
Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында биылғы егін жинау жұмысының қорытындысы бойынша өндіріс озаттарын марапаттау салтанаты болып өтті. Салтанатта облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың ауыл шаруашылығы саласының мамандарын қол жеткізген табыстарымен шын жүректен құттықтады.
– Биыл облыс диқандары 157,5 мың гектар алқапқа егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын толығымен жинап алды және оның көрсеткіші де жоғары болды,–деді облыс басшысы.– Сыр өңірінің негізгі дақылы саналатын күріштің әр гектарынан 48,8 центнерден өнім жиналды. Сонымен қатар, аймақта егілген мақсары, күнбағыс, жүгері, тары, картоп, көкөніс-бақша секілді дақылдардан ойдағыдай өнім жиналуы қамтамасыз етілді, мал азығындық дақылдардан алынған өнімдер де көңіл қуантады.
Аймақ басшысы Сыр бойында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жүргізіліп жатқан шараларға жан-жақты тоқталды. Осы салаға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі де жыл сайын көтеріліп келеді. Аймақта басты дақыл саналатын күріш көлемін, одан алынатын өнім сапасын арттырумен қатар, мал азығындық дақылдарды көптеп өндіруге мүмкіндіктер жасалып жатқанын, төрт түлік мал басын көбейтумен бірге өңірде балық шаруашылығын жетілдіру қолға алынғанын жеткізді. Сонымен қатар әр ауданда жан-жақты жетілген тірек ауылдарын қалыптастыру қажеттігіне тоқталды.
Ауыл шаруашылығы жылының қорытындысы бойынша Сырдария ауданы 1-орын алса, егін шаруашылығы бойынша Жалағаш, мал шаруашылығы саласынан Жаңақорған, ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуден Қазалы ауданы озаттар көшін бастады.
Мерекелік салтанатта аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласының 29 номинациясы бойынша анықталған еңбек озаттарын Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Олардың арасында бақташы мен бағбан да, шопан мен күрішші де, жатка машинисі мен комбайншы да, бригадир мен балықшы да, мекеме басшысы мен аудан әкімі де, БАҚ өкілдері де бар. Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев бірқатар еңбек озаттарын «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен және министрліктің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Биылғы «Алтын күз-2013» салтанатының сәнін келтірген сәт облыс басшысының Социалистік Еңбек Ері атанған бір топ қарияларға автокөлік кілтін тапсыруы еді.
Салтанат соңы мерекелік концертке ұласты.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
***
АУЫЛ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУҒА МҮМКІНДІК МОЛ
Облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша өндіріс озаттарын марапаттау салтанатында сөйлеген сөзі
Қадірлі жерлестер!
Құрметті еңбек озаттары!
Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғырту қажеттігін атап көрсетті.
Осы орайда, «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданып, ағымдағы жылдан бастап іске асырылуда.
Биылғы жылы Үкімет тарапынан аймақтың ауыл шаруашылығын қолдауға 5,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 47 пайызға артық. Басқа басымдықтарды айтпағанның өзінде біз биылғы жылы күріш дақылының бір гектарына төленетін субсидия көлемін 18 мың теңгеден 25 мың теңгеге көтердік. Бұл өз кезегінде күріш өндірісі шаруашылықтарының экономикалық жағдайына оң ықпалын тигізді.
Қасиетті Сыр өңірінен шыққан 96 Еңбек Ерінің 63-і күріш егу саласына тиесілі екен. Бұның өзі, Сыр ақмаржанының еліміздің қажеттілігінің 90 пайызын қамтамасыз етіп отырғанының бір дәлелі.
Дала төсін дүбірлеткен Еңбек Ерлері салған сүрлеумен Сыр маржанының даңқы қайта жаңғыруда. Солардың ізімен биылғы жылы ауыл еңбеккерлері егілген 74 мың гектар күріштің әр гектарынан 48,6 центнерден өнім алып, қамбаға 365 мың тонна күріш салысын құйды немесе 22,8 млн. пұт Сыр маржаны қамбаға құйылды. Егемендік алғаннан бергі ең ірі жеңістеріңіз, құрметті күрішшілер, құтты болсын!
Сонымен қатар, басқа да дақылдардан жоғарғы өнім алуға қол жеткіздік.
Елбасының тікелей тапсырмасымен салынған Көксарай су реттегішінің арқасында Сыр өңірінің егіншілігін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін тапты.
