
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Арал, Қазалы аудандарында жұмыс сапарымен болды. Сапар мақсаты Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру мен талқылауға арналып отыр. Аймақ басшысымен Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев бірге болды.
Аймақ басшысы сапарын Арал аудандық тарихи өлкетану мұражайымен танысудан бастады. Қазіргі таңда мұражайда сегіз мыңға тарта жәдігерлер орналасқан. Мұнда 6 көрме залы бар. Әкім мұражай залдарымен зейін қоя танысып шықты. Еңбек Ері А.Ералиев мұражайдың құрметті кітабына қолтаңбасын қалдырды. Келесі кезекте Қырымбек Елеуұлы бастаған ел ағалары «Тағзым» алаңындағы «Еңбек ерлері» аллеясына гүл шоғын қойды. Бұл алаңның ашылу салтанатына Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқанын аралдықтар ерекше мақтаныш тұтады.
Мәдениет үйінде жұртшылықпен жүздескен Қ.Көшербаев бүгінгі жиынның Елбасымыздың Жолдауын кеңінен түсіндіру мақсатында өткізіліп отырғанын, өзімен бірге Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтың келгенін айтты. Аймақ басшысы еліміздің алдағы экономикалық өрлеуін айқындаған тарихи құжат Елбасы Жолдауының маңызына, оны жүзеге асыру мақсатында облысымызда жоспарланып отырған іргелі істерге тоқталды.

«Мәңгілік Ел» идеясы баршамызды бір мақсат, ортақ мүддеге жұмылдырады. «Қазақстан 2050» стратегиясы ұлттың ұлы бағдары. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту ортақ парыз, абыройлы міндет» деп Президентіміз айтқандай, ортақ мақсатқа атсалысу баршамыздың парызымыз. Тарихи құжатта болашағымыз айқын көрсетілген. Мен Елбасының қарамағында көптен бері жұмыс жасап келемін. Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясатын, байыпты ұстанымын бүкіл әлем мойындайды. Арал өңірі Президентіміздің айрықша қамқорлығын сезініп отырған аймақ екені белгілі. «САРАТС» жобасының алғашқы кезеңінің өзінде толағай тірліктер атқарылды. Енді жобаның екінші кезеңін тездетіп бастауға атсалысуымыз қажет. Қазір Премьер-министрдің орынбасары бастаған комиссия жобаны қаржыландыру мәселесімен айналысуда. Аймақтардың даму қарқыны бойынша Қызылорда екінші орынға көтерілді. «Еңбек ер атандырады» деген халқымыздың даналығын Абзал Ералиевтың жоғары наградаға ие болуы растайды. «Батыс Қытай Батыс Еуропа» көлік дәлізі облыс аумағында жазда толық іске қосылады. Жол бойында түрлі нысандар салынады. «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы Сексеуілді тоғыз жолдың торабына айналдырады. Байқоңыр мәселесі де назардан қалыс қалмайды. Облыста 267 елді мекен бар. Солардың арасындағы өсу мүмкіндігі мол 43 ауыл «Тіректі елді мекен» деп танылды, деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Жиын барысында байырғы журналист Шәкірат Дәрмағамбетұлы Арал ардагерлері атынан Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевке шапан жауып, құрмет көрсетті. Жиналғандарға бата берді. Активте «Балық консорциумының» төрағасы Әділбек Әйімбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықбаев, зейнеткер Шәкірат Дәрмағамбетұлы Елбасының стратегиялық даму бағдарламасына бір ауыздан қолдау білдірді.
Түсте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, басқа да ел ағалары Қазалы ауданына келді. Меймандардың алғашқы аялдағаны «Жанқожа батыр» кесенесі болды. Есімі аңызға айналған батыр әрі әулие бабаның кесенесі көпшіліктің қастер тұтар киелі орны саналады. Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат қажы Омаров батыр рухына арнап құран бағыштады. Қырымбек Елеуұлы биылғы жылдың Қазалы ауданында Жанқожа батырға арналғанын, соған орай ауқымды шараларды атқару межеленгенін жеткізді. Іргетасы мұнан әлденеше жыл бұрын қаланған Жанқожа батыр атындағы мешіт құрылысы белгілі себептермен уақытша тоқтап қалған еді. Құрылыстың негізгі демеушісі жерлесіміз, қоғам қайраткері Дархан Бердалиев болғанын атап кету ләзім. 2013 жылы аудан тұрғындарының демеушілігімен жалпыхалықтық құрылысқа айналған жұмыс қарқынмен алға басты. Бүгінде мешіт толық аяқталып, пайдалануға берілді. Нысанды батыр ұрпағы Сәбит Аралбаев басқаратын «Досбол құрылыс» ЖШС сапалы салып, бітірді.
Қос қабатты еңселі нысан алыстан көрінеді. Әшекейлі есіктері, ақ мәрмәрдан жасалған баспалдақтары ұлттық өрнекпен нақышталған қабырғалары өзгеше әсер қалдырады. Мешіт іші өте жылы. Алтын айшықты күмбездің астындағы «Аллаһ» жазуы, Құран аяттары төңірекке имандылық нұрын сепкендей. Еденге жайнамаз үлгісіндегі аспан түстес кілемдер жайылыпты. Екінші қабатта әйелдерге арналған намазхана бар. Сондай-ақ құран оқыту бөлмесі, ауыз аштыру, садақа беру сынды рәсімдер өтетін 150 орындық асхана, жас жұбайлардың мұсылманша некесін қию залы арнайы жабдықталған дәріс алу бөлмесімен қамтылған. Сүйсінерлігі, Астанадағы «Хазірет Сұлтан» мешітімен онлайн жүйесінде сабақ алуға болады. «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы болып ҚМДБ бұйрығымен Қайрат қажы Дәуіржанұлы тағайындалды. Күннің суықтығын елеместен мешіттің ашылу рәсіміне қалың халық жиналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келді.
Өзінің құттықтау сөзін «Мешіттер мәдени және рухани ағарту орталығы болуы керек. Біз ата-бабадан жеткен салт-дәстүрімізбен өнегелі өз жолымыз бар ел екенімізді есімізден шығармауға тиіспіз» деген Елбасымыздың сөзінен бастаған Қырымбек Елеуұлы сайын даланың саңлақ сардары Жанқожа бабамыздың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Жыл аясында көптеген мәдени, рухани шаралар жүзеге асатынын, бабалар есімін ардақтау ұрпақ парызы екендігіне тоқталды. Салтанатта Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, қоғам қайраткері Ыдырыс Қалиев, генерал-лейтенант Әлімжан Ерниязов, Дархан Бердалиевтің анасы Лиза Кәрімқызы және басқалары ақ тілектерін білдірді. Соғыс және еңбек ардагері Ахмет Өмірзақов жиналғандарға бата берді. Облыс әкімі бастаған ел ағалары мешіттің лентасын қиды.
Мәдениет орталығында өткен жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бүгінгі кездесуге арқау болып отырған Елбасымыздың Жолдауын кең тұрғыда талқылауға шақырды.
Жолдауда қозғалған маңызды мәлімдемелер Сыр өңіріне де үлкен серпін әкелетініне тоқталған облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында өткен жылы қол жеткен жетістіктерді атап айтты. Облыста тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет күріштен рекордтық өнім жиналды. Осы мақсатта ауыл шаруашылығын, әсіресе күріш өндірісін дамытуға, диқандарға қолдау көрсетуге айрықша мән берілуде. Облыс өткен жылы инвестиция тарту, құрылыс салық түсімі бойынша республикада көш бастап келеді. Аймақта балық шаруашылығын дамытуға байланысты нақты шаралар қолға алынды. Әлеуметтік салада айтарлықтай ілгерілеушіліктерге қол жеткізілді. Мәдени-рухани байлығымызды, әсіресе көне мұраларымызды ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізу бағытында нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді тарқатып айтқан аймақ басшысы сырбойылықтардың нақты іспен жауап беретініне сенім білдірді.

«Ауылына қарап азаматын таны» деген. Орталарыңызда Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев тұр. Осынау жігерлі азамат туған ауылының гүлденуіне қатты көңіл бөледі. Мұны Абзал ақшасы асқандықтан емес, перзенттік парызым деп жасайды. Қазалылық Имандосов Самұрат та Мұратбаев ауылына лайықты еңбек жасап жатыр. Міне, Жанқожа бабаның мешітін ел игілігіне бердіңіздер. Бабамыздың дүниеге келуіне 240 жыл толуын кең көлемде атап өтпекшіміз. Ынтымақ-бірлігіміз жасай берсін. Қазалылықтардың Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға белсене атсалысатындығына кәміл сенемін» деп сөзін түйіндеді аймақ басшысы.
Жиында аудандық мәслихат депутаты, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мнажадин Өтеев, «Жас Отан Жастар қанатының» атқарушы хатшысы Қуаныш Әлібек өз пікірлерімен бөлісті. Социалистік Еңбек Ері Кәрібоз Әлимаев Абзал Жұмашұлына қазалылықтар атынан шапан жауып, құрмет көрсетті. Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев Жолдауға қатысты ойын ортаға салып, өзіне көрсетілген құрмет үшін баршаға ризашылығын жеткізді.
Мұнан әрі облыс әкімінің жұмыс сапары Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданында жалғасады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал, Қазалы аудандары.