САПАЛЫ ТҰҚЫМ – МОЛ ӨНІМ КЕПІЛІ

Байырғы диқандарға белгілі, дақылдың шы­ғым­­­дылығы мен өнім түсімінің молдығы әрине, оның тұқымының сапасына байла­ныс­ты. Бұл орайда сала мамандарының ізденісті жұмыс атқарып келе жат­қандығы жыл қоры­тындысында қол жеткен табыстардан бел­гілі. Соңғы жылдары облыс диқандары дәнді дақыл­дардан бұрынғыға қарағанда анағұрлым мол өнім алуға қол жеткізіп жүр. 

Дегенде, мәселені тереңірек білу үшін маман­ның пікіріне құлақ түрген жөн болар деген ниетпен Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқарма­сының тұқым шаруашылығы және астық инспекциясы бөлімінің бас маманы  Құрбанәлі Майлыбаевпен сұхбаттасқан едік. 

 

– Ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– «Елбасының ҚР Үкіметіне берген тапсырмасы­на сәйкес, 2017-2021 жылдарға арналған еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін жүргізілетін шара­лардың комплексінде тұқым шаруашылығының алатын орны ерекше зор. Оның негізгі міндеті: біріншіден – өндірісте егіліп жүрген күріш сортының жоғары репродукциялы тұқымын тауарлы күріш өндіретін шару­шылықтарға жеткілікті мөлшерде дайындап беру. Қан­дай жақсы сорт болмасын, ұзақ жылдар егілу барысында тұқымның сорттық сапасы нашарлап, азады және өнімі азаяды. Сондықтан тұқым шаруашылығының екінші міндеті – тұқымның таза сорттылығын, оның био­логиялық жоғары шығымдылығын бастапқы қалпында сақтау болып табылады.

Ауылшаруашылық құрылымдарын күріш дақылы­ның сапалы тұқымымен қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы бойынша қазіргі таңда  екі – бірегей тұқым өндіруші, үш – элиталық тұқым өндіруші және сегіз – І, ІІ және ІІІ көбейтілген тұқым өндіретін аттестатталған тұқым өндіруші шаруашылықтары бар.

– Соларды атап айтсаңыз...

– Әрине, олардың алғашқы қатарында «Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын» атар едік. Сондай-ақ, «Түгіскен ТШ»,  «Мағжан и К», «РзаАгро», «Сыр маржаны», «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Абзал и К» толық серіктестігі және «Төңкеріс К» ­шаруа қожалықтары және тұқым өткізуші «АгроХолдинг Байқоңыр» шаруашылықтары бар.

– Тұқым шаруашылықтарын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия туралы дерек келтірсеңіз, жөн болар еді. 

– Бұл мақсатқа 2000 жылдан бастап ­субсидия бөлініп келеді. Республика бойынша тұқым шаруашылықтарына  2013-2015 жылдар аралығында  2,5-2,9 млрд субсидия бөлінсе, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай – 11,6 млрд-қа жетеді деп жоспарлануда.

Облыс бойынша  2014 жылы облыстық бюджеттен 358,9 млн теңге қаражат бөлініп, күріш өндірумен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдары бар­лығы 7295,3 тонна ішінара арзандатылған жоғары репродукциялы тұқым сатып алып егуге  қол жеткізіп, нәтижесінде гектарына 50,1 центнерден жоғары өнім алып, қамбаларын мол астыққа толтырды.

Бұл көрсеткіш 2015 жылы облыс бойынша гектарына 50,5 центнерден айналса, өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен «АгроХолдинг Байқоңыр» арқылы 75,0 млн теңгеге Краснодар өлкесінен 335 тонна элиталық күріш тұқымы әкелініп, «Таң ЛТД» ЖШС және «Төңкеріс К» шаруа  қожалықтарында егілді.       6000 тоннадан астам І репродукциялы күріш тұқымы дайындалып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қамтамасыз етілді. Нәтижесінде гектарына 54,5 центнерден өнім жиналып, облыс қамбасына 439 мың тоннадан астам Сыр салысы құйылды. Соңғы ­жылдары  жоғары өнім алудың арқасында ауылшаруашылық құры­лымдарының материалдық-техникалық базасы ны­ғайып, шаруашылықтар заманауи жаңа техникалар алуға қол жеткізе бастады. Жасыратыны жоқ,  2000-2010 жылдарға дейін жалпы егілген егіс көлемінің 30-40 пайызы қатардағы тұқыммен егілетін. Осы тұқым шаруашылығын дамытуға көрсетілетін мемлекеттік қол­даудың арқасында соңғы 20 жылдың үстінде бол­маған көрсеткішке жетіп отырмыз. Атап айтқанда,  2015 жылы жалпы егістіктің 98,5 пайызы жоғары репродукциялы тұқыммен себілсе, 2016 жылы 99,7 пайыз, 2017 жылы 99,9 пайызы жоғары репродукциялы тұқым себілді.

– Ал биылғы жағдай қалай?

– Биылғы жылы тұқым шаруашылығын ­қол­дау­­ға барлығы 439,25 млн теңге қаржы бөлініп, ауыл шаруа­шылығы құрылымдарынан 5985 ­тонна I ­репродукциялы тұқымға өтінім түсіп, ауыл ­шаруашылығы тауар өндіру­шілерге қолдау көрсетілді.

Иә, жоғары сапалы тұқым мол өнімнің кепілі екен­дігін облыс диқандары соңғы жылдары өз еңбектерімен дәлелдеп жүр. Осы жетістіктердің бәрі мемлекеттік қол­даудың нәтижесі. Өйткені, ауыл шаруашылығын қолдау, оның ішінде тұқым шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық құрылымдарын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету құзырлы орындар назарында.

Сұхбаттасқан

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 шілде 2017 г. 704 0