Біз бірінші кезекте «Күріш шаруашылығын дамыту» консорциумын ұйымдастыруды қолға алдық. Консорциумның негізгі бағыты – күріш кластерін қалыптастыру. Осы орайда, Жалағаш қыстағындағы астық қабылдау элеваторы «Байқоңыр» ӘКК АҚ-ның меншігіне алынып, сол жергілікті жерде «АгроХолдинг» Байқоңыр» ЖШС құрылды. Ондағы мақсат – күріш өндірісімен айналысатын шаруашылықтардың өндірген өнімін тиімді бағамен сатып алуды ұйымдастыру.
Осы уақытқа дейін күріш өндірісін қаржыландырып келген жеке инвесторлармен күріш сатып алу жөніндегі келісімшартты қайта қарап, күріш сатып алу бағасын жоғарылату жөнінде ұсыныс бердік. Инвесторлар бұл мәселеге түсіністікпен қарады. Бұл шаралар шаруашылық құрылымдарының қаржылық жағдайына және ауылдық елді мекен тұрғындарының әлеуметтік өміріне оң ықпалын тигізеді деп санаймыз.
Күріш өндірісімен айналысатын шаруашылықтарды қолдау мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Біз ауыл шаруашылығы құрылымдарын көктемгі егіс егуге қажетті несие қаражатымен қамтамасыз етуге тиісті назар аударып отырмыз. Осы ретте «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы бірсыпыра жұмыстар қолға алынды.
Егін шаруашылығымен бірге облысымызда мал шаруашылығы да даму үстінде. «Мал баққанға бітеді», «Малдының күні жарық» деген аталардан қалған ұлағатты сөзге ден қойған азаматтарымыз бұл саланың өсіп-өркендеуіне айтулы үлес қосуда. Сонымен бірге, облысымызда балық шаруашылығын дамыту бағытында балық кластері ұйымдастырылды, нақты іс-шаралар қабылдануда.
Алдағы жылдары, егін шаруашылығы саласында күріш егісін осы көлемде сақтай отырып, мал азығындық дақылдардың егіс көлемін ұлғайту межеленіп отыр. Осының ішінен жоңышқаның егіс көлемін 55 мың гектарға дейін, мақсары, соя, сүрлемдік жүгері дақылдарының егісін ұлғайту нәтижесінде мал шаруашылығын дамытуды қолға аламыз. Сонымен қатар, гектар түсімділігін арттыру мақсатында, ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын жаңалау, өндіріске жаңа агротехникалық шараларды және суармалы суды үнемді пайдалану жүзеге асырылатын болады.
Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің (бидай ұнынан басқа) толық мүмкіндігі бар. Ол үшін картоп, көкөніс дақылдарын өндіруде интенсивтік технологиялар, (осы дақылдарды өсіруді механизациялау қазіргідей қолдап егіп, жинамай), жаңа сорттар егу, тыңайтқыш, гербицидті кеңінен пайдалану қажет деп санаймын. Суармалы суды үнемдеу бағытында, осы дақылдарды тамшылатып суару әдісін кеңінен қолдану керек.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ауылдық елді мекеннің әлуетін арттыруға әрдайым мән беруде. Осыған байланысты, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуда қолда бар мүмкіндіктер толығымен жүзеге асырылатын болады.
Көп жылдардан бері біздің елді мекендерде кешенді талдау жүргізілмей, олардың әлеуметтік-экономикалық даму жоспары жасалмаған.
Үстіміздегі жылы тамыз айында өткен облыстық мәслихат сессиясында Кеңес Одағы кезінде де облыс, одан қалды тұтас аудандардың экономикадағы тірегі болған ірі шаруашылықтары болғандығын айтқанмын. Сырдария ауданында «Аманкелді», Шиелі ауданында «Авангард» кеңшарлары, Ақжармадағы машина сынау стансасы (МИС), Қармақшы ауданындағы «ІІІ Интернационал» көпұлтты ұжымшары және тағы басқалары.
Бүгінгі күні некен-саяқ болса да, ел ішінде үлгі етуге тұрарлық шаруашылықтар мен елді мекендер бар. Бірақ, олардың қатары санаулы.
Сондықтан, таяуда облыстың әрбір ауданы және Қызылорда қаласында бір-бірден тірек ауылдарды анықтап, оларды кешенді дамытуды жүзеге асыру жұмыстарын жүргізудеміз. Ондағы мақсат, қысқа мерзім ішінде ауылда көптен қордаланған мәселелерді шешіп, әлеуметтік және экономикалық жоғарғы нәтижеге қол жеткізу болып отыр.