ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ жұртшылықпен жүздеседі


Өткен сенбіде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл, Зәуреш Аманжолова мен Бақытгүл Хаменова аймаққа жұмыс сапарымен келді. Мәжілісмендер Сыр еліне сапары аясында БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.

Айта кетейік, халық қалаулылары өңірде 10 күн болуды жоспарлап отыр. Осы уақыт ішінде депутаттар облыстың елді мекендері мен түрлі нысандарында болып, азаматтарды қабылдайтын болады. Олар тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесу барысында Мемлекет басшысы жолдауын насихаттап, саяси құжаттың маңыздылығына тоқталады. Сондай-ақ, мәжілісте қабылданған заңдар мен олардың тиімділігі жайында баяндайды.

Алдағы күндері халық қалаулылары жергілікті жерлерде мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жайында, тұрғындарды қандай мәселелер толғандыратыны туралы әңгіме өрбітеді. Бүгінгі басқосуда депутаттар кездесудің маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, тұрғындар тарапынан жолданған сауалдар мен түрлі пікірлер болашақта сапалы заңдар қабылдауға өз ықпалын тигізеді.

***

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов Сыр өңірінде болып, аймақта жүзеге асырылып жатқан іргелі істермен танысып, көңілі толатынын жеткізді.

Кешегі сенбі күні Қызылорда қаласына келген Мәжіліс депутаты БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында облыс халқын нендей мәселе толғандыратынын біліп, ел игілігіне жасалып жатқан тірліктерден хабардар болу екенін атап өтті. Сапар барысында Ә.Тәжібаев атын­дағы кітапхана қызмет­керлерімен кездесіп, одан кейін Сырдарияның сол жағалауынан бастау алған жаңа  қала құрылысы барысымен танысты.

Облыс халқының өміріндегі оң өзгерістерге ерекше назар аударған халық қалаулысы жемісті жобалардың болашағына зор сенім артты. Әсіресе, аймақтың құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстарына оң баға берді.

– Соңғы үш жылда Қызылорда қаласының орталығында жаңадан 11 шағын аудан бой көтерген. Облыс аумағында құрылыс көлемі 3,5 есе, қалада 8 есеге дейін артқан. Сондай-ақ, өткен жылдың өзінде 80 көпқабатты үй пайдалануға беріліп, аталған жұмыстардың нәтижесінде, мыңдаған қала тұрғыны баспаналы болыпты, – деді депутат.

Ал жуырда Сырдария өзенінің сол жаға­лауындағы аймақта 18 көпқабатты тұрғын үйлер мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды.

Ел ертеңіне бағытталған еңселі істердің уақытылы әрі сапалы жүзеге асарына сенім мол.

 

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ,

  Ғазиза ӘБІЛДА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 шілде 2017 г. 499 0