Балуанды қошеметпен күтіп алды

 

Бүгін биылғы «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған сырбойылық балуан Еламан Ерғалиевті жерлестері әуежайдан қошеметпен күтіп алды.

Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Әділбек Серікбаев Сыр елінің абыройын асқақтатқан балуанды жеңісімен құттықтады. Қармакшылық айтыскер акын Көптілеу Қосбармақов жеңімпазға арнауын домбырамен төгілтті. Еламан Ерғалиев Президент жүлдесі үшін өткен дүбірлі доданың оңай болмағанын, қатысушылардың қай-қайсысы да осал еместігін айтты.

Бәсекеге облысымыздан 3 палуан өнер көрсетті. Олардың қатарында Еламаннан бөлек, биылғы облыстық «Алтын белбеу» іріктеу жарысында «Сыр барысы» атанған Мақсат Исағабылов пен «Сыр арланы» Нұрым Сәлімгереев те бар.

Бұл турнирге Еламан 8 сәуір күні Астанада әскерилер арасында өткен «Әскер Барысы» жарысында 1-ші орынды иеленіп, «Қазақстан Барысы» турниріне жолдаманы жеңіп алған болатын.

Е.Ерғалиев 1995 жылы 25 мамырда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. 2001 жылы Жосалы кентіндегі № 30 О.Шораяқ атындағы орта мектептің 1-сыныбына қабылданып, 2010-2015 жылдары Алматы қаласындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде, 2015-2017 жылдары Қазақтың  спорт және туризм академиясында білімін жетілдірген. Қазіргі таңда Қызылорда облысының жоғары спорт шеберлігі  мектебінде тәлім алады.

Дзюдодан және қазақ күресінен ҚР спорт шебері. Дзюдодан және қазақ күресінен бірнеше мәрте Қазақстан жеңімпазы және жүлдегері. Спортшының қоржыны басқа да жетістіктерге толы.


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 шілде 2017 г. 1 089 0