« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өткен сенбіде Қамбаш көлінің жағасында Арал өңірі балықшыларының ІІІ халықаралық слеті өтті. Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын үзіліп қалған бұл үрдіс қайта жалғанып, бүгінде дәстүрлі шараға айналып үлгерді. Теңіз төскейіндегі балықшылар тойына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Марлен Айнабеков қатысты. Сондай-ақ, Дания, Ресей елдерінен және еліміздің түкпір-түкпірінен келген өкілдер мен ардагерлер шараны тамашалады.
Теңіз төскейіндегі думан театрландырылған көрініспен ашылды. Айдындағы қайықтардың әсем тербелісімен өнер көрсеткен өнерпаздар Аралдың өткені мен бүгінгі тынысын көрсетті. Сондай-ақ, балықшылар мерекесінде су маржанын сүзуден жарыс өткізілді. Әуесқой балықшылар арасында ұйымдастырылған қармақ салу жарысы көпшіліктің көңілінен табылды. Оның ішінде ең салмақты, ең көп, ең үлкен балық аулаған және ең дәмді сорпа әзірлеген қатысушылар түрлі номинацияға ілікті. Жарыс жеңімпаздары сияпатсыз қалған жоқ. Арнайы диплом мен сыйлық табысталды.
Айдынды Аралдың бүгінгі келбеті өзгеше. Өткен ғасырдың 70 жылдары тартыла бастаған теңіз сумен тағдырлас жұртты жүдеткені белгілі. Халық атакәсіптен ажырап, атамекеннен үдере көшуге мәжбүр болды. Тіпті, бір кездері шағаласы шулаған құтты мекеннің табаны құрғап, теңіздің жер бетінен жойылып кету қаупі туындады. Бұл осылайша бір ғана елдің емес, әлем мәселесіне айналған еді. Елбасының Аралды құтқаруға байланысты бастамаларының нәтижесінде үзілген үміт маздады. Әлемнің сегізінші кереметіне баланған – САРАТС жобасы қолға алынды. Бұл ең болмағанда теңіздің бір бөлігін сақтап қалудың қамы болатын. Жоба жүзеге асты. Су жағасындағы тіршілік қайта жанданып, балықшылар атакәсіппен қауышты. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев бұл еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ірі жетістіктерінің бірі екенін атап өтті.
– Елбасының «Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі әлі де халық жадында. Теңізді құтқаруға қатысты қадамдар одан әрі жалғасады. Осыдан бір ай бұрын әлемдік қауымдастықтың назарын аудару мақсатында Қызылордада бірінші Арал халықаралық тұрақты дамыту форумы өткізілді. Онда қарар қабылданып, 26 наурыз Арал теңізі күні болып жарияланды. Өздеріңіз білетіндей, Арал өңірінде балық шаруашылығы жанданып, өндіріс дамып келеді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі мен Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы біз үшін көрші мемлекеттермен байланыс жасауға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік беруде. Соның айқын дәлелі – ресейлік кәсіпкерлермен бірігіп салған Ресейдің Ульяновск облысындағы «Димитровград балық өлкесі» балық өңдеу зауыты. Өндіріс орнына шикізат негізінен Арал теңізінен жеткізіледі. Балықтың нарықтағы сұранысы да жоғары, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тоннаға дейін су маржаны ауланып, жергілікті зауыттарда өңделеді. Өнімдер Дания, Польша, Ресей, Грузия, Әзербайжан елдеріне экспортталады. Теңіз төскейіндегі осындай игі шараларға куә болған Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Марлен Айнабеков балықшылар ісіне береке тіледі.
Биылғы слет бұрынғыдан өзгеше өрбіді. Дәстүрлі шара осыдан үш жыл бұрын облыстық деңгейде өткізілсе, одан кейін республикалық, ал биыл халықаралық дәрежеде атқарылып жатыр. Атап өтерлігі, слетке даттық балықшылар арнайы қатысты. Олардың арасында «Каттегаттан Арал теңізіне дейін» жобасының авторы Курт Кристенсен де бар. Ол 90-шы жылдардың басында аталған жоба аясында Дания үкіметінен, балық аулау ұйымдарынан және жеке қорлардан Аралды сауықтыру шараларына 950 мың доллар шамасында қайтарымсыз қаражат тартқан. Алыстағы жанашыр елдің бұл жақсылығын Арал балықшылары ұмытпайды.
Шара барысында балықшылар өмірінен хабар беретін көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмені тамашалаушылар Кеңес үкіметі тұсында толқынмен арпалысып тірлік кешкен атақты балықшылар жайлы мәліметтерге қанықты. Сондай-ақ, сөрелер айдынды Аралдың келбетін қылқаламмен қағаз бетіне түсірген суретшілердің туындыларымен толықты. Теңізшілер мерекесінде жергілікті зауыттардың өнімдері мен балықтар да қойылды. Осылайша слетке қатысушылар өңірдегі атакәсіптің кешегі-бүгінімен танысты.
Шара барысында аймақ басшысы балық шаруашылығында табысты еңбек етіп, ата кәсіптің жандануына үлес қосып жүрген үздік мамандарды, ардагерлерді Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен және түрлі аталым жеңімпаздарын марапаттады. Слет аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың және меймандардың қатысуымен шараның салтанатты сәті – Аралдың атақты қаяз балығын сырғалап суға жіберу рәсімі өткізіліп, кеш қорытындыланды.
Осыған дейін әлемде теңізді қолдан құтқару тәжірибесі ешқашан болмаған деседі. Ал ғаламдық мәселеге жаһан жұртының назарын аударған еліміз ширек ғасыр ішінде ғаламат жобаны жүзеге асырды. Нәтижесінде тіршілік қайта жанданды. Бұл игі іс мұнымен тоқтамаса керек. Аймақ басшысы теңіз төскейінде өткен жиында жақсы жаңалықтың шетін шығарды. САРАТС жобасының екінші кезеңі басталатын күн алыс емес. Тіпті, жыл соңына дейін қолға алу жоспарланып отыр. Ендеше балықшылар думаны енді басталды десек болатын шығар.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ,
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |