Сенат депутаттары парламенттік сессияны аяқтап, аймақтарға аттанып, онда халықпен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер өткізуде.
Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Бақытбек Смағұл, Зауреш Аманжолова және Бақытгүл Хаменова Сыр еліне жұмыс сапарымен келді. Депутаттар Қызылорда қаласындағы «Жан-Арай» агроиндустриялық кешені, «Атамекен» балалар ауылының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы объектілерге барып, жұмысты дамыту бойынша мәселелерді талқылады. Кездесу барысында мәжілісмендер сайлаушыларға Парламенттің екінші сессиясы бойынша атқарылған жұмыстар жайында баяндап, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысынан хабардар етті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да басты тақырыптар қатарынан табылды. Халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік сатып алу заңдарына өзерістер енгізу мәселелері де назардан тыс қалмады. Депутаттар сапарлары барысында тек облыс, қала орталықтарының ғана емес, сонымен бірге, алыс ауылдардың, шет жақтағы елді мекендердің, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының, Байқоңыр қаласының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Айта кетейік, жуырда Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Қызылорда қаласына барып, сол жағалаудағы құрылыс жұмыстарымен танысқан болатын. Депутат сондай-ақ Сырдария ауданында болып, жұртшылық пен этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен де жүздесті.
egemen.kz