Арман қала - аңсарым

 
Ғалымжан Кеңшілік – белсенді жастардың ең жарқын өкілі. Бүгінде Елорда төрінде еңбек етіп жүрген жас журналист бұған дейін жергілікті арналардың бірінде «Қызық Орда» жастар бағдарламасын, кейін «Жетінші арнадағы» «Күнбастар» хабарын тізгіндеген болатын. Болашағын тек тележурналистикамен байланыстыратын Ғалымжанмен жуырда сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Ұлттық арнада «Бүгін жексенбі» бағдарламасын жүргіздіңіз. Бірақ кейіннен көрінбей кеттіңіз. Қазір немен айналысып жүрсіз, қандай жобалармен жұмыс істеп жатырсыз?
– Елордада жүргеніме екі-үш ж ылдай уақыт болып қалды. Осы уақыт аралығында мен өзіңіз айтып отырған «Бүгін жексенбі» бағдарламасын тізгіндедім. Бұрын-соңды тікелей эфирді жүргізіп көрмегендіктен, алғашында қобалжығаным рас. Алайда, қорқынышым артта қалып, алға қарай ұмтылдым. Режиссерлердің көңілінен шыққандығымнан болар, одан бөлек «Муз-ТВ» премиясының күнделігін және «Аялаған Астана» секілді жобалардың сюжеттерін жасадым. «24 kz» арнасында ойын-сауық форматындағы бағдарламаға редакторлық еттім, қазір «Қазақстан» ұлттық арнасында «Таңшолпан» бағдар¬ламасын жүргізіп жүрмін. Алдымда рейтинг жинау, халықтың көңілінен шығу секілді міндеттер тұр.
– Көгілдір экраннан көрініп жүрген, өзіңізбен тетелес жас буын өкілдерінің көп¬шілігі халыққа «Жайдарман» ойындары ар-қылы танылды. Сіз де солардың қатарынансыз...
– Халыққа «Жайдарман» арқылы танылған жастардың қатары қалың. Қазір олардың басым бөлігі өз ортасын тапқан. Барған жерінде ерекшеленіп тұрады. Себебі, олар ортаға бейім. Елдің алдында еркін сөйлей алады. Өз ойын ашық жеткізіп, жылдам шешім шығарады. Пысықтау келеді. Министрлікте де, әкімшілікте де жұмыс істеп жүргені бар. Журналистикада да бағын сынап жүргені қаншама?! Жалпы «Жайдарманның» миссиясы – өз ортасын таба алатын, ұлтжанды, ана тілде әзілдей алатын азаматтарды шығару. Және ол өзінің миссиясын толық орындай алды деп айта аламын. Себебі мұнда жастар әзілді өздері жазғандықтан ұшқыр болуды, жеке тұлға ретінде қалыптасуды үйренеді. Тағы бір пайдасы, әр өңірдің жастары бір-бірімен танысады, батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстіктің байланысы нығая түседі. Жастар ел көріп, жер көріп Қазақстанның түкпірлерін аралайды. Бұл да адамның танымдық деңгейін көтеруге, танымал болуға да әсер етеді.
– Негізгі мамандығыңыз бағдарламашы. Алайда мамандық бойынша емес, жүрек қа¬ла¬уы бойынша жұмыс істеп жүрген көрі¬несіз.
– 9-сыныпты тәмамдай салысымен М.Мәмето¬ва атындағы колледжге тапсырдым. Сол жақтан бағдарламашы мамандығы бойынша білім алып, әрі қарай оқуымды «Болашақ» университетінде мемлекеттік және жергілікті басқару саласы бойынша жалғастырдым. Бірақ мамандық бойынша жұмыс істеп көрмеппін. Журналистикаға біршама икемім болғандықтан, болашақта да тек осы салада қызмет етуді қалаймын. Арнайы білімім болмағандықтан, көпшілік сан түрлі пікір білдіруі мүмкін, әрине. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей. Бірақ мен журналистикаға қатысты курстарды оқып жүрмін.
– Қоғамның белсенді жасы ретінде сізді жастардың қандай мәселесі толғандырады?
– Өзім әлеуметтік желіде жиі отырамын. Сондағы замандастарымның жаңаша жазба тілі, жарияланымдарындағы қаптап жүрген қателерге қарап құлазимын. Орыс тілінде жазса, қазақ сөз¬дерін, ал қазақ тілінде жазса, керісінше орыс сөз¬де¬рін араластырады. І әріпінің орнына ы жазатын, «ғой» дегенді «го», «всем» дегенді «в семь» (в7), «нестеватсын?», не орысша емес, не қазақша емес «гдесын?», «каксын?» деген сияқты посттар. Қыс¬қасы, қалай айтылады, солай жазады. Осындай қателерді көріп ішім ашиды. Тілге бейжай қараған адам өмірге, қоғамға да солай қарайды деген сөз. Сондықтан, ата-баба қанымен, ананың ақ сүтімен берілген ана тілді қисық-қыңыр жазулардан сақтаған дұрыс. Жүрегінде қазақтың намысы, тамырында қазақтың қаны бар қазақтың әр жасы тілді бұлай қорлауға жол бермеуі тиіс.
 – Ерікті өзіңізге берсе, қандай мазмұндағы тележобаны қолға алар едіңіз?
– Бүгінде бірі телевизия саласында ақпарат¬тық-сараптамалық сарындағы бағдар¬ла¬малар көп десе, енді бірі телевизия ойын-сауық ордасына айналды деуі мүмкін. Бізде жақсы телеөнімдер бар. Бірақ әлі де креативті ойлар мен тың бастама¬лар артықтық етпейді. Егер ерік өзімде болса, мен ұлттық нақыштағы бағдарламалардың жаңғыруына атсалысар едім.
– Телевизия – үлкен әлем. Оның үстіне тікелей эфирде жұмыс істейсіз. Қызықты оқи¬ғалар көп болған шығар...
– Айтарлықтай қызықты оқиғалар орын алды дей алмаймын. Бірақ бұрындары тікелей эфирдегі әріптесім Даниярдың кешігіп келгені әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Жиналатын уақыт жақындағанда телефонын ала алмай, «Бағ¬дар¬ламаны жалғыз өзім қалай алып шыға-мын?» деп әбден әбігерге түскенім бар. Бірақ эфирге 10 минут қалғанда ол кіріп келіп, қорқы¬нышым сейілді. Эфир де сәтті шықты.
– Тележүргізуші қандай болуы керек деп есептейсіз?
– Телевидение саласында өзін енді қалыптас¬тырып келе жатқан жүргізуші ретінде жауап беріп көрейін. Тележүргізуші қандай жағдай болмасын, одан шыға алуы міндетті. Сонымен қатар сұхбат¬тасудың түрлі тәсілдерін меңгеріп, бай¬ла¬нысқа шыққан көрерменмен жұмыс істей білу керек. Өз басым белгілі телевизия сыншысы С.Оразалының: «Телевизиямен тағдырын бай¬ла¬ныстырған адамға жәй талантты болу аздық етедi. Ол да осы өнердiң өзi сияқты жан-жақты: бiлiмдiлiк, iскерлiк, алғырлық, тапқырлық, еңбек¬шiл¬дiк, көпшiлiкпен жұмыс iстей бiлетiн, тiптi, керек жерiнде билiк таныта алатын қасиеттерi болса ғана мақсатына жетеді» деген пікірін бас¬шылыққа аламын.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Алдағы уақытта туған өлкеге келіп, қызмет ету ойда бар ма?
– Еліміздің бас қаласы Астанада еңбек етуді бұрыннан армандайтынмын. Сондықтан, бола¬ша¬ғымды тек Астанамен байланыстырамын. Оған қоса Астана – мүмкіндіктер қаласы. Мұнда қазір жарқын жобалар жүзеге асуда. Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесінің өтуінің өзі е¬ліміздің биік асуларды бағындырғанын дәлелдеуде. Ме¬нің де жоспарым көп. Ең бастысы, осында қа¬лып¬тасып, телеарна саласында еңбек етіп, өз есімімді қал¬дырғым келеді.

Сұхбаттасқан:
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 шілде 2017 г. 844 0