« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақстан және Жапония Парламенттері достық лигасының өкілдері Қорқыт ата мемориалдық кешеніндегі этноауылда болды.
Аталған лига төрағасы Такео Кавамура бастаған делегация өкілдері қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр еліндегі салт-дәстүр мен ұлттық қолөнердің дәріптелуіне тәнті болды. Күншығыс елінен келген қонақтар қаз-қатар тігілген шеберлер үйін аралап, қолөнершілермен тілдесті. Шеберлік сабақтарына куә болды.
Ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татты. Сонымен қатар, қазақша күрес, шабандоздардың өнері, ханталапай мен алтыбақан ойынын тамашалады. Жусан иісі аңқыған кең даладағы қазақтың ауылына таңдай қақты. Этноауылдың қызығына берілген Жапония делегациясы, керек десеңіз, Қызылорданың шіліңгір аптабын елемегенінен де байқауға болады. Олар шөлін салқын сабаттағы қымызбен басып, сән-салтанаты келіскен киіз үйдегі көрмелерді көріп, қазақтың ыстық ықыласы мен қонақ кәдесіне куә болды.
Қолөнершілер қонақтарға әр бұйымның жасалу әдісімен бөлісті. Меймандарға Қорқыт бабамыздың ғұмыры жайлы тарихи әңгімелер мен кең даладағы қобыз үні де ерекше әсер еткен. Ол жайында делегация жетекшісі Такэо Кавамура былайша тарқатады.
– Қазақ халқынын өз салт-дәстүрін дәріптеп, басқаларға көрсетіп жатқаны мені қатты толқытты. Қорқыт ата кесенесіне келгенде бір нәрсеге көзім анық жетті. Ежелгі тарихтан хабардар болып, оны ұрпаққа табыстап отыратын ел екенсіздір. Өз мәдениетіңе деген құрмет осындай-ақ болсын. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын, – дейді.
20 маусымда ашылған Қазақ ауылы әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарды қоңыр күздің ортасына дейін қарсы алуға әзір. Облыс бойынша ЭКСПО картасына аймақтағы Қорқыт баба кесенесі мен Байқоңыр ғарыш айлағы енген. Баба басына зиярат жасағандар қатары екі аптада мың жарым адамға жетіп үлгеріпті. Сонымен қатар, этноауыл ұйымдастырушылары еліміздегі туристік компаниялармен тығыз жұмыс істеуде. Ол туралы ЭКСПО-2017 ресурстық орталығының басшысы Жандос Тұсмағамбетов айтты.
– Оннан астам мемлекеттен шетелдік туристер келіп отыр. Атап айтқанда, Франция, Румыния, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясынан, Германия, Голландия. Енді, міне, Жапония азаматтары этноауылымызда қонақта. Бұл әлі қонақтардың басы. Алдағы уақытта шетелдік қонақтардың қызығушылық танытып, көбейетіні белгілі, – деді.
«ЭКСПО 2017» этноауылында тұлпар мініп, атқа шабуды қалаған меймандарға үйретуге шабандоз жігіттер әрқашан әзір. Асық атып, ханталапай ойнауға да болады. Этноауылда жүрекке жағымды қазақ әндері әуелеп тұрады. Немесе жан толқытар күйлер төгіледі. Шөл дала жусанының керемет иісіне елітіп, дала желінің уілін естіген туристер қазақ елінің қонақжайлығына тәнті болып, бар ризашылығымен ақтілектерін жаудырып-ақ жатыр. Осылайша, жапондық өкілдер жер кіндігі – Байқоңырдың кереметіне үңілуге аттанды.
Жалпы, этноауылда 7 киіз үй бар. Оның әрқайсысында түрлі қолөнер бұйымдары қойылған. Онда киізден, былғарыдан, саздан, иірілген жіптен, ағаштан жасалған бұйымдар мен кілем мен зергерлік өнімдер қойылған. Бұл үйлерде келушілер үшін тегін шеберлік сабақтары өтеді.
Ауылда 11 қолөнерші жұмыс істеуде. Олардың барлығымен келісім-шарт жасалған, жалақы мәселесі шешілген. Сондай-ақ, мұнда 12 қызметкер еңбек етеді. Барлығы жатын орнымен және үш мезгіл тамақпен қамтылған.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Қармақшы ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |