. Әрине, қазіргі бағаммен аса көп те емес, дегенде, жаңа жерде тіршілік бастауға жетерлік-ақ қаржы. Ауылдан ұзамай, «жұмыс жоқ» деп көше айналып, дастархан басында міңгірлеп отырғанша, тәуекел етуге тұрарлық іс секілді. Әсіресе, жастардың жаңа өмір бастауына қолайлы жағдай. Бұл мемлекет жасап отырған үлкен қамқорлық. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы үш бағыт бойынша жүргізілетіндігін айтқан жөн.
Шиелі ауданы, Бұдабай атындағы мәдениет үйінде өткен жиында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов барынша қарапайым да түсінікті тілмен жұмыспен қамтылу жолында ерікті түрде жаңа өңірге қоныс аудару мәселесін түсіндірді. – Өткен жылы, – дейді ол, – «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Шиелі ауданынан Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласына 3 отбасы қоныс аударып, олардан еңбекке жарамды 5 азамат жұмыспен қамтылды.
Жаңақорған ауданындағы кездесуде аудан тұрғындары Р.Жәлімбетов, С.Садыров және басқалар сауал қойып, ондағы орташа айлық жалақы мөлшері мен тұрғын үймен қамтамасыз етілу жағдайын білгісі келсе, Шиелі ауданында кент тұрғыны Гүлмира Құрманбекова, жаңа жұмысқа талаптанушы Бейбіт Ділдабаев өз¬дерінің көкейіндегі сұрақтарын қойып, тиянақты жауап алды. Оларға жатақханадан орын беріліп, басқа да жеңілдіктерінің қоса жүргізілетіндігі айтылды.
Жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Қалмақова, бас маманы Гауһар Жұмашева, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы бөлім басшылары А.Ахметов пен А.Алдабергенов түсіндірме мәліметтер берді.
Солтүстік облыстарға ерікті түрде қоныс аудару барысында ескеретін жағдай, бұл бағдарлама биылғы жылы басталса, 2021 жылға дейін жалғасады.
Тұрақты жұмысқа орналасып, баспана бақытына кенелгіңіз келе ме? Ендеше, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» бойынша Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударып, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріңіз.
Жалпы, еліміздің солтүстік өңірінде қандай мамандықтарға сұраныс жоғары және теріскейге көшіп баратын отбасыларға қандай жағдай жасалады? Көпшіліктің көкейіндегі осы және өзге де мәселелер бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген делегация өкілдері Қармақшы ауданында болған басқосуда кеңінен түсіндірді.
Мамандардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күші жетіспейді. Қазіргі сәтте 800-ге жуық бос жұмыс орны бар. Себебі жастардың ауылда қалмай қалаға кетуі көп. Ал, атакәсіп – егін және мал шаруашылығымен айналысатын ауылдардың тұрмысы тұралап, таралып кетпеуі үшін адам санын көбейту керек. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы осы мақсатта жүзеге асырылып отыр. Енді бағдарламаның тиімділігі қандай деген сауалға жауап берсек, біріншіден, солтүстік өңірлерге қоныс аударған азаматтарға тұрақты жұмыс ұсынылады. Екіншіден, әрбір отбасы мүшесіне 35 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 79 415 теңгеден субсидия беріледі. Үшіншіден, тұрғын үйді жалға алсаңыз, коммуналдық қызмет пен пәтерақы бір жыл бойы тегін болады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұрат Ергешбаев, бағдарламаның тиімділігін айтты.
– Елбасы тапсырмасына орай қолға алынып жатқан жұмыстар ел игілігіне бағытталған. Солтүстікке баратын халықтың бар шығынын мемлекет көтереді. Мұндай тиімді ұсыныстар халықтың әл-ауқатын көтеретіні сөзсіз, – дейді.
Солтүстік өңірдің табиғаты жанға жайлы, әсіресе мал өсіріп, егін егуге қолайлы. Мәселен, бір ғана Новомихайловка ауылдық округінде екі үлкен шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ондағы механизатор мен комбайншылар маусымдық жұмыс кезінде қосымшасымен миллионнан астам жалақы алады. Қармақшылықтармен кездескен осы ауылдың әкімі техника тілін меңгерген еңбекқор механизатор азаматтар болса, жұмыс дайын екендігін айтты.
Солтүстік Қазақстан облысы Новомихайловка ауылдық округінің әкімі Беркімбай Уәлиев: – Округке қарасты 5 ауыл бар. Негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Біз механизаторлар, комбайншыларға қатты зәруміз. Әсіресе, дәл осындай егін науқанында аса қажет. Айлығы 70 мыңнан жоғары. Ал, күзге қарай қосымша еңбекақымен табысын еселей түседі, – деді.
Ауыл шаруашылығы саласынан басқа педагогтар мен дәрігерлерге, дәнекерлеуші, құрылысшы, көлік жүргізуші, тігінші, тіпті шаштараз бен кондитерге де сұраныс жоғары. Мұндай жағымды жаңалықты естіген төретамдық Гүлшат Тұрғанбаева солтүстікке қоныс аударуға бел байлағанын айтады. Кент тұрғыны бұған дейін жеке кәсіпкерлердің қарамағында аспаз, кондитер болып нәпақасын тауып жүрген. Балаларының болашағына алаңдаулы ана енді тұрақты жұмыс¬пен қамтылып, баспанаға ие болады.
– Төрт балам бар, басымызда баспана жоқ. Осы бағдарлама арқылы баспаналы болып, жұмыс істесем деймін. Маған лайық жұмыс орындары да жеткілікті екен. Тілдік байланыс жағынан ешқандай алаңдаушылық жоқ, – дейді Гүлшат. Ал Жұмағұлов Амангелді есімді жас жігіт білім ошағына программист мамандығымен баруды көздеп отырғанын айтты.
– Солтүстік болсын, Оңтүстік болсын, барлығы – өзіміздің Отанымыздың жері. Мемлекеттің беріп жатқан жұмысы, көмегінің арқасында өз мамандығыммен жұмысқа баруға бел буып отырмын. Келіншегіме де жұмыс табылатын болды. Өкілдермен сөйлесіп барлығын нақтылап алдым. Енді қабырғаммен кеңесіп жолға шығамын, – дейді жас педагог.
Жалпы Қармақшы ауданында 54 мыңнан астам тұрғын болса, олардың бес мыңға жуығы жұмыссыз. Екі қолға бір күрек таппай жүрген қармақшылықтар мұндай мүмкіндікке қызығушылық танытып, солтүстікке қоныс аударуға ниет білдіріп жатыр.
Соңғы жылдары облыста Елбасы тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде жұмыс күшінің көп болуына байланысты солтүстік аймақтарға қоныс аудару мәселесі қолға алынған болатын. Былтыр соның нәтижесінде, біздің өңірден бес отбасы Павлодарға көшіп барып, жұмысқа тұрды. Бүгінде олардың әл-ауқаты, тұрмысы жақсы, жұмыстары жұғымды.
Түсіндірме жұмыстарынан соң солтүстік аймақтан келген өкілдер жұмыс іздеген жандарға барлығы 323 мекемеден 790 бос орын ұсынды. Оның ішінде қазақ тілі, бастауыш сынып мұғалімі, тәрбиеші, дәрігер, бақташы, механизатор, педагогтардан бастап, дәнекерлеуші, құрылысшы мамандықтары да бар. Жұмыс жасауға ниеттілер үшін баспана, алғашқы көтерме жәрдемақылар міндетті түрде берілетіні тұрғындарға ескертілді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы аудандары