« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бүгін дәстүрлі Арал өңірі балықшыларының ІІІ слеті өз жұмысын бастады. Табиғаты көркем Қамбаш жағасында ұйымдастырылған тағылымды шараға елімізбен қатар алыс-жақын шет мемлекеттерден арнайы меймандар келді.
Ауданда шаруасын дөңгелентіп отырған іргелі ұжымдар баршылық. «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС – халықаралық стандартқа сай салынған кәсіпорынның бірі. Тұтынушы талғамынан табылуды мұрат тұтқан компанияның жылына 6000 тоннаға дейін балық өңдеуге мүмкіндігі бар. Зауыттың қуатты технологиялық жабдықтары балық филесін дайындауға арналған. Қазіргі таңда мұнда 30 адам еңбек етеді. Өндіріске қажетті балық кіші Арал теңізінен жеткізілуде.
Осындай тіршілігі алға басқан мекеменің бірі – «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауыты. Білікті кәсіби маман, балықшылар әулетінің перзенті Нұрбек Әйімбетов басшылық жасайтын зауытта сапасы жоғары өнім дйындалады. Бүгінгі таңда өңделетін балық көлемін арттыру үшін қосымша цехтардың құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорынға Кіші Арал теңізінің №№10,12,14,15,17 учаскелері бекітіліп берілген. Тура 7 жыл бұрын зауыт өнімдеріне Еврокод белгісі алынған еді. Осылайша «Арал» СДО уақыт талабымен үндесіп, құлашын кеңге жайды.
Енді сөз тізгінін елді мекендердегі балық шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелеріне қарай бұрсақ. «Мергенсай» ауылдық округінде «Аста» ЖШС, «Бақыт» шаруа қожалығы Кіші теңізден балық аулау жұмыстарын жүргізеді. Бұл қадам теңіз перзенттеріне бөтен болып тұрған жоқ. Ауыл тұрғындарының көпшілігі осы шаруашылықтарда маусымдық балық аулаумен айналысады», – дейді олар.
Тастүбек елді мекенінде «Бақыт» шаруа қожалығы балық қабылдайтын мұздатқыш орталығын салған болатын. Нәтижесінде ауылдың біршама адамы еңбекпен қамтылды. Мұздатқыштың сыйымдылығы 50 тоннаға есептелген. Осынау балық қабылдау мұздатқышына ағымдағы жылдың маусымында қомақты көлемде балық қабылданды. Олардың арасында көксерке, торта, қылыш, жайын, ақмарқа, табан атты балық түрлері бар. «Бақыт» шаруа қожалығының балық қабылдау мұздатқышында жеті адам тұрақты жұмыс жасаса, маусым кезінде бұл көрсеткіш еселене түседі.
Қияндағы Қаратерең ауылының да басты кәсібі – балық аулау. Осындағы «Қуаныш» ЖШС 46 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда 600 тонна балықты сыртқа шығаруға мүмкіншілігі жетеді. Күз, көктем айларында, қыста балық тұрақты түрде ауланады. Мамырдан бастап балықтардың уылдырық шашу мезгіліне орай заңдылыққа сәйкес уақытша тыйым салынады. Нақты кезеңде Кіші теңізде балықтың 22 түрі бар. Әсіресе, көксерке балығы жиі кездеседі. Экспорт сұранысына сай тыран, сазан, торта, жайын балықтары аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі сатылымға шығарылып отырады. Балық кәсіпшілігінің қарқындауымен Қаратерең ауылының әлеуметтік-экономикалық ахуалы жоғары деңгейге көтерілді. Округке қарасты «Тастақ» бөлімшесінде өткен ғасырдың орта шенінен бастап жұмыс жасайтын балық өсіру питомнигі орналасқан. Еліміз тәуелсіздігін алғанға дейін аталған питомник мемлекеттік сұраныспен Балқаш, Мыңарал, Лепсі, Қапшағай көлдеріне балық жіберетін еді. Кіші Теңіздің қайта оралуына байланысты «Тастақ» питомнигіне жыл сайын 22 млн-ға жуық майда шабақтар өсіру жоспарға сәйкес жүктелген. Қазіргі таңда питомникте 48 адам жұмыс жасайды.
– САРАТС-2 жобасының аясында «Тастақ» питомнигіне 100 га жер жалға беріліп, жаңа үлгідегі балық өсіру питомнигі салынады деп күтілуде. Бұл жоба жүзеге асқанда Қаратерең ауылының көптеген тұрғыны жұмыспен қамтылады. Ауылдың әлуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайы жақсарып, халықтың тұрақтануы, жастардың жергілікті жерде жұмыс жасауы артады. Ауыл көлемінде балық шаруашылығын дамыту мақсатында балық қабылдау, орналастыру цехын салуға «АР-Н-КОМ» ЖШС-на жер беріліп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл балық қабылдау, өңдеу орталығының 600 тонна балық өндіретін қуаты бар. Бүгінгі күні жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Жобаны жуық арада іске қосып, пайдалануға беру көзделген. Отбасылық кәсіпті дамыту мақсатында бірқатар істер атқарылуда. Біршама ауыл тұрғындары кіші кеме қайығын жүргізу үшін аудандық «Жұмыспен қамту орталығында» облыстық деңгейдегі мамандардан дәріс алуда, – дейді Қаратерең ауылдық округінің әкімі Құдабай Жиенбаев.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